28.09.2021, 18:58 18507

Қазақстанда өрттер кезіндегі өлім-жітім бір жылда 20%-ға өсті

Өрттен келген материалдық шығын 6,5 млрд теңгені құрады.
НҰР-СҰЛТАН. 28 ҚЫРКҮЙЕК - Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында еліміздегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
2021 жылдың 8 айында Қазақстанда 7 515 өрт тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,8%-ға аз. Алайда өрттердің жалпы саны төмендеген кезде қаза тапқандар саны 20%-ға, жарақат алғандар саны 18%-ға өсті.
 

251 адам қаза тапты (+20,6%), 217 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды (+18,5%). Өрттен келген материалдық шығын 6,5 млрд теңгені құрады (+90,6%). Өрттердің ең көп саны тұрғын үй секторында (58%) және көлікте (18,5%) болады", - деп хабарлады ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

 
ҚР ТЖМ басшысы Юрий Ильиннің айтуынша, объективті талдау жүргізу мақсатында өңірлердің өрт қауіптілігі көрсеткіштері аумақта тұратын халықтың санын ескере отырып есептеледі және нәтижелер өрттер мен қаза тапқан адамдардың саны орташа республикалық көрсеткіштен 2-3 есе асқан Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында неғұрлым күрделі жағдай қалыптасқанын көрсетті.
 
Сондай-ақ, ол тұрмыстық газ баллондарын пайдалануды тиімді бақылау мәселесін заңнамалық реттеу бойынша жұмыс жалғасып жатқанын хабарлады.
 

Ескі және мерзімі өткен баллондарды пайдаланатын халықтың қауіпсіздік талаптарын бұза отырып, жақын маңдағы автогаз құю станцияларында өз баллондарын әдеттегі түрде толтыруы жағдайды қиындатып отыр", — деді төтенше жағдайлар министрі.

 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы әзірленуде. 
 
Құжатта өрт сөндіру бекеттерін техникамен заманауи жарақтандыру, ерікті өртке қарсы құралымдарды дамыту, ерікті өрт сөндірушілердің әлеуметтік кепілдіктері мен жеңілдіктерін жақсарту, адамдар көп болатын пайдалануға берілетін объектілерге, тұрғын және биік ғимараттарға қойылатын өрт қауіпсіздігі талаптарын күшейту мәселелері көзделетін болады. 
 
Премьер-Министр Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, биылғы жылдың 20 қазанына дейін өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Жол картасының келісілген жобасын дайындауды және қарауға енгізуді тапсырды. 
 
ТЖМ-ге әкімдіктермен бірлесіп жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша халықпен алдын алу жұмыстарын күшейту тапсырылды. 
 
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, газ жабдықтары мен тұрмыстық баллондардың қауіпсіз пайдаланылуына жүйелі бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны