06.08.2021, 20:39 9316

Орталық Азия елдері басшыларының бірлескен мәлімдемесі жарияланды

Тараптар екіжақты және көпжақты іс-шаралар өткізу, Орталық Азия өңірінің барлық мемлекеттерінің бейбіт дамуына, өркендеуі мен тұрақтылығына жәрдемдесу мақсатында өзара сапарларды жүзеге асыру жолымен көпжақты өзара іс-қимылды кешенді дамытудың өзектілігі мен қажеттілігін растайды.
ТҮРІКМЕНБАШЫ. 6 ТАМЫЗ - Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының, Түркіменстанның және Өзбекстан Республикасының Президенттері бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
2021 жылғы 6 тамызда Түрікменбашы қаласында Қазақстан Республикасының Президенті, Қырғыз Республикасының Президенті, Тәжікстан Республикасының Президенті, Түрікменстан Президенті және Өзбекстан Республикасының Президентінің қатысуымен Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуі өтті.
 
Ақорда хабарлағандай, Мемлекеттер басшылары достық, өзара құрмет пен сенім, сындарлық және өзара түсіністік жағдайында өткен келіссөздердің қорытындылары бойынша, тарихи қалыптасқан достық және тату көршілік қатынастар негізінде өңірлік ынтымақтастықты дамытудың үдемелі процесін атай отырып, өз мемлекеттерінің өңірдегі бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүддесінде ашық және кең ауқымды өзара іс-қимылға әзірлігін атай отырып, саясат, орнықты және тұрақты даму, сауда-экономикалық және инвестициялық-қаржылық, көлік-коммуникациялық, су-энергетикалық, ақпараттық-технологиялық, экологиялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты қоса алғанда, өзара мүдделілік білдірілген барлық салалардағы қатынастарды одан әрі кеңейтуге және нығайтуға деген жалпы ұмтылысты негізге ала отырып, бірлескен мәлімдеме жасады.
 
Мемлекетер басшылары биылғы Консультативтік кездесу Орталық Азия мемлекеттері тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанын атап өтеді. Осы орайда Тараптар аталған форумның Орталық Азия елдері арасындағы қатынастарды одан әрі нығайту және дамыту ісіндегі тарихи маңыздылығын айрықша атап көрсетеді.
 
Тараптар екіжақты және көпжақты іс-шаралар өткізу, Орталық Азия өңірінің барлық мемлекеттерінің бейбіт дамуына, өркендеуі мен тұрақтылығына жәрдемдесу мақсатында өзара сапарларды жүзеге асыру жолымен көпжақты өзара іс-қимылды кешенді дамытудың өзектілігі мен қажеттілігін растайды.
 
Тараптар Түрікменбашы қаласындағы Консультативтік кездесу қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, сауда, экономика және инвестициялар, көлік және транзит, ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі салаларында өнеркәсіптік кооперация, су-энергетикалық ресурстар, қоршаған ортаны қорғау, туризм, ғылым, білім, мәдениет және гендерлік теңдік мәселелерінде өңірлік өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективалық бағыттарын, нысандары мен тетіктерін жан-жақты қарауға мүмкіндік бергенін атап өтеді.
 
Мемлекет басшылары өз елдерінің әлеуетін өңірде қауіпсіз, тұрақты, кең және ашық әріптестікке арналған кеңістік қалыптастыру мүддесіне пайдаланудың маңыздылығын атап өтеді. Осыған орай Тараптар сыртқы істер министрліктері, дипломатиялық өкілдіктер, консулдық мекемелер, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдіктері мен басқа да халықаралық ұйымдар желісі бойынша консультациялар өткізудің, байланыстар мен оларды нығайтудың маңыздылығын атап көрсетеді.
 
ОА елдері басшыларының бірлескен мәлімдемесінің толық мәтінімен мына жерде танысуға болады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны