02.06.2022, 15:52 19341

Білім министрі балабақшаларға қойылатын талаптарды күшейту қажеттілігі туралы айтты

Қазіргі уақытта ҚР БҒМ бес негізгі бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр.
Білім министрі балабақшаларға қойылатын талаптарды күшейту қажеттілігі туралы айтты
Сурет: pixabay.com
НҰР-СҰЛТАН. 2 МАУСЫМ - Орнатылған бейнекамералардың арқасында қоғам балалардың құқықтары бұзылған фактілер туралы хабардар отыр. Бұл балабақшаларға қойылатын талаптарды күшейту қажеттілігі туралы ұстанымымыздың өзектілігін растайды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Он жылдан астам уақыт бұрын балабақшалар санының жылдам өсуін ынталандыру үшін лицензиялаудан, кейін мемлекеттік бақылаудан, мониторингтен және олардың қызметін реттеуден бас тарту туралы шешім қабылданды. Ол қандай нәтиже берді? Жекеменшік балабақшалар саны күрт артып, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар бірден 99%-ға дейін қамтылды. Бұл - жақсы нәтиже. Алайда балабақшалар санын көбейтуге мүмкіндік болса да, сапа мәселесі өзекті болып қала береді. Балабақшалардың жартысы техникалық және санитарлық талаптарға сай келмейтін ғимараттарда, білікті мамандарсыз және қауіпті жағдайларда ашылған. Мұндай фактілер жеткілікті", - деді Білім министрі.

 
Ол екі жыл бұрын лицензиялау мен мемлекеттік бақылауды қайтаруға әрекет жасалғанын атап өтті. 
 

Алайда сол кезде кәсіпкерлер палатасының, балабақшалар қауымдастығының және бірқатар мемлекеттік органның ұстанымы бұл норманы заңға енгізуге мүмкіндік бермеді. Бірақ біз бұл бағытта жұмысты тоқтатпадық. Былтырдың соңында мемлекеттік аттестаттау жүйесін енгізе алдық. Аттестация нәтижесі көңілден шықпады. Тексерістен өткен балабақшалардың 80%-ы мемлекеттік аттестациядан өте алмады. Әңгіме балабақшадағы бүлдіршіндерге қолайлы жағдай жасалмауы, оқу-тәрбие жұмыстарының мемлекеттік білім беру стандартына, қауіпсіздік техникасы, өрт және санитарлық нормалардың талаптарға сәйкес келмеуі, тәрбиешілердің қол көтеруі және басқа да келеңсіз фактілер туралы болып отыр", - деді Асхат Аймағамбетов.

 
Білім министрі қазіргі уақытта ҚР БҒМ бес негізгі бағыт бойынша жұмыс істеп жатқанын хабарлады:
 
1. Лицензиялауды қайтару. Бұл мәселе бойынша депутаттардың, қоғам мен мемлекеттік органдардың қолдауына үміт артамыз.
 
2. Жұмыс жағдайлары мен сапасын тексеріп, барлық балабақшаны аттестациялаудан өткізу.
 
3. Балабақшаларға мемлекеттік тапсырыстарды орналастыруға қойылатын талаптарды күшейту.
 
4. Мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін арттыру. Колледждер мен ЖОО-ларда мамандарды даярлау сапасын арттыру.
 
5. Мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі бойынша бағдарламалардың мазмұнын жаңарту.
 
Оның айтуынша, соңғы жылдары балабақша тәрбиешісі мамандығына оқуға түсуге конкурс күрт төмендеп кетті.
 

Бұл ең алдымен жалақыға байланысты. Тәрбиешілердің жалақысы жыл сайын 25%-ға өскенімен, базалық жалақының аздығынан ол әлі де болса жеткіліксіз болып отыр. Қазір біз бірнеше балабақшада пилоттық жоба бастадық. Бұл жоба бойынша екі тәрбиеші жарты күн емес, күні бойы жұмыс істеп, екі есе жалақы алады. Кейін пилоттық жоба нәтижесі бойынша шешім қабылданады", - деді Асхат Аймағамбетов.

 
ҚР БҒМ басшысы жекеменшік балабақша ашатын кәсіпкерлерді қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
 

Бірақ біздің жұмысымыздағы басты бағыт – балалардың қауіпсіздігі және оларға қолайлы әрі сапалы жағдай жасау. Мұндай ережелер ата-аналар үшін маңызды және адал кәсіпкерлер үшін пайдалы деп есептеймін", - деп атап өтті министр.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны