21.07.2022, 16:05 43341

Тоқаев: мемлекетаралық және этносаралық араздықты өршітуге қарсы тұру үшін бірігу қажет

Тоқаев: мемлекетаралық және этносаралық араздықты өршітуге қарсы тұру үшін бірігу қажет
ШОЛПАН-АТА. 21 ШІЛДЕ - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетаралық және этносаралық араздықты қоздыру арқылы Орталық Азия халықтарын жікке бөлу және қарым-қатынасты бұзу әрекеттеріне қарсы тұру үшін бірігу қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Бүкіл аймаққа зиян келтіретін ақпараттық кеңістіктегі жағымсыз құбылыстардың алдын алу үшін күш-жігер біріктірген жөн. Бұл жұмыстардың мақсаты – достығымызға сызат түсірмеу", - деді Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV консультативтік кездесуінде.

 
Мемлекет басшысы әлі күнге дейін бұқаралық ақпарат құралдары аймақ елдерінде болып жатқан оқиғалар туралы жаңалық тарату жағынан ақсап тұрғаны байқалатынын атап өтті.
 

Мүмкіндігінше, бұл үрдісті өзгерту керек. Бәлкім, бүкілаймақтық телеарна немесе ақпараттық интернет-сайтын ашқан жөн болар", - деді Президент.

 
Ол осы мәселелерді егжей-тегжейлі пысықтау үшін Орталық Азияның салалық мекемелері мен ақпараттық агенттіктері басшыларының жиынын тұрақты түрде өткізіп отыру пайдалы болмақ екенін атап өтті. Аймақты біртұтас мәдени кеңістік ретінде көрсету мақсатымен "Орталық Азияның мәдени астанасын" жыл сайын таңдау тәжірибесін енгізген жөн.
 
Сөз сөйлеу барысында Тоқаев ғылым және білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесін де қозғады.
 

Жоғары білім берудің Орталық Азиядағы біртұтас кеңістігін құру жөніндегі былтыр қол қойылған декларация осыған негіз болады. Қазақстан бұл бастама аясында жоғары оқу орындары арасында студент алмасу ісін кеңейту жөніндегі әріптестерінің ұсыныстарын қолдап, Орталық Азия елдерінің жастарын оқыту үшін квота санын едәуір арттырды. Сондай-ақ біз озық жоғары оқу орындарымыздың және үздік мектептеріміздің филиалдарын аймақ мемлекеттерінде ашуға әзірміз. Мәселен, жақында Бішкекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылды. Өзбекстанмен өзара тиімді негізде білім беру орталықтарын ашу мәселесі пысықталуда", - деді Президент.

 
Мемлекет басшысы Орталық Азия халықтарының тарихи және мәдени мол мұрасын насихаттауды бірлескен жұмыстың маңызды бағыты деп санайды. 
 

Осы орайда этногеографиялық және тарихи зерттеулерді ұйымдастыру, сондай-ақ ғылыми еңбектерді жариялау мақсатымен елдеріміздің Ғылым академиялары арасында тығыз байланыс орнату ұсынылады. Ұлттық архив орталықтары мен кітапханалардың ынтымақтастығы негізінде архив және зерттеу мәліметтерін алмасу үшін Біріккен онлайн-платформа құруды ұсынамын. Бұл ғылым саласындағы кооперацияны тереңдетуге мүмкіндік береді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны