29.12.2022, 13:46 34541

Тоқаев келесі жылы Үкіметтегі өзгерістер туралы мәлімдеді

Тоқаев келесі жылы Үкіметтегі өзгерістер туралы мәлімдеді
Сурет: akorda.kz
Еліміз үшін өте маңызды бірқатар мәселе бойынша Үкімет лайықты белсенділік көрсетіп отырған жоқ, шешімдерін баяу қабылдап жатыр

Астана. 29 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат отырысы барысында келесі жылы Үкіметтегі өзгерістер туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

Еліміз үшін өте маңызды бірқатар мәселе бойынша Үкімет лайықты белсенділік көрсетіп отырған жоқ, шешімдерін баяу қабылдап жатыр. Үкімет осы олқылықтарды түзету үшін әрекеттерін қолдануда, таяу арада оның жұмысының тиімділігі артады деп ойлаймын. Премьер-министрдің ұсынысы бойынша Жаңа жылдың басында Үкіметте бірқатар кадрлық өзгерістер жасамақшымын. Жалпы, Үкіметтің алдында тұрған мақсаттар - өте ауқымды және өзекті", - деді Президент.


Ол сондай-ақ экономиканы одан әрі дамытуға барынша күш салу керек екенін атап өтті.

Келесі жылы ЖІӨ өсімі кемінде 4 пайыз болуға тиіс. Ал, ақшаға шаққанда алғаш рет 250 миллиард долларға жетуі қажет. Ұлттық банк пен Үкіметтің алдында тағы бір маңызды міндет тұр. Бұл - инфляцияны ауыздықтау. Тұрмысы төмен тұрғындарға оның қатты тиетіні анық. Осы мәселені шешпесек, экономиканы өркендету мүмкін емес", - деді Мемлекет басшысы.


Сонымен қатар, оның айтуынша, халықтың әл-ауқатын арттыру және елге инвестиция тарту қиынға соғады. Сондай-ақ, жаңа өндірістер салып, жұмыс орындарын ашу керек. Әсіресе, жастарды жұмыспен қамту өте маңызды.

Денсаулық сақтау және білім беру жүйесіне баса назар аудару қажет. Осы орайда, барлық жоспарымыздың орындалу барысын бақылауға алу керек. Соңғы кезде кейбір аймақтарда болған төтенше жағдайлар ел ішінде қордаланған мәселе көп екенін көрсетті. Алдағы уақытта мұндай оқиғаларға жол бермеу керек. Бұл - өңірлік саясаттағы негізгі міндеттің бірі", - деп атап өтті Президент.


Қасым-Жомарт Тоқаев бұл өзгерістерді жалпыұлттық диалог арқылы жүзеге асыру өте маңызды екенін атап өтті.

Осы мәселеге байланысты Парламенттің рөлі әлдеқайда жоғары болмақ. Сондықтан, келе жатқан Парламенттік сайлауға мен өзім Мемлекет басшысы ретінде айрықша мән беріп отырмын. Бұл сайлау еліміздің заңына сәйкес әділ және ашық өтуге тиіс. Жалпы, біз азаматтық қоғамның беделін арттыруымыз керек", - деді ол.


Президент азаматтардың лайықты белсенділігі болмаса, еліміз озық болмайтынын атап өтті.

Бұл - ақиқат. Дегенмен, азаматтарымыз, ең алдымен, еліміздің алдында жауапты болуға тиіс. Қоғамда заң бірінші орында тұруы керек. Заңның үстемдігі және қоғамдағы тәртіп - еліміздің тұрақтылығының кепілі. Тұрақтылық болмаса, Қазақстан ойдағыдай ілгері баса алмайды. Аймақтағы басты рөлін атқара алмайды. Негізгі мақсатымыз - Әділетті Қазақстанды құру"", - деп қосты Мемлекет басшысы.


Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Парламент 150 заң жобасын қарап, 79 заң қабылдағанын хабарлады.

Бұл құжаттар конституциялық реформаны жүзеге асыруға бағытталған. Азаматтарды әлеуметтік жағынан қорғауға, бизнесті өркендетуге арналған. Сондай-ақ, қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді көздейді. Атап айтқанда, бала күтіміне байланысты төлем мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылды. Бұл шара балалардың да, оларға күтім жасаушылардың да әлеуметтік қауіпсіздігін арттырады. Жастар санатының деңгейі 29-дан 35 жасқа дейін өсірілді. Бұл азаматтардың мемлекеттік қолдау шараларын көбірек алуына мүмкіндік береді. Балаларды кибербуллингтен қорғайтын заңнамалық механизмдер енгізілді", - деді ол.


Сондай-ақ қауіпсіздік және құқықтық тәртіп саласында бірқатар заң қабылданды.

Оның ішінде биологиялық қауіпсіздік туралы заңды атап өткен жөн. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң да бар. Құқық қорғау саласы мен арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері және әскери қызметшілер барынша қорғалатын болды. Сондай-ақ, олардың жауапкершілігі күшейтілді", - деді Президент.


Ол қаржы пирамидаларына қарсы күрес саласына, сондай-ақ құнды қағаздар нарығын, банк және микроқаржы секторларын реттеуге қатысты заңнама жетілдірілгенін атап өтті.

Заңнамаға инновацияны ынталандыру, цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері жөнінде маңызды өзгерістер енгізілді. Мейлінше қолайлы бизнес-климат құру мақсатында Жақсартылған модельді келісімшарт және Жер қойнауына геологиялық зерттеу жүргізу туралы келісім сияқты тәсілдер енгізілді. Микро және шағын кәсіпкерлік өкілдері үшін бірыңғай төлем енгізілді. Ол еңбекақы төлеу қорының есебінен жүзеге асырылады", - деді Мемлекет басшысы.


Сонымен қатар, стрессті активтерді экономикалық айналымға қайтару үшін заңнамалық негіз қалыптасты.

Сақтандыру және бағалы қағаздар нарығын, банк қызметін реттеп, дамыту үшін бірқатар заңнамалық түзету енгізілді. Алда ауқымды жұмыс бар. Мақсатымыз - баршаға айқын. Бұл - мемлекетімізді нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру", - деп қосты Президент.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны