16.09.2022, 17:25 27121

Смайылов Қостанай облысында орман өртінен зардап шеккендерге арналған тұрғын үй құрылысын тексерді

ҚОСТАНАЙ. 16 ҚЫРКҮЙЕК - Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Қостанай облысына келді, оның барысында өңірдегі орман өрттерінен зардап шеккендерге арналған тұрғын үй құрылысын тексерді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Әлихан Смайылов бірінші кезекте Әулиекөл ауылына барып, алапат орман өрті салдарынан баспанасыз қалған азаматтарға арнап салынып жатқан жаңа үйлердің құрылысымен танысты", - деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

 
Қазіргі уақытта арнайы бөлінген 12 га аумақта 91 үй салынып жатыр, әрқайсысының ауданы – 100 шаршы метр. Сондай-ақ үйлердің маңайындағы жер учаскелеріне (10 сотықтан) барлық қажетті инфрақұрылым – газ, су, электр энергиясы жүргізіледі. Үйлерге апарар жолдарға асфальт салынады.
 
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, ҚазҚСҒЗИ жобалау институты тұрғынжайларды су басудың алдын алу мақсатында геологиялық ізденістер негізінде іргетастарды жерасты суларынан 2,5 м қашықтықта орнату бойынша жоба әзірледі.
 
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 7 қыркүйекте 13 мердігерлік ұйым құрылыс жұмыстарына кірісті. 
 
Бүгінгі таңда барлық үйлерге арнап қазаншұңқырлар қазылды, 55 учаскеде іргетас құйылып, екеуінде іргетас блоктарын орнату аяқталды. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша алаңда орнатылған бейнекамералардың арқасында құрылыс барысы онлайн режимде бақыланып отыр.
 

Қазір әкімдік пен мердігерлердің алдында құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде – 2 айда сапалы аяқтау міндеті тұр. Бұл мәселе Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше бақылауында. Сондықтан тапсырмаға аса жауапкершілікпен қарау керек", — деді Әлихан Смайылов мердігер компаниялардың өкілдеріне.

 
Премьер-Министрдің айтуынша, барлық қажетті жұмыстарды жүргізу үшін Үкімет 2,2 млрд теңгеден астам қаражат бөлгенін атап өтті.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны