19.08.2021, 20:45 8642

Тоқаев Ауғанстандағы жағдайды ЕО арнайы өкілімен талқылады

Қазақстан Президенті мен Арнаулы өкіл Орталық Азия елдері мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынаста аталған мәселенің маңызын ескере отырып, байланыстарды қолдауға дайын екендерін нақтылады.
НҰР-СҰЛТАН. 19 ТАМЫЗ -Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Тери Хакала Ауғанстандағы жағдайды талқылады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстанда күрт өзгерген әскери-саяси жағдайға байланысты туындап отырған сын-қатерлерге алаңдаушылық білдірді. Президенттің айтуынша, бұл жағдайдың бар ауыртпалығы қақтығыс аймағына жақын орналасқан Орталық Азия мемлекеттеріне сезіліп отыр.
 
Тараптар Ауғанстанның барлық аумағында жуық арада жағдайдың тұрақталып, қоғамдық тәртіптің орнығуына, адам құқықтары мен еркіндігінің сақталуына және Кабулдың халықаралық әуежайынан адамдарды кедергісіз көшіруге қатысты пікірлерін білдірді.
 
Қазақстан Президенті мен Арнаулы өкіл Орталық Азия елдері мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынаста аталған мәселенің маңызын ескере отырып, байланыстарды қолдауға дайын екендерін нақтылады.
 
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропалық Одақпен өзара стратегиялық іс-қимылына оң баға берді. 2020 жылдың наурыз айында күшіне енген Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық жөніндегі келісім осы қатынастарға тың серпін берді.
 

Біз Еуропалық Одақпен қарқынды сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды жоғары бағалаймыз. Қазақстан – Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы басты сауда серіктесі. 2020 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда айналымы 24 миллиард долларға жуықтады", – деді Қазақстан Президенті.

 
Мемлекет басшысы мен Еуропалық Одақтың арнаулы өкілі дағдарыстан кейінгі кезеңде өзара іс-қимылдың бағыттары ішінде жаңартылатын энергетика, жоғары технологиялар, инфрақұрылым мен денсаулық сақтау салаларына ерекше басымдық берілетінін атап өтті.
 
Тери Хакала Қазақстанның төрағалығымен Женевада өтетін Дүниежүзілік сауда ұйымы министрлерінің конференциясын қолдайтынын айтты.
 
Әңгімелесу барысында Тараптар Орталық Азия мемлекеттерінің өзара іс-қимылдары мен келешегі, оның ішінде Түрікменстанда өткен Мемлекет басшыларының үшінші консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша пікір алмасты.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны