16.02.2023, 14:21 49181

Кешенді қорғау шаралары тек қағаз жүзінде - депутат ҚР оқу орындарындағы қауіпсіздік туралы

Кешенді қорғау шаралары тек қағаз жүзінде - депутат ҚР оқу орындарындағы қауіпсіздік туралы
Сурет: Depositphotos
"Білім туралы" Заңында оқушылар мен ұстаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы бір ауыз сөз жоқ

Астана. 16 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Сенатор Нұртөре Жүсіп еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында қазіргі таңда біздің елімізде оқу мекемелерінің қауіпсіздігі формальды түрде және қарабайыр түрде жүргізілетіні туралы айтты.
 
Депутат Петропавл қаласындағы 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ алып келіп, үш баланы жарақаттаған қайғылы жағдайды еске салды.
 
Нұртөре Жүсіп осыған байланысты мұндай төтенше жағдайларды болжау жүйесіндегі, ерте алдын алудағы күрделі проблемаларға назар аударды. Сенатор елімізде бұл бағыт бойынша маңызды ғылыми база жоқ екенін айтты. Оқушылардың психологиялық портретін жасау, отбасының әлеуметтік жағдайын анықтау кезінде депрессияға немесе агрессияға бейім балаларды алдын ала оқшаулау ескерілмейді.
 

Көп сатылы кешенді қауіпсіздік жүйесін жасауды күн тәртібіне шығару керек. Әлем елдерінде мұндай тәжірибелер бар. Қай ел болсын бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен қарайды. Мәселен, Қытайда мектепке тек оқушының да, ата-ананың да суреті бар арнайы куәлікпен кіруге болады. Кез келген оқу орнында күзетші кабинкасы қойылған. Келген адамның куәлігі болмаса, тек мұғалім ғана ертіп кіре алады. Ал Францияда оқушыларға ғимаратқа алып кіруге болмайтын заттар тізімі жазылған нұсқаулық беріледі. Сабақ арасында рюкзактар мен портфелдер тексеріледі. Жылына екі рет антитеррористік жаттығу сабақтары өткізіледі", - деді сенатор.

 
Депутат "Білім туралы" Заңында оқушылар мен ұстаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы бір ауыз сөз жоқ екенін айтты.
 

Еліміздегі білім беру мекемелерінде криминалдық және террористік сипаттағы қауіп-қатерден қорғайтын, оқу орындарындағы оқушыларды, мұғалімдер мен қосалқы персоналды сақтауға арналған қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жүйесін жасау жөнінде шұғыл кешенді шаралар қабылдауды сұраймыз", - деді Нұртөре Жүсіп.

 
Естеріңізге салайық, Петропавлдағы №4 мектептің 9-сынып оқушысы сабаққа балта-пышақпен қаруланып келіп, үш баланы жарақаттаған еді.

Зардап шеккен екі оқушы ауруханаға жеткізілді, олардың басы мен білектері тесілген. Үшінші оқушыға сол жерде медициналық көмек көрсетілді. СҚО облыстық денсаулық сақтау басқармасында Петропавл мектебінде шабуылдан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтылды.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Кейінірек Петропавлда оқушыларға балтамен шабуыл жасаған жасөспірім екі айға қамауға алынғаны белгілі болды.
 
Ақпарат көзі: inform.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны