27.04.2026, 20:54 4906
Аида Балаева елорда мектебіндегі TopIQ Smart Class мүмкіндіктерімен танысты
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Астана қаласындағы №99 орта мектепте заманауи технологиялармен жабдықталған, оқу процесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған инновациялық білім беру кеңістігі ашылды. TopIQ Smart Class пилоттық жобасы Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен енгізіліп отыр, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ашық сабақ барысында жаңа жүйенің мүмкіндіктерімен танысты. Сабақта инновациялық сыныптың негізгі функциялары мен білім беру процесіндегі практикалық әлеуеті көрсетілді.
TopIQ Smart Class - өзара байланыста жұмыс істейтін смарт үстел, смарт парталар мен смарт тақтадан тұратын біртұтас цифрлық экожүйе. Жүйеде оқу процесін автоматтандыруға және оны әр оқушының білім деңгейі мен жеке ерекшелігіне қарай бейімдеуге мүмкіндік беретін жасанды интеллект технологиялары да қолданылады. Мұның бәрі тиімді, интерактивті әрі дербес білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Аида Балаева білім беру процесіне инновациялық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын енгізу мәселесіне жан-жақты әрі байыппен қарау қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, ең алдымен мұндай шешімдердің балалардың білім сапасына әсері ескерілуі тиіс.
Мұндай ойын және цифрлық форматтардың оқу процесіне қалай ықпал ететінін нақты түсіну маңызды. Дәстүрлі оқыту жүйесі де өз мәнін сақтауы керек. Пәндерді оқытуда сараланған тәсіл қолданылып, әр баланың жеке ерекшелігі ескерілуі қажет. Ұстаздың басты міндеті - тек білім беру ғана емес, сонымен қатар тұлға қалыптастыру, жауапты әрі лайықты азамат тәрбиелеу. Осыған байланысты мұндай технологиялардың артықшылықтары мен ықтимал тәуекелдеріне кешенді талдау жүргізу маңызды", - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Инновациялық сынып 25 смарт партамен жабдықталған. Әр парта оқушыға жеке цифрлық жұмыс кеңістігін ұсынады. Оқушылар осы құрылғылар арқылы электронды оқулықтармен жұмыс істеп, тапсырмалар орындайды, музыкалық аспаптарды меңгереді, сондай-ақ 3D сурет салу және модельдеу дағдыларын дамытады.
Жасанды интеллект жүйесі оқушылардың үлгерімін талдап, олардың дайындық деңгейіне қарай тапсырмаларды автоматты түрде бейімдейді. Ал, педагог смарт үстел арқылы әр оқушының жұмысын нақты уақыт режимінде бақылап, оқу қарқынын реттей алады және қажет кезде қолдау көрсетеді. Сонымен қатар AI негізіндегі аналитикалық деректер әр баланың оқу динамикасын объективті бағалауға мүмкіндік береді.
Смарт тақта сабақтарды толық интерактивті форматта өткізуге жол ашады. Оның көмегімен оқу материалдарын цифрлық форматта сақтап, қайта пайдалануға, сондай-ақ ойын және жарыс элементтері бар сабақтар ұйымдастыруға болады.
Жоба заманауи интерактивті білім беру ортасын қалыптастыруға, білім сапасын арттыруға және жаңа буынның цифрлық құзыреттерін дамытуға бағытталған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
28.04.2026, 15:43 18786
Қазақстан мен Израиль президенттері Alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығына барды
Сурет: Akorda
Достарға айту
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ицхак Герцог Alem.ai орталығының қызметімен танысты. Мұнда таланттарды тауып, оларды даярлаудан бастап ЖИ-шешімдерін әлемге таратуға дейінгі технологиялық дамудың толық циклі жүзеге асырылады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Израиль Президентіне Қазақстанның жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын экономика мен әлеуметтік саланың басты бағыттарына енгізудегі негізгі жетістіктері көрсетілді.
Сонымен қатар мемлекеттер басшыларына Astana Smart City жобасы туралы мәлімет берілді. Ауқымды бастама аясында елорданың жаңа интеллектуалдық инфрақұрылымы қалыптасады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
28.04.2026, 14:12 4436
Қазақстанда ЖИ көмегімен жер қойнауының интерактивті картасы әзірленді
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономика саласына жасанды интеллект енгізу мәселесі қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Жиында Премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ "Қазақтелеком" АҚ мен астық консорциумының басшылығы және "Ascle" ІТ стартап жетекшісі баяндама жасады. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев бүгінде жасанды интеллектіні енгізу министрліктің барлық негізгі бағыттарында жүзеге асырылуда екенін айтты.
Геология саласында архив деректерін электрондық форматқа көшіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бүгінде геологиялық ақпараттың 97%-дан астамы, яғни шамамен 250 терабайт дерек цифрландырылды. Жұмысты жеделдету үшін архив материалдарын автоматты өңдеп, геологиялық модельдер қалыптастыратын жасанды интеллект жүйесі әзірленді. Цифрланған деректер бірыңғай Big Data жүйесінде жинақталуда. Қазірде жүйеге 1 терабайт дерек жинақталып, олар жасанды интеллект арқылы өңделіп, жіктелуде. Жасанды интеллект координаттарды анықтап, маңызды деректерді іріктейді, бұл деректерді жүйелеу уақытын қысқартып, шешім қабылдау сапасын арттырады", - деді ол.
Өңделген деректер негізінде жер қойнауы картасы әзірленген. Жүйе ақпаратты ыңғайлы форматта сүзуге, талдауға және перспективті учаскелерді тез анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, Ұлытау облысының интерактивті жер қойнауы картасында жасанды интеллект мыс әлеуеті жоғары учаскелерді автоматты түрде анықтап көрсеткен. Әр блокты детализациялау барысында жекелеген учаскелер туралы кеңейтілген мәліметтер, соның ішінде геологиялық қабаттың деректерін алуға болады. Осылайша жасанды интеллект шешім қабылдауға қажетті деректерге жылдам қолжеткізуге мүмкіндік береді.
Құрылыс саласында жасанды интеллект жобалаудан бастап құрылыс барысын бақылауға дейінгі барлық кезеңдерде енгізілуде. Жоспарлау және құрылыс кезеңінде цифрлық бас жоспарлар мен нақты жоспарлау жобаларының орындалуын бақылау үшін machine vision технологиясы мен жасанды интеллектіні біріктірген пилоттық жоба іске қосылды. Жүйе нысандардың нақты жағдайын бекітілген жобалық құжаттамамен салыстырады. Бұл жоба ауытқуды анықтау уақытын үш күннен төрт сағатқа қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар "Қазақтелекоммен" бірлесіп, қалалардың цифрлық сыңарын (digital twins) жасау үшін дрон қолдану жұмыстары жүргізілуде", - деді министр.
Жобалау және мемлекеттік сараптама кезеңінде BIM жобаларын тексеру үшін жасанды интеллект енгізу жоспарлануда. Осы мақсатта құрылыс нормалары машина оқи алатын форматқа көшірілуде. Бұл жобаларды алдын ала тексеруге мүмкіндік беріп, сараптама мерзімін қысқартуға жағдай жасайды Сондай-ақ әр өңірдің ерекшелігі мен сейсмикалық жағдайын ескере отырып, типтік жобаларды қарау уақытындағы айырмашылықты жояды. Яғни бүкіл ел бойынша мемлекеттік сараптаманың бірыңғай әрі ашық болуын қамтамасыз етеді. Қосымша BIM жүйесін (Building Information Modeling) жобалаудың міндетті стандарты ретінде енгізу жоспарлануда. Бірінші кезең құрылыстан басталмақ.
Құрылыс кезеңінде нысандарды цифрлық мониторингілеу қолданылады. Мысалы, "Қазақстан тұрғын үй компаниясында" machine vision технологиясын қолданатын видеомониторинг жүйесі енгізілген. Ол техника қозғалысын, жұмыс күшін және құрылыс барысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде құрылысқа толық әрі үздіксіз бақылау қамтамасыз етіледі.
Өнеркәсіпте жасанды интеллект қазірдің өзінде өнім сапасын бақылау мен өндірісті тиімді етуге қолданылуда. ERG, Astana Motors және KAZ Minerals сияқты ірі кәсіпорындар өндірістік алаңда цифрлық сыңар (digital twins) технологиясын енгізіп жатыр.
IIoT (Industrial Internet of Things) технологиялары қазірдің өзінде жетпістен астам кәсіпорында қолданылуда. Атап айтқанда, "Astana Motors" компаниясында дәнекерлеу жұмыстарын автоматты бақылауға арналған жасанды интеллект-талдау жүйесі енгізілген. Сонымен қатар, өндірістік процестерді нақты уақыт режимінде модельдеу және оңтайландыру үшін жасанды интеллектімен қолдау көрсетілетін цифрлық сыңар (digital twins) моделі қолданылады. Нәтижесінде өнім ақаулары азайып, өндіріс тиімділігі артады", - деді Ерсайын Нағаспаев.
Сондай-ақ тау-кен саласында да жасанды интеллект негізіндегі шешімдер енгізілуде. Мысалы, "Solidcore Resources" кәсіпорнында оператордың цифрлық көмекшісі енгізілген. Ол өндірістік көрсеткіштерді нақты уақыт режимінде талдап, диспетчерлер мен машинистерге ұсыныстар береді. Жүйе интерактивті қабырға мен планшеттер арқылы жүзеге асырылады. Бұл шешім қабылдау жылдамдығын арттырып, өндіріс шығындарын азайтады.
Министрлік бұдан әрі жасанды интеллектіні енгізу жұмыстарын жалғастырып, негізгі назарды салалардың тиімділігін арттыруға және инвестиция тартуға бағыттайтын болады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
28.04.2026, 13:09 4351
Қазақстанда AI-First тәсілі енгізілуде: салаларды цифрлық трансформациялаудың 20 картасы бекітілді
Достарға айту
Технологияларды ел экономикасына жүйелі енгізу үшін Қазақстанда Цифрлық трансформация карталары енгізілуде. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда 72 сала мен қызмет бағытын қамтитын 20 карта бекітілген. Олардың әрқайсысында 2027 жылға дейін AI-шешімдерді және KPI енгізу жоспары бар, ал процестерді жобалау AI-First қағидатына негізделген. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында экономика салаларына жасанды интеллектті енгізу бойынша жұмыстар қарқынды түрде жалғасуда.
Экономика салаларына жасанды интеллектіні енгізудің екі негізгі мақсатын атап өту қажет:
- Біріншісі. Экономикалық өсім. Жасанды интеллект өнімділікті арттырудың негізгі драйверіне айналуы тиіс. Бұл жеке процестерді автоматтандыру туралы ғана емес. Жасанды интеллект жаңа өнімдерді, жаңа нарықтарды жəне экспорт үшін жаңа мүмкіндіктер ашуы қажет.
- Екіншісі. Бизнесті қолдау. Жасанды интеллект есебінен: бизнестің мемлекетпен өзара іс-қимылын жеңілдету, өтініш беру форматынан проактивті қызметтерге көшу жəне бизнес шығындарын қысқарту қамтамасыз етіледі.
Бұл бағытта мемлекеттік органдармен бірлесіп Цифрлық трансформация карталары енгізілуде. Бүгінгі таңда 72 сала мен қызмет бағытын қамтитын 20 карта бекітілді. Атап айтқанда, өнеркəсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік жəне логистика, білім беру, денсаулық сақтау жəне басқа да бағыттар. Əр карта:
- негізгі цифрлық сын-қатерлерді;
- AI-шешімдерді енгізу жоспарын;
- 2027 жылға дейінгі KPI жəне күтілетін əлеуметтік-экономикалық əсерлерді қамтиды.
Процестерді жобалауда жасанды интеллектіні басым қолдануды көздейтін AI-First қағидатына сəйкес бірыңғай архитектуралық тəсіл қолданылды. Бұл тәсіл "электрондық үкіметтің" архитектуралық порталында баршаға қолжетімді. Барлық орталық мемлекеттік органдардың бекітілген карталарды орындауы міндетті.
Жалпы, мемлекеттік органдар əртүрлі салалар бойынша азаматтар үшін 50-ден астам AI-агентті қалыптастыруда. Олар халықтың өмір сүру сапасын жəне бизнеспен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыратын болады. Қазірдің өзінде осы шешімдерге практикалық сұраныс бар. Мысалы: eGov AI ассистенті 2,3 млн-нан астам рет пайдаланылды, құқықтық AI-кеңесші 230 мыңнан астам кеңес берді, AI-терапев 35-тен астам клиникада енгізілуде, сондай-ақ білім беру саласында AI-агенттер енгізілуде", - деді Премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Сондай-ақ министр жасанды интеллект негізінде жүргізіліп жатқан реинжиниринг кейстеріне тоқталып өтті. Мысалы, бизнесті ашуға арналған AI-көмекші. Бұл жоба Қаржы министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бұрын бір үйде немесе ауданда бір уақытта бірнеше ұқсас нысанның ашылу қаупі болатын.
Мысалы, кофеханалар немесе дəріханалар. Енді кəсіпкер картадан қажетті аумақты таңдайды, ал жүйе осы локацияда кімнің тіркелгенін немесе жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Жасанды интеллект бизнес ашуға неғұрлым қолайлы нұсқаларды ұсынады. Клиенттік ағын, бəсекелестік орта жəне таңдалған аумақтағы тіркелген бизнес ескеріледі. Шешім бизнес ашу кезіндегі тəуекелдерді төмендетуге жəне артық бəсекелестікті барынша азайтуға бағытталған. Бұл бизнесті іске қосу кезеңіндегі операциялық шығындарды 2 есеге дейін қысқартуға жəне бизнестің тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді.
Сондай-ақ Қаржы министрлігімен бірлесіп 24/7 онлайн режимде салық есептілігін тапсыру жəне салық нормаларын қолдану бойынша кеңес беретін AI-көмекші іске қосылды. Бұл жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне байланысты ерекше өзекті. Азаматтар мен бизнес салық мəселелері бойынша түсінікті əрі жедел түсіндірме ала алады. Қызметтің басты құндылығы - салық нормаларын қабылдау үшін жеңілдету. Пайдаланушы күрделі заң мəтінін емес, не істеу керектігін жəне қателерді болдырмау шаралары жөнінде анық кеңес алады. Бүгінгі күні 5 мыңнан астам сұраныстың өңделуі сервистің қажеттілігін көрсетіп отыр. Алдағы уақытта бизнесті жүргізуді жеңілдету үшін салық есептілігінің барлық түрлері мен декларацияларды автоматты түрде толтыруды енгізу жоспарлануда.
Келесі кейс - кəсіпкерлерге қаржыландыру алуға көмек көрсету. Бұрын қаржылық-экономикалық модельдерді дайындау үшін кəсіпкерлерге жеке мамандарды тартуға тура келетін. Бұл - қосымша шығын жəне уақыт. "Бəйтерек" холдингімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан AI-көмекші: қаржыландыруға өтінім беру процесін 24/7 сүйемелдейді, қатысу шарттарын түсіндіреді, сондай-ақ кəсіпкерлерді бизнес-жоспар мен құжаттарды дайындау кезінде қолдайды. Бұл əсіресе ісін жаңа бастаған кəсіпкерлер үшін бизнесті ашу жəне дамыту процесін барынша қолжетімді етеді.
Денсаулық сақтау саласындағы нəтижелі кейстердің бірі - Cerebra AI. Бұл - инсультті ерте диагностикалауға арналған жасанды интеллект. Ол компьютерлік томография нəтижесін 30 минуттың орнына 5-10 минут ішінде талдайды. Ол инсульт диагностикасын едəуір жылдамдатады жəне дəлдігін арттырады. Жүйе елордадағы 17 емханада, сондай-ақ Ақмола, Маңғыстау, Жамбыл жəне Алматы облыстарында енгізілді. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап инсультке күдігі бар жеті мың алты жүзден астам пациенттің деректері талданды. Өлім-жітім деңгейінің 40%-ға төмендеуі, сондай-ақ уақытылы ем алатын пациенттер үлесінің 150%-ға артқаны байқалады.
Ұялы байланыс сапасын арттыру үшін операторлар телеком-желілерін талдауға арналған жасанды интеллект енгізеді. Жүйе желі жүктемесін, пайдаланушылар тығыздығын жəне станциялар орналасуын талдап, болжайды. Осылайша, ресурстарды автоматты түрде, инженерлердің қатысуынсыз қайта бөлуге мүмкіндік береді. Алаяқтықпен күрес аясында AI-антифрод жүйесін енгізу жоспарлануда. Жаппай қоңырау шалу, нөмірді алмастыру немесе алаяқтық белгілері анықталған жағдайда жүйе қоңырауды абонент жауап бермей тұрып, миллисекундтар ішінде шектейді.
Осы шешімдердің тиімді жұмыс істеуі үшін жасанды интеллектіні дамытудың инфрақұрылымдық жəне құқықтық негізі маңызды. Орталық Азиядағы алғашқы жоғары өнімді суперкомпьютерлік кластер іске қосылды. Мемлекеттік органдар үшін Ұлттық жасанды интеллект платформасы іске қосылды. Бұл - мемлекеттік қызметшілерге арналған, қорғалған ортада жұмыс істейтін GPT аналогы. Платформада 15 мыңнан астам пайдаланушының 500 мыңнан аса сұранысы өңделді. Мемлекет басшысы "Жасанды интеллект туралы" Заңға қол қойды. Заң: жасанды интеллект саласындағы əзірлеу, қолдану жəне жауапкершілік мəселелерін реттейді; инновациялар мен азаматтардың құқықтық кепілдіктері арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді.
Astana Hub экожүйесінде 379 AI-жоба жүзеге асырылуда. Бұл AI-шешімдерді əзірлеу жəне оларды экономиканың түрлі салаларына енгізу үшін белсенді орта қалыптасқанын көрсетеді. Стартаптардың 2025 жылдың қорытындысы бойынша жиынтық табысы 103 млрд теңгені құрады. Барлық кезеңдегі жиынтық табыс 230 млрд теңгеге жетті. 2025 жылғы экспорт көлемі 3,5 млрд теңгеден асты. Сондай-ақ 5 700 жұмыс орны ашылды.
Жасанды интеллектіні енгізудің негізі - даярланған кадрлар. Мемлекеттік қызметшілер мен бизнестің жасанды интеллект саласында құзыреттерін дамыту бойынша жұмыстары жүргізілуде. AI Governance 500 бағдарламасы бойынша мемлекеттік жəне квазимемлекеттік сектордың 100-ге жуық топ-менеджері оқудан өтті. Келесі лектің басталуы осы жылғы маусым айына жоспарланған. Сонымен қатар AI Gov Cup конкурсы өткізілді. 6 номинация бойынша 184 жоба қаралды. Конкурс жеңімпаздарын Мемлекет басшысы марапаттады. Бұл конкурс мемлекеттік секторға арналған практикалық AI-шешімдерді қолдауға бағытталған. Экономика салаларына жасанды интеллектіні енгізуде AI Leaders бағдарламасы ерекше рөл атқаруда. Бағдарлама аясында 600-ден астам мемлекеттік қызметші мен түрлі саладағы кəсіпкерлер қамтылды. Бағдарлама Stanford University, OpenAI Academy жəне Silkroad Innovation Hub-пен бірлесіп жүзеге асырылуда. Оқу нəтижесінде қатысушылар Stanford сертификатын алады, сондай-ақ компаниялар үшін AI-стратегиялар əзірленеді. Бұдан бөлек, 3 мыңнан астам мемлекеттік қызметші Ұлттық жасанды интеллект платформасымен жұмыс істеу бойынша офлайн оқудан өтті. Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп іске қосылған AI Qyzmet бағдарламасы бойынша тағы 57 мың мемлекеттік қызметші оқудан өтті. Сонымен қатар əкімдіктердің 24 мыңнан астам мемлекеттік қызметшісі онлайн-оқумен қамтылды.
Биылғы 24 сəуірінде Мемлекет басшысы alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығын іске қосты. Жалпы ауданы 22 мың шаршы метрді құрайтын Орталықта: жасанды интеллектпен танысудан бастап, халықаралық нарықтарға шығуға дейінгі барлық мүмкіндік шоғырланған. 1-қабатта қоғамдық кеңістік, AI-кинотеатр жəне AI-музей орналасқан. Бұл - Орталық Азиядағы жасанды интеллект тарихына арналған алғашқы интерактивті музей. 2-3-қабаттарда 12-ден 18 жасқа дейінгі оқушыларға арналған TUMO Astana жұмыс істейді. Жылына 5 мыңға дейін оқушыны қамту жоспарланған. 4-қабатта өңірдегі алғашқы peer-to-peer мектебі - Tomorrow School орналасқан. Бүгінгі күні 21 мыңнан астам өтінім түсті. 5-қабатта: Apple Training Center, Playrix-пен бірлескен GameDev Center, сондай-ақ болашақ AI Research University орналасады. 6-қабатта ai’preneurs стартап-кампусы орналасқан. Қазірдің өзінде 3 лек өтіп, 1 400-ден астам өтінім қабылданып, 35 жаңа стартап іске қосылды. 7-қабатта Big-Tech компанияларының AI-зертханалары, ал 8-қабатта AI Governance Office орналасады. Онда экономика салаларында енгізу үшін үздік AI-шешімдер іріктеледі. Бүгінгі күні орталықта 9 елден келген 11 делегация қабылданды. Ал жыл сайынғы келушілер ағыны шамамен 100 мың адам болады деп күтілуде.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
28.04.2026, 12:07 4576
"Digital Qazaqstan" жалпыұлттық цифрландыру стратегиясы: Үкіметте экономика салаларында ЖИ енгізу мәселесі қаралды
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономика саласына жасанды интеллект енгізу мәселесі қаралды. Жиында Премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ "Қазақтелеком" АҚ, Астық консорциумы және "Ascle" ІТ стартап басшылығы баяндама жасады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Премьер-министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мәселелеріне және цифрлық технологиялар мен ЖИ-ді жаппай енгізуге айрықша мән беретінін, бұл елімізді жан-жақты жаңғыртудың негізгі факторларының бірі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша "Digital Qazaqstan" жалпыұлттық стратегиясының жобасы әзірленді. Ол жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын барынша енгізуді мақсат етеді. Аталған құжат алдағы уақытта саланың ұзақмерзімді даму бағдарына мүлдем жаңа көзқарасты қалыптастырып, қойылған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру шараларын үйлестіруге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында біз экономиканы цифрлық трансформациялауға айтарлықтай серпін беруіміз қажет", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша IT-қызметтер экспорты $1 млрд-тан астам деңгейге жеткізілді. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллектінің әлемдік экономикаға қосатын үлесі $22 трлн-нан асады. IT саласы ерекше қарқынмен дамып келеді, сондықтан жаһандық ауқымдағы цифрлық бәсекеге қабілетті болу үшін жұмыла жұмыс істеу керек. Еліміздің кәсіпорындарында цифрлық технологияларды енгізу өнімнің сапасын, еңбек қауіпсіздігі мен өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Есептеу қуатын дамытуға назар аударылады. Елімізде Alem.Cloud және AL Farabium өңірдегі ең ірі суперкомпьютер кластерлері орналасқан. Олар жаһандық TOP-500 рейтингіне кіреді.
Мемлекеттік органдар мен бизнес тарапынан жасанды интеллект шешімдерін әзірлеу үшін суперкомпьютердің артты.
Мемлекеттік органдар мен бизнес тарапынан есептеу қуаттарын бөлуге қатысты өтініштер санының артуына байланысты Премьер-министр Жасанды интеллект министрлігіне қолданыстағы көлемдерді ұлғайту бойынша және есептеу қуатының шектеулі болуы тежеуші факторға айналып кетпеуі үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Павлодар облысында "Деректерді өңдеу орталықтары алқабы" жобасын жүзеге асыруға инвесторлар тарту жұмысын жандандыру қажеттігі атап өтілді. Қазақстан инвесторлар мен ІТ-мамандар, соның ішінде шетелдік мамандар үшін де тартымды болуы керек. Жауапты ведомствоға Қазақстан аумағында бұлтты провайдерлердің қызметін реттеу мен оның дамуын ынталандыруға арналған заңнамалық түзетулер әзірлеу тапсырылды.
Премьер-министр жасанды интеллектіні жаппай енгізудің негізгі шарты сапалы әрі қолжетімді деректердің болуы екенін атап өтті. Шашыраңқы деректерді ретке келтіру, бизнеске мемлекеттік деректер қорының қолжетімді болуы және оларды пайдаланудың бірыңғай стандарттарын енгізу мәселелерін шешу міндеттері қойылды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне әдіснамалық базаны қалыптастыруды аяқтап, салалық "data-lake"-тер құруға басымдық беруді тапсырылды.
ЖИ дамуында жеке сектор маңызды рөл атқарады. Бизнес үшін экономикалық ынталандыру құралдарын әзірлеу қажеттілігіне, сондай-ақ қаржы институттарының, ең алдымен, цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану деңгейі жоғары жобаларға қолдау көрсетуіне баса назар аударылады. Жасанды интеллект жобаларының бірыңғай пулын қалыптастыру қажет. Бұл алдымыздағы мақсат-міндеттердің ауқымын айқындап, сапалы үйлестіруді қамтамасыз етеді және жобалардың қайталануын болдырмауға, ресурстарды тиімді жұмсауға ықпал етеді.
Премьер-министр қазіргі сын-қатерлер әлеуметтік-экономикалық даму барысын жоспарлаудың неғұрлым нақты құралдарына көшуді талап ететінін атап өтті. Жасанды интеллект үлкен деректерді өңдеуге, заңдылықтарды анықтауға және барынша нақты болжамдар жасауға мүмкіндік береді. Яғни, мемлекеттік экономикалық саясаттың тиімділігін арттырады.
Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі Жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп, экономикалық үдерістердің дамуын болжау үшін жасанды интеллектіні қолданудың нақты тетігін енгізуі қажет.
Кәсіпорындардың көпшілігіне, әсіресе шағын және орта бизнес үшін жасанды интеллект күрделі әрі қол жеткізе алмайтын құрал болып отыр. Мұның негізгі себептері - құзыреттердің, ресурстар мен нақты жүзеге асыру тетіктерінің жетіспеушілігі. Сондықтан Жасанды интеллект министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, шағын және орта бизнес саласында жасанды интеллектіні енгізуді ынталандыру тәсілдерін әзірлеуі қажет.
Ғылым және жоғары білім министрлігі осы бағытта жаңа мамандарды даярлаумен қатар, әртүрлі салада еңбек етіп жүрген кадрларды қайта даярлап, аталған мәселеге баса мән беруі тиіс.
Жаңа Конституцияда алғаш рет азаматтардың дербес деректерін қорғау құқығы бекітілді. Бұл саланың одан әрі дамуына серпін беріп, мемлекеттің стратегиялық басымдықтарын айқындайды. Қазір заңнамада жасанды интеллект жүйелерін пайдалану кезінде дербес деректерді қорғау қажеттілігі көзделген", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жасанды интеллект министрлігіне үшінші тараптар мен жүйелердің дербес деректерге рұқсатсыз кіруіне жол бермеу, сондай-ақ зияткерлік меншік нысандарына құқықтарды қорғау мақсатында тиісті бақылауды қамтамасыз етуді тапсырылды.
Digital Qazaqstan стратегиясының жобасы елімізде түбегейлі цифрлық өзгерістерді қамтамасыз етіп, экономика салаларында жасанды интеллектіні енгізуге бағытталғаны атап өтілді.
Тапсырмалардың жүзеге асырылуын бақылау және үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке жүктелді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
27.04.2026, 17:27 6001
Аида Балаева: Балалардың жазғы демалысы қауіпсіз, сапалы әрі сауықтыруға бағытталған болуы тиіс
Достарға айту
Бүгін Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Жиынға ҚР оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ҚР денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха, сондай-ақ облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Премьер-министрдің орынбасары жазғы науқанға дайындық барысы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы, медициналық көмек және каникул кезеңінде оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері бойынша қатысушылардың ақпаратын тыңдады.
Аида Балаева балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру басым міндеттердің бірі екенін атап өтіп, бұл бағыт барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктерінің үйлесімді жұмысын талап ететінін айтты.
Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сәйкес, биыл демалыс іс-шараларымен 3,2 млн баланы қамту жоспарланып отыр. Бұл - елдегі оқушылардың жалпы санының 86,2%-ы. Жазғы кезеңде балалардың демалысы жыл бойы жұмыс істейтін 20 орталықта, 179 маусымдық орталықта, сондай-ақ мектептер мен мектептен тыс ұйымдар жанындағы 10 894 орталықта ұйымдастырылады. Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі білім беру-сауықтыру орталықтарын лицензиялау тәртібін жаңартты. Лицензиялар меншік нысанына қарамастан, ұйымдарға "Электрондық үкімет" порталы арқылы 5 жыл мерзімге берілетін болады. Осы жылдың 1 мамырына дейін барлық қажетті нормативтік құқықтық актілерді қабылдауды аяқтау жоспарланып отыр.
Балалардың жазғы кезеңдегі мазмұнды әрі пайдалы бос уақытын ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Оқушылардың 97%-ын пайдалы қызмет түрлерімен қамту көзделіп отыр. Осы мақсатта шығармашылық, спорттық, туристік, зияткерлік және еңбек бағыттары бойынша бағдарламалар жүзеге асырылады. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2026 жылғы жазғы сауықтыру маусымына дайындық аясында балалар демалысының санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қазіргі уақытта санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылар беру жұмыстары қолға алынған. Лагерьлер жұмысына рұқсат берудегі негізгі фактор олардың дайындық сапасы болатыны атап өтілді.
Сонымен қатар ведомство алғаш рет лагерьлердегі медициналық қызметті лицензиялау, сондай-ақ жазғы сауықтыру лагерьлерінің дәрігерлері мен мейіргерлеріне арналған балаларды медициналық қамтамасыз ету және сауықтыруды ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірледі. Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп, жаңа Тамақтану стандартының талаптарына сәйкес балалар сауықтыру ұйымдарына арналған перспективалық мәзір нұсқалары әзірленіп жатыр. Бұл жұмысты осы жылдың 10 мамырына дейін аяқтау жоспарланған. Премьер-министрдің орынбасары жазғы демалыс қауіпсіз, сапалы, танымдық әрі сауықтыруға бағытталған болуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен бірге жазғы демалысты оқу процесінің жалғасына айналдырмау маңызды. Барлық тәрбие, экологиялық, мәдени және білім беру іс-шаралары балаларға қызықты, ойын түрінде әрі түсінікті форматта өткізілуі қажет.
Аида Балаева өңірлік штабтардың республикалық штабпен тығыз өзара іс-қимыл жасауы қажет екенін айтып, ең негізгі басымдық балалардың қауіпсіздігі екенін атап өтті. Бұл ретте үйлестіру жұмыстары мемлекеттік лагерьлерді де, жеке меншік балалар лагерьлерін де қамтуға тиіс. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, балалар сауықтыру лагерьлері қызметкерлерінің сапалық құрамына тексеру жүргізеді.
Жиынды қорытындылай келе, Аида Балаева жазғы демалыс бағдарламаларының мазмұнын сауықтыру, спорттық, мәдени, экологиялық және танымдық іс-шараларға басымдық бере отырып толықтыруды, балалар қатысатын көшпелі іс-шаралардың қауіпсіздік шараларын күшейтуді, тамақтану сапасына, ауыз суға және лагерьлердің санитариялық жағдайына ерекше бақылау орнатуды, мектеп жанындағы лагерьлердің дайындығына талдау жүргізіп, анықталған кемшіліктерді жоюды тапсырды. Бұдан бөлек Премьер-министрдің орынбасары Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан "Жасыл сабақтар" экологиялық жобасының элементтерін жазғы бағдарламаларға енгізуді тапсырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
27.04.2026, 14:24 6206
Олжас Бектенов "Самұрық-Қазына" АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді
Достарға айту
Премьер-министр Олжас Бектенов "Самұрық-Қазына" АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді, онда Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде экономиканы қолдау және ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Самұрық-Қазына" АҚ-ның 2026 жылғы 1 тоқсандағы өндірістік және қаржылық көрсеткіштеріне назар аударылды. Қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов есепті кезеңдегі кірістің 8%-ға, таза пайданың 93%-ға ұлғайғаны туралы хабарлады. Негізгі өндірістік көрсеткіштер бойынша жоспар орындалды.
Биыл сәуір айында "Самұрық-Қазына" компаниясының 3 млрд юань болатын дебюттік панда-облигацияларын Қытайдың ішкі нарығында сәтті орналастырғаны маңызды қадам болды. Орналастыру мерзімі - 3 жыл, облигациялардың кірістілігі - жылдық 2,18%, бұл - қарыз алудың рекордтық төмен құны әрі нарықтың қазақстандық қорға деген сенімін көрсетеді. Бұл қаражатты көлік-логистика, инфрақұрылым және тағы да басқа салаларды дамытуды қоса алғанда, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағыттау жоспарлануда.
Сонымен қатар есептік кезеңде бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Олардың қатарында "Тау-Кен Самұрық" АҚ мен Ngali Holdings (Руанда) арасындағы негізгі шарттар жөніндегі келісім (Term Sheet), сондай-ақ "Самұрық-Қазына Инвест" ЖШС мен AZCON (Әзербайжан) арасындағы Қазақстан мен Әзербайжан порттарында су түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу жобасы бойынша акционерлік келісім және басқа да құжаттар бар.
Президент тапсырмалары аясында жалпы құны 38,6 трлн теңгені құрайтын мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, көлік-логистика және тау-кен салаларындағы 64 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. 41 жоба бойынша ЕРС және СМР келісімшарттары жасалған, олардың 33-інде құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Атап айтқанда, осы жылдың наурыз айында Жамбыл және Павлодар облыстарында әрқайсысының қуаты 1 ГВт болатын екі ірі жел электр стансасының құрылысы бастау алды. Жобалар "жасыл" энергетиканы дамытуға және БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізуге бағытталған. "Бутадиен" мұнай химиясы жобасы бойынша Sinopec Guangzhou Engineering (ҚХР) компаниясымен EPC-келісімшарт жасалған, жұмыстарды осы жылдың мамыр айында бастау жоспарлануда. Тағы 6 инвестициялық жоба жобалау кезеңінде, ал 17 жоба инвестиция салу алдындағы сатыда тұр.
Бейнеу - Бозой - Шымкент" магистралінің екінші желісінің құрылысы, сондай-ақ Атырау облысындағы "ҰИМТ" арнайы экономикалық аймағының мәселелері қаралды. Жоба көмірсутек шикізатын терең өңдеу саласындағы ірі өндірістерді инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді көздейді. Қазақстан өнеркәсібі мен экономикасы үшін геологиялық барлау саласында жасанды интеллект технологияларын қолданатын "Тау-Кен Самұрық" жобасының маңызы зор.
Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов Қор басшылығына барлық жобалар бойынша бақылауды күшейтуді және оларды жүзеге асыру барысында тауарлар, жұмыстар мен қызметтердегі жергілікті қамту үлесін арттыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
27.04.2026, 13:22 6411
Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші әлемдік компаниялармен кездесу өткізді: Қазақстанда өндірісті локализациялау бойынша жаңа келісімдерге қол қойылды
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының машина жасауды дамыту және импортты алмастыру жөніндегі тапсырмалары аясында Еуропа, Канада және АҚШ-тың ауылшаруашылық техникаларын шығаратын жетекші компаниялары басшыларымен кездесу өткізді. Кездесуге қатысушылар өнеркәсіп кооперациясын тереңдету, өндірісті локализациялау және отандық кәсіпорындарға заманауи агротехнологиялар енгізу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Премьер-министр аграрлық сектордың өсіп келе жатқан қажеттіліктері ауыл шаруашылығы техникасының тұрақты және болжамды нарығын қалыптастыратынын атап өтті. Қазақстан ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі бойынша әлемде алтыншы орында. Егіс алқаптары шамамен 24 млн гектарды құрайды. Өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 9 трлн теңгеден асып, 6%-дан астамға өсті. Астық жинау 26 млн тоннаға, майлы дақылдар 5 млн тоннаға жетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласының технологиялық әлеуетін дамыту мен оны арттыру мәселесіне айрықша мән береді. Өндіріс көлемінің өсуі, өнімділіктің артуы және экспорттық жеткізілімдердің кеңеюі шаруаларды техникалық жабдықтауға қойылатын талаптарды күшейтуде. Сондықтан техниканы жаңарту, оның қолжетімділігін қамтамасыз ету, отандық өндірушілерді ынталандыру саланың әрі қарай дамуының негізгі шарттары ретінде қарастырылады. Қазақстанның жетекші шетелдік өндірушілермен серіктестігі тұрақты әрі өзара тиімді сипатқа ие және ұзақмерзімді кооперацияға бағдарланған. Үкімет жобаларды локализациялаудан бастап сыртқы нарықтарға шығуға дейінгі барлық кезеңде қолдау арқылы жаңа өндірістер құру үшін қолайлы жағдай жасауға дайын", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Еліміздің егіс алқаптарында 130 мыңнан астам трактор, шамамен 30 мың комбайн және 200 мыңнан астам тіркемелі және аспалы техника бірлігі пайдаланылуда. Бұл ретте өткен жылдың қорытындысы бойынша техника паркін жаңарту деңгейі 6,5%-ды құрады. Нысаналы мақсат - бұл көрсеткішті жыл сайын 10%-ға дейін жеткізу. Осы мақсатта мемлекет тарапынан қолдау шараларының жүйелі тетігі қалыптастырылған, оның ішінде техника сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30%-на дейін субсидиялау, кредиттер мен лизинг бойынша жүктемені төмендету, сондай-ақ отандық өндірістегі техника үшін 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру ұсыну қарастырылған. Қабылданып жатқан шаралар қазірдің өзінде нәтиже беруде - соңғы екі жылда отандық техника сату көлемі 35%-ға артып, 7,7 мыңнан 10,4 мың бірлікке дейін өсті. Сонымен қатар сұраныс құрылымы анағұрлым күрделі әрі жоғары технологиялық машиналарға қарай ауысуда. Бүгінде жыл сайын 8 мыңнан астам трактор және 1,2 мың комбайн шығаратын 8 ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Ішкі нарықтағы отандық техниканың үлесі шамамен 90%-ға жетті.
Халықаралық серіктестер локализацияны одан әрі тереңдетуге, технологиялар трансферіне, сервистік инфрақұрылымды дамытуға және Қазақстан нарығында қатысуды кеңейтуге қызығушылық білдірді. Толық технологиялық тізбекті қалыптастыру және отандық шаруалар үшін заманауи жоғары технологиялық жабдықтардың қолжетімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Президент пен Үкіметтің дәйекті өнеркәсіптік саясаты сенімге берік негіз қалап отыр. Алдымен елімізге нарық көшбасшысы John Deere келді, мұндай жетістік өзгелерге күшті сигнал болды: бүгін біз басқа да жаһандық ойыншылардың келіп жатқанын көріп отырмыз. Біз жаңа технологияларды қабылдап, озық стандарттарды енгізуге, техникалық мамандарымыздың біліктілігін арттырып, фермерлерді қазақстандық өндірістің жоғары технологиялық машиналарымен қамтамасыз етуге дайынбыз", - деді "АгромашХолдинг KZ" АҚ президенті Динара Шүкіжанова.
Біз Қазақстанның ұзақмерзімді ынтымақтастыққа ашықтығын және инвесторлар үшін жасалып жатқан жағдайды жоғары бағалаймыз. Былтырғы қарашада қол қойылған Қостанайдағы өндірісті локализациялау жөніндегі стратегиялық келісім серіктестігіміздегі маңызды қадам болды. Біздің компания алдағы жылдары 3 мыңға жуық техника шығаруды жоспарлап отыр. John Deere Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі стратегиялық әріптес ретінде қарастырады. Біз өндірісті одан әрі локализациялауға, өнімділікті арттыруға дайынбыз. Цифрландыру мен ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға назар аудара отырып, заманауи техника шығаруды жоспарлап отырмыз", - деп атап өтті John Deere компаниясының ТМД елдері бойынша вице-президенті Петер Заксе.
Жаңа тетіктердің арқасында ауыл шаруашылығы саласының түбегейлі жаңа деңгейіне қол жеткізілді. Қалыптасқан инвестициялық және институционалдық ахуал Қазақстанды ұзақмерзімді негізде технологиялар трансферті, жобаларды локализациялау және дамыту контекстінде шетелдік инвестициялар үшін тартымды алаңға айналдырады. Сонымен қатар адами капиталдың маңыздылығын атап өткім келеді. Біз оқыту және одан әрі жұмысқа орналастыру мақсатында жаңа бағдарламаны іске қостық", - деп атап өтті Eurasia Group AG бас операциялық директоры Сергей Глокке.
Өнімі 40-тан астам елге тарайтын, ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші жетекші компания Väderstad Group-тың (Швеция) директорлар кеңесінің мүшесі Кристина Старк Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін айтты: "Біздің компания Қазақстанның тұрақты серіктесі болуды және елдің ауыл шаруашылығын дамытуға қатысуды жоспарлап отыр. Өзара іс-қимылымыздың әлеуетін дамыту қазақстандық шаруалардың қажеттіліктеріне бағдарланған жаңа өнімдер шығаруға мүмкіндік береді".
Компаниялардың топ-менеджерлері серіктестікті дамытуға дайын екендігін білдірді. Олардың қатарында Dewulf компаниясынан - Хендрик Декрамер, Amity Technology - Майк Спренгер, Lindsay Corporation - Ричард Гарольд, Frans Vervaet B.V. - Робин Верват, Brandt - Филип Коржчак, Kuhn Group - Джеки Кирч және тағы да басқалар бар.
Қазақстан тарапынан өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың, "Бәйтерек" холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшиннің пікірлері тыңдалды.
Кездесу қорытындысы бойынша Қостанайдағы Локализация орталығының өндірістік базасында Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін локализациялауға бағытталған көпжақты келісімдерге қол қою рәсімі өтті.
Келісім "АгромашХолдинг KZ" АҚ, "Eurasia Group AG" ЖШС мен әлемдік жетекші өндірушілер - Väderstad Group, Dewulf, Lindsay Corporation, Amity Technology, Frans Vervaet B.V., Kuhn Group және Brandt компаниялары арасында жасалды.
Уағдаластықтарды жүзеге асыру саланың әлеуетін күшейтеді және Қазақстанның жаһандық өнеркәсіптік өндіріс жүйесіндегі мәртебесін нығайтуға бағытталған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
27.04.2026, 09:42 2361
Қазақстанға Нидерландтан 7000 алма телітушісі әкелінді
Достарға айту
Қазақстанға Нидерландтан 7 мыңнан астам алма тамырсабағы (телітуші) жеткізілді. Көшет шаруашылығы дамыған елден әкелінген бұл отырғызу материалы вирустардан таза көшет жүйесін қалыптастыруға негіз болады. Ол өнімділікті арттырып, жеміс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен.
Телітушілерді іріктеу мен жеткізу тұқымдар мен отырғызу материалдарын сертификаттауға маманданған Naktuinbouw халықаралық ұйымының ұсынымдарына сәйкес жүзеге асырылды. Жеткізуші - Vermeerderingstuinen Nederland компаниясы, ол basic санатындағы өнім ұсынды. Бұл оның жоғары сапасын және халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етеді.
Қазақстанға M9, MM106, MM111, B9, M7, P16 және P22 сияқты танымал сериядағы телітушілер әкелінді.
Сонымен қатар, ел ішінде де белсенді жұмыс жүргізілуде. Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының биотехнологиялық зертханаларында in vitro әдісі арқылы pre-basic және basic санатындағы шамамен 3 мың өсімдік өсірілді. Олардың қатарында отандық селекцияның клондық түрлері бар. Бұл еліміздің ғылыми базасының дамып келе жатқанын және бау-бақша саласындағы әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.
Алматы облысында, "Талғар" филиалы базасында, вирустардан таза телітушілерді өсіруге арналған арнайы базалық учаске құрылды. Бұл нысан сапалы отырғызу материалдарын одан әрі көбейтудің негізгі көзіне айналады. Сонымен қатар, мұнда көлемі 1,5 гектар болатын аналық-қалемшелік бақ қалыптастырылуда. Бұл ел ішінде көшет өндіру көлемін едәуір арттыруға және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Жобаның маңызды бағытының бірі - алма сорттарының ассортиментін кеңейту. Қазақстанға Gala, Fuji, Golden Delicious, Granny Smith сияқты сұранысқа ие коммерциялық сорттармен қатар Rubinette, Topaz және Baya Marisa секілді заманауи селекциялық жаңалықтар да әкелінді. Қазіргі уақытта олар жергілікті жағдайда сынақтан өтуде.
Жоба ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен ғылыми-техникалық бағдарлама аясында жүзеге асырылуда. Вирустардан таза отырғызу материалдарын енгізу бау-бақша саласындағы шығындарды азайтып, өнімділік пен сапаны арттыруға, сондай-ақ аграрлық сектордың экспорттық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
24.04.2026, 21:57Қазақстан мен Германия "жасыл" стратегиялық серіктестікті нығайтуда: климат, су және орнықты даму 27.04.2026, 11:09 108516Қазақстан мен БАӘ стратегиялық серіктестікті нығайтуға бейілділіктерін растады24.04.2026, 23:56 103816Қазақстан мен Латвия екіжақты қатынастарды тереңдетуге ұмтылысын растады24.04.2026, 23:47 100396Мәскеу мемлекеттік университетінде Қазақстанмен ынтымақтастық перспективалары талқыланды24.04.2026, 22:55 97921СІМ-де ЮНЕП делегациясының Қазақстанға сапарының қорытындылары талқыланды
10.04.2026, 23:02 726916Қазақстан-Польша Үкіметаралық комиссиясы аясында ынтымақтастық перспективалары қарастырылды13.04.2026, 21:35 473761Қазақстан СІМ-де Франция Сенаты делегациясымен кездесу өтті14.04.2026, 09:37 473651Латвия мен Қазақстан көлік және логистика салаларындағы екіжақты байланыстарды нығайтуды жалғастыруда13.04.2026, 19:54 Қазақстан CІМ басшысы мен ҰҚШҰ Бас хатшысы бұдан әрі болатын өзара іс-қимылдың мәселелерін талқылады473581Қазақстан CІМ басшысы мен ҰҚШҰ Бас хатшысы бұдан әрі болатын өзара іс-қимылдың мәселелерін талқылады10.04.2026, 22:00 462256Сеулде "Орталық Азия - Корея Республикасы" алғашқы саммитіне дайындық мәселелері талқыланды

