10.06.2019, 20:21 106907

"Қазақстан Барысы" республикалық турнирі өтті

Тоғызыншы рет өткен бәсекеге еліміздің 14 облысынан, Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында іріктеуден өткен 33 үздік балуан қатысты, оның ішінде күштік құрылымдар арасында өткен "Әскер Барысы" турнирінің жеңімпазы да бар

Нұр-Сұлтан. 10 маусым. Kazakhstan Today - 8 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласы, "Барыс Арена" көпсалалы мұз сарайында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен "Қазақстан Барысы" республикалық турнирі өтті.

Турнир Қазақстан Республикасында ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау, жастарды ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, қазақ күресін өркендету арқылы оны ұлттық идея деңгейіне және халықаралық аренадағы беделін көтеру мақсатында өткізілді.

Тоғызыншы рет өткен бәсекеге еліміздің 14 облысынан, Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында іріктеуден өткен 33 үздік балуан қатысты, оның ішінде күштік құрылымдар арасында өткен "Әскер Барысы" турнирінің жеңімпазы да бар. Турнирдің ең ауыр салмақты балуаны Е.Қажыбаев 151 келі болса, ең жеңіл салмақта Хамзин Ерназар (БҚО) 90 келі болды. Ақтық белдесуде Шығыс Қазақстан облысының қос балуаны кездесіп, бабы мен бағы тең түскен А.Нұғымаров - "Қазақстан Барысы" атанды.

Тартысты белдесулер алты сағатқа созылды. Шара аясында спорттық сайыстармен қатар Т.Төрәлі, Ә.Байлин, "Алашұлы" тобы ән шырқап, ұлттық күрес жанкүйерлерінің көңілін көтерді.

Турнирді "Нұр-Отан" партиясы, "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ҚР қазақ күресі федерациясы және "Қазақстан Барысы" қазақ күресін дамыту қоры ұйымдастырды.

"Қазақстан Барысы" турнирінің биылғы жүлде қоры да қомақты болды. Жеңімпаз атанған Шығыс Қазақстан облысының балуаны Айбек Нұғымаровқа 25 000 000 теңге және алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы "тайтұяқты" Олимпиада жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіров табыстады. Айта кетейік, А.Нұғымаров осымен 2 дүркін "Қазақстан барысы" атанды.

Екінші орын иегері Қажыбаев Ерасыл Шығыс Қазақстан облысының балуанына 5 500 000 теңге және күміс белбеу берілді. Бұл балуан екінші рет күміс белбеулі балуан атанды.

Үшінші орын алған Алматы қаласының балуаны Руслан Әбдіразақовқа 1 800 000 теңге, сәйкесінше қола белбеумен марапатталды. Сонымен қатар, балуандардың әр белдесудегі жеңісіне 100 000 теңгеден берілді. Жеңімпаз, жүлдегер балуандардың жаттықтырушыларына да жүлде үлестірілді (І орын - 3500000, ІІ орын - 1800000, ІІІ орын - 900000 тг.)

Қазақ күресінің мерекесіне 10 мыңға жуық адам қатысты, деп хабарлайды "Қазақстан Барысы" қазақ күресін дамыту қорының баспасөз қызметі.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны