Система Orphus

Алматыда COVID-19 вирусын анықтайтын кореялық мобильді скринингтік-орталық жұмысын бастады

11.05.2020, 18:55 3943

Алматы. 11 мамыр. Kazakhstan Today - Алматыда COVID-19 вирусын анықтайтын кореялық мобильді скринингтік-орталық жұмысын бастады.

Алматыда тұрғындарды коронавирустық ифекцияға тестілейтін мобильді скринингтік-орталығының ашылу салтанаты өтті. Оңтүстік кореялық МPK Clinic медициналық ұйымының Covid-19-ға қарсы орталығының ашылуы Жеңіс күнінің 75 жылдығына арналды.

Орталықтың ашылу салтанатына қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев, Medical Partners Korea құрылтайшылары - м.ғ.д., профессор Ғалымжан Тоғызбаев, Kazakhstan МРК бас директоры, профессор Мин Хисук, стратегиялық директор Ким Квангбум, Seegene Clinical Laboratories директоры Ким Де Енг, Korean Health Industry Development Institute директоры Ким Ли Хе, сондай-ақ орталықтың алғашқы келушілері қатысты.

Өндірушілер тестілеу жүйесінің аз уақыттың ішінде барынша көп адамды скринингтен өткізуге мүмкіндік беретінін, ең бастысы - көліктен шығуды қажет етпейтін қауіпсіз жүйе екенін атап өтті.

"Алғашқы мобильді скринингтік орталық Оңтүстік Кореяда іске қосылды. Бүгінде бұл тәжірибе АҚШ-та кеңінен қолданылуда. Алматы қаласы да аталған тестілеу жүйесін алғашқылардың бірі болып енгізіп отыр. ДДҰ-мен ұсынылған мобильді скринингтік әдіс ең қауіпсіз саналады", - деп мәлімдеді MPK құрылтайшыларының бірі, профессор Мин Хисук.

Мобильді орталықта күніне 100-ден астам тест жүргізуге мүмкіндік бар. Ұялы телефон қосымшасы арқылы алдын-ала тіркелген жағдайда бір адамды тестілеуге шамамен 3-5 минут қажет. Бұл дәстүрлі скринигке шығындалатын уақыттан үш есе кем көрсеткіш. Жұмыс легінің ұйымдастырылуына байланысты жұмысқа шамамен төрт адамнан сегіз адамға дейін жұмылдырылады. Қызмет ақылы түрде өтеді.

MPK құрылтайшыларының бірі, м.ғ.д., профессор Ғалымжан Тоғызбаевтың айтуынша, биологиялық материалды жинайтын зертхана Seegene технологиясы бойынша жұмыс істейді. Демек бұл зертхана инфекцияларды диагностикалау бойынша әлемдегі көшбасшы мекеме. Айта кететіні, Оңтүстік Корея аумағынан тыс жерде орналасқан бұл жалғыз зертхана Алматы қаласында жұмыс істейді.

Мобильді орталықтың жұмыс істеу кезеңдері төмендегі сызбаға сәйкес жүргізіледі: кіру - тіркелу - тексеру - үлгіні алу - нұсқаулық - шығу. Тестіленуші кіргеннен кейін жеке ақпарат, эпидемиялогиялық факторлар мен қосалқы симптомдардан тұратын сауалнаманы толтырады. Кабинада дене қызуы контактісіз термометр көмегімен өлшенеді. Осы кезеңде COVID-19 вирусына күдікті болған жағдайда тестіленуші мамандандырылған ауруханаға ауыстырылады.

"Тестілеуден өтуге ниет білдірушілер мобильді қосымша және www.mpk.kz ресми сайты арқылы тіркеле алады", - деді MPK құрылтайшыларының бірі, стратегиялық директор Ким Квангбум.

"Қазір коронавирусты анықтау үшін мобильді тестілеу пункттері дамуда. Олар жағдайды тұрақтандыру бойынша жұмыстарға үлкен септігін тигізіп, инфекцияның таралуына тосқауыл бола алады. Бұл пункттің ашылуы тұрғындар арасында бұған дейін белгісіз болған ауру ошақтарын табуға және вирусқа қарсы шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермек. Оңтүстік Кореяда осы іспеттес орталықтардың көбеюі арқасында ондағы жағдай тұрақталып, аурудың одан әрі таралу қарқыны бәсеңдеді. Жоспар бойынша Алматыда тағы осыған ұқсас бірнеше орталықтар ашылмақ. Бүгінге дейін қалада 80 мың адам тексеріліп үлгерді. Алматы тестілеу бойынша ел ішінде көшбасшы саналады", - деп атап өтті қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

"Аталған мобильді пунктте үш ауысымда 18 адам жұмыс істейді. Біз 25 мың реагент әкелдік. Оның 15 мыңы қолданылды. Жақын арада тағы 50 мың реагент әкелуді жоспарлап отырмыз. Қосымша мамандардың да келуі күтілуде", - деп толықтырды сөзін Seegene Clinical Laboratories директоры Ким Де Енг.

Мобильді тест алудың бұл түрі COVID-19 вирусына скрининг жасауда қауіпсіз және тиімді болып саналады.

"Корея ойлап тапқан коронавируспен күресудің әлемдік моделінің құпиясы диагностикалық тесттердің көп мөлшерде жасалуында және оның нәтижесінің тез шығарылып, жұқтырғандар мен жұқтырылуы мүмкін жағдайларды тез оқшаулау, сонымен бірге, алдағы жұқтыру жағдайларын есепке алу үшін вирустың орын ауыстыру бағыттарын қадағалау технологиясын қолдану болып табылады. Коронавируспен күрестегі Кореяның жетістіктерінің бірі - жүріп бара жатқан кезде, көлікте жүргізілетін тексерулер. Біз кореялық ноу-хауды Қазақстанда таныстырып жатқанымызға қуаныштымыз және диагностикалық тексерістің жылдам әрі қауіпсіз шараларының арқасында коронавируспен байланысты бұл жағдайда тез арада тұрақтандыру мүмкін болады деп сенеміз", - деді KHIDI-дің ТМД елдері бойынша директоры Ким Ли Хе.

Мобильді скрининг-орталық сағат 09.00-ден 16.00-ге дейін демалыссыз жұмыс істейді. Аталған орталық эпидемия аяқталғанға дейін қызмет көрсетеді.

"Автокөлік жүргізушілерге бұл өте ыңғайлы. Бірінші кезекте, көліктен шығудың қажеті жоқ және тығыз байланыс жасамайсың. Тезірек тіркеуден өтіп, келгеннен кейін сенен талдама алады және бірден кетіп қалуға болады. Көп уақыт кетпейді. Мұндай тестілеудің тағы бір оңтайлы тұсы, оның жабық ғимаратта емес, ашық аспан астында, далада өтетіндігінде және бұл қауіпсіз болып саналады", - деп өз пікірімен Әділбек есімді автокөлік жүргізушісі бөлісті.

Сонымен бірге, жақын арада Алматыда жаяу жүргіншілер үшін де COVID-19-ға тест жасалатын осы сынды пункттерді ашу қарастырылуда.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

При использовании информации, гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна.

Комментарии

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны