30.06.2021, 22:52 12573

ҚР Үкіметтік делегациясы Халықаралық Аралды құтқару қорының отырысына қатысты

НҰР-СҰЛТАН. 30 МАУСЫМ - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) басқармасының отырысына қатысу үшін Душанбеде болды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Делегация құрамында ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев, ҚР Тәжікстан Республикасындағы елшісі А. Тәжібаев және ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары М. Сыздықов болды.

Қазақстан делегациясының басшысы өз сөзінде ХАҚҚ Атқарушы комитетіне ХАҚҚ мемлекеттері басшыларының шешімдеріне инвентарлау жүргізуді ұсынды. Р. Скляр Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың қордың жұмыс істеп тұрған институттары негізінде ХАҚҚ-тың ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру, Орталық Азияның халықаралық су-энергетикалық консорциумын құру жөніндегі ұсыныстарын іске асыру қажеттігін атап өтті.

Арал теңізі бассейніндегі су шаруашылығы, экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту қажеттігі тұрғысынан Қазақстан өңірлік ұйымдардың, оның ішінде "Сырдария" және "Әмудария" бассейндік су шаруашылығы бірлестіктерінің рөлін күшейтудің маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ өңірдің барлық елдерінің қажеттіліктері мен мүдделерін қамтамасыз етуді ескере отырып, су-энергетика ресурстарын пайдалану саласындағы ынтымақтастықтың пәрменді тетігін әзірлеу ұсынылды.

Отырыс қорытындысы бойынша Тәжікстанның төрағалығы кезеңіне арналған ХАҚҚ Атқарушы комитетінің жұмыс жоспары қабылданды, сондай-ақ "Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы" (АБКБ-4) бекітілді.

АБКБ — су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғауға, Арал теңізі бассейнін экологиялық сауықтыру мен әлеуметтік-экономикалық дамытуға, сондай-ақ ХАҚҚ институционалдық-құқықтық тетіктерін жетілдіруге қол жеткізуге бағытталған өңірлік бағдарлама.

Сонымен қатар, ХАҚҚ басқармасының отырысы аясында Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ш. Ғаниевпен екіжақты кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар су шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады, сондай-ақ қолайлы вегетациялық кезеңді өткізу бойынша пікір алмасты.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны