09.02.2023, 15:40 30061

Тоқаев журналистерге қарсы қылмыстарды ашу бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды

Сонымен қатар Президент еліміздегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді
Астана. 9 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа осы жылдың қаңтар айындағы криминогендік ахуал туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Министрдің мәліметіне сәйкес кешенді алдын алу шараларын жүзеге асыру нәтижесінде кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, тонау, ұрлық, бұзақылық, мал ұрлығы, сондай-ақ көшеде жасалған қылмыстар саны айтарлықтай азайған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа көші-қон жағдайы, ұйымдасқан және есірткі қылмыстарына қарсы шаралар, сондай-ақ құқық бұзушылықтар мен жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстарының нәтижелері жөнінде баяндалды.

Марат Ахметжанов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған Президент бекіткен тұжырымдамасы аясында полиция қызметкерлерінің адалдығын тексеру (Integrity check) жөніндегі пилоттық жобаның алғашқы нәтижелері туралы есеп берді.

Министр шетелдік автокөліктерді заңдастыру жұмыстарының барысы жайында да айтты. Сондай-ақ қоғаммен бірлесе отырып, Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленіп жатқаны туралы баяндады.

Мемлекет басшысы азаматтық қоғам өкілдері мен журналистерге қарсы бағытталған заңға қайшы әрекеттерді және арандатушылықты әшкерелеу жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Сонымен қатар Президент еліміздегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны