19.10.2021, 20:13 66225

Қазақстанда қыста қандай ауа райы күтіледі

НҰР-СҰЛТАН. 19 ҚАЗАН - "Қазгидромет" РМК Қазақстан Республикасы бойынша 2021 жылғы қараша - 2022 жылғы наурыз айларына консультативтік маусымдық ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қараша айының бірінші жартысы жылы болады деп болжануда - Қазақстанның солтүстік жартысында ауа температурасының түнде -3+2°С-тан -8-13°С-қа дейін, күндіз +3+10°С-тан -2+3°С-қа дейін ауытқуы күтіледі.

Республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында, шығысында және орталығында екпінді желмен жауын-шашын (көбінесе қар түрінде) бірінші онкүндіктің соңында, жиі айдың екінші жартысында күтіледі. Көктайғақ пен тұман бір ай бойы жиі байқалады. Айдың екінші жартысының ең суық күндерінде термометр бағанасы түнде -17-25°С-қа дейін, күндіз -8-13°С-қа дейін, ал еліміздің шығысында түнде -30°С-қа дейін, күндіз -18°С-қа дейін төмендейді. Қарашаның үшінші онкүндігінде аяздың әлсіреуі күтіледі, күндіз оң мәндерге дейін.

Еліміздің батысы, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында жауын-шашын жауады жаңбыр мен жылбысқы қар түрінде. Ең жылы күндер айдың бірінші жартысында болжанады, күндіз ауа температурасы +10+18°C-қа дейін жоғарылауы мүмкін, алайда қарашаның екінші жартысында температура фоны түнде -5-17°C, күндіз -2-7°C-қа дейін төмендейді. Үшінші онкүндікте күн қайтадан жылынады.

Синоптиктердің ақпараты бойынша, Қазақстанда 2021-2022 жж. қыс климаттық нормаға жуық болады деп болжанады.

Желтоқсанда cолтүстік аймақтарда қарлы боранмен күндер саны артып келеді, ал оңтүстік аймақтарда тұман мен көктайғақ жиі байқалады. Желтоқсан айында жауын - шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормадан аз, еліміздің солтүстік жартысы мен шығысында норма шамасында, ҚР қиыр солтүстігінде нормадан көп болады деп болжанады.

Қаңтар - жылдың ең суық айы, өйткені Моңғолия аймағынан антициклонының әсері күшейе түседі. Түнгі сағаттарда термометр бағаналары ҚР солтүстік жартысында -35-40°С-қа дейін, оңтүстігінде -22-30°С-қа дейін төмендеуі мүмкін. Орташа айлық ауа температурасы республика аумағының басым бөлігінде нормадан 1-2° төмен, еліміздің қиыр батысында, оңтүстік-батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында норма шамасында болады деп күтілуде. Республика бойынша жауын-шашын мөлшері көпжылдық нормадан аз, еліміздің қиыр солтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және Алматы облысының оңтүстік-шығысында - норма шамасында болжанады.

Ақпан қыс мезгілін аяқтайды, бірақ оның климаттық сипаттамалары мен айналым ерекшеліктері қаңтарға өте жақын. Қар мен боран, әдетте, Қазақстанның солтүстік жартысында сақталады. Орташа айлық ауа температурасы ҚР аумағының басым бөлігінде норма шамасында, республиканың оңтүстік-шығысында нормадан 1° жоғары болады деп күтілуде. Жауын-шашын республиканың басым бөлігінде норма шамасында, еліміздің оңтүстік-батыс жартысында, Орталық Қазақстанның батысында нормадан аз, республикамыздың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында нормадан көп болжанады.

Қазақстанның оңтүстігі үшін Наурыз - әдеттегі көктем айы, ал солтүстік облыстарда қыс әлі де жалғасуда. Наурызда ауа-райы қатты өзгеріп тұрады. Наурыз айы ауа температурасының күрт ауытқуымен және жиі жауын-шашынның жаууымен сипатталады. Болжам бойынша көктемнің алғашқы айы суық болады деп күтілуде. Қазақстан аумағының басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы нормадан 1-2° төмен, ал ҚР-ның қиыр батысында норма шамасында болады деп күтілуде. Наурызда жауын-шашын мөлшері республиканың солтүстік жартысында және қиыр оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында норма шамасында, елдің оңтүстік жартысында нормадан аз болады деп болжанады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны