24.04.2026, 21:57 4041
Қазақстан мен Германия "жасыл" стратегиялық серіктестікті нығайтуда: климат, су және орнықты даму
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде "Орнықты дамуға бірлесіп қол жеткізу: Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасының "жасыл" болашақ жолындағы стратегиялық серіктестігі" тақырыбында Берлин Еуразиялық клубының кезекті отырысы өтті. Іс-шара Өңірлік экологиялық саммит аясында екі елдің мемлекеттік органдары, іскер топтары мен халықаралық ұйымдарының қатысуымен ұйымдастырылды., деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Өз сөзінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев 2012 жылдан бері Берлин Еуразиялық клубы диалогтан нақты бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін тиімді алаң ретінде өзін танытқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Германия арасындағы қатынастар сенімге, прагматизмге және ұзақ мерзімді мүдделердің үндестігіне негізделген стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті. Германия Еуропа одағындағы Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі, ал Қазақстан Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықтың маңызды орталығы.
Е.Ашықбаев климаттың өзгеруі жағдайында су экономикалық дамуға, азық-түлік қауіпсіздігіне және өңірлік қауіпсіздікке тікелей әсер ететін стратегиялық ресурсқа айналуда, әсіресе Орталық Азияда. Қазақстан су қауіпсіздігін мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде қарастырып, тиісті министрлікті құру, инфрақұрылымды жаңғырту және цифрлық әрі су үнемдеу технологияларын енгізуді қоса алғанда, жүйелі шараларды жүзеге асыруда.
Қазіргі уақытта Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын ілгерілетіп, халықаралық әріптестердің қолдауына үміт артады. Осы тұрғыда оның ішінде "Орталық Азия - Германия" форматы мен "Green Central Asia" бастамасы шеңберінде өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығы атап өтілді.
Германия экономикасының Шығыс комитеті басқарма төрайымы Катрина Клаас-Мюльхойзер Қазақстанның реформалардың серпінін жоғары бағалап, су секторындағы ынтымақтастықтың перспективаларын атап өтті. Мысал ретінде инновациялар, цифрландыру және кадр даярлау алаңы болатын Kazakh-German Water Hub құру бастамасы аталды.
Отырыс барысында тараптардың практикалық ынтымақтастықты тереңдету үшін елеулі әлеуетке ие екені, соның ішінде инфрақұрылымдық және экологиялық жобаларды бірлесіп іске асыру, ғылыми-зерттеу бастамаларын дамыту және өңірлік климаттық күн тәртібін нығайту мүмкіндігі айтылды.
Екі панельдік сессия барысында қатысушылар азық-түлік қауіпсіздігі, су ресурстарын басқару, климаттық орнықтылық мәселелерін, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздік пен экологиялық ынтымақтастықты нығайту құралы ретіндегі "Green Central Asia" бастамасын іске асыруды талқылады. Озық технологиялармен алмасуға және салааралық өзара іс-қимылды дамытуға ерекше назар аударылды.
Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Германияның Қоршаған орта мәселелері жөніндегі тәуелсіз институты; Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Германияның Қоршаған орта мәселелері жөніндегі тәуелсіз институты; Су ресурстарын ақпараттық-талдау орталығы мен Германияның Қоршаған орта мәселелері жөніндегі тәуелсіз институты; сондай-ақ "Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы" АҚ, "German Water Partnership" Германия су қауымдастығы және "System S&P GmbH" компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
24.04.2026, 14:53 2466
Қазақстан мен Оман Сұлтандығы арасында Инвестициялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстанға ресми сапармен келген Оман Сұлтандығы Премьер-министрінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Зиязин бен Хайсам Әл Саидпен кездесті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Жиында жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға қатысты мәселелер талқыланды. Энергетика, көлік-логистика, тау-кен өндіру, металлургия, цифрлық салалар, АӨК, туризм және т. б. салалардағы өзара іс-қимылды кеңейтуге назар аударылды.
Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары мәртебелі Сұлтанның Астанаға алғашқы ресми сапарына айрықша мән береді. Оман Сұлтандығы - Қазақстанның Таяу Шығыстағы және бүкіл араб әлеміндегі сенімді серіктесі. Қазақстан Үкіметі Оманмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты белсенді дамыту, екіжақты қарым-қатынастарды нығайту, инвестициялық байланыстарды кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасауға дайын", - деп атап өтті Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Қазақстан Республикасы Президентінің қолынан "Достық" орденін алу мен үшін үлкен мәртебе болды. Оман Сұлтандығы мен Қазақстан арасында берік әріптестік байланыстар орнаған, біз оларды одан әрі нығайтуға және дамытуға дайынбыз. Қазірдің өзінде инвестициялық ынтымақтастық жолға қойылған салалар бар. Біз сондай-ақ энергетика, жаңартылатын энергия көздері, технологиялар, қаржы секторы сияқты және басқа да бағыттарға басымдық беруді жоспарлап отырмыз", - деп атап өтті Оман Сұлтандығы Премьер-министрінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Зиязин бен Хайсам Әл Саид.
Қазақстан мен Оманның бірлескен портфелінде құны $3 млрд-ты құрайтын 5 ірі инвестициялық жоба, оның ішінде энергетика және теміржол тасымалы салаларында $1,1 млрд болатын 2 жоба іске қосылды. Қазір кенді қайта өңдеу саласындағы жобалар жүзеге асырылу сатысында.
Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру мақсатында күш-жігер біріктіруге мүдделі екендерін жеткізді. Атап айтқанда, кәсіпорындарды жаңғырту мен технологиялық дамытуға баса назар аудара отырып, тау-кен өндіру және мұнай-газ саласында бірлескен бастамаларды жүзеге асыру жөніндегі жоспарға назар аударылды.
Қазақстанның Орта дәліздің транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарын ескере отырып, логистика саласындағы түйісу нүктелері белгіленді. Екі мемлекеттің экономикасы мен өзара сауданың дамуына өңдеу кәсіпорындарын құру, ауыл шаруашылығы саласындағы технологиялармен алмасу және ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу туралы ұзақ мерзімді келісімдер жасасу жөніндегі бірлескен шаралар да ықпал етеді.
GovTech және жасанды интеллект саласындағы жобаларды жүзеге асыруға басымдық беріліп отырған цифрлық сала перспективалы бағытардың бірі болып танылып отыр.
Экотуризмді, қонақ үй және сервистік бизнесті дамытуда, мәдени және табиғи көрікті жерлерді насихаттауда тәжірибе алмасудың маңыздылығы атап өтілді.
Тараптар Қазақстан мен Оман арасындағы барлық басым бағыттар бойынша ынтымақтастық пен әріптестікті одан әрі нығайтуға бейілділігін растады.
*****
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Оман Сұлтандығы Премьер-министрінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Зиязин бен Хайсам Әл Саидтың қатысуымен "Самұрық-Қазына" АҚ мен Oman Investment Authority арасында инвестициялық ынтымақтастықтың негізгі шарттары (Heads of Terms) туралы келісімге қол қойылды.
Құжат бірлескен инвестициялық платформаны қалыптастыру, жаңа қазақ-оман кәсіпорындарын, инвестициялық қорларын және басымдық негізде бірлесіп инвестициялаудың өзге де тетіктерін іске қосу үшін институционалдық негіз қалайды.
Келісім өнеркәсіп, энергетика, денсаулық сақтау, логистика, тау-кен өндіру саласын және тағы да басқа қоса алғанда, экономиканың басым секторларында жобаларды жүзеге асыруды көздейді. Инвестицияларды Қазақстан Республикасы мен Оман Сұлтандығының аумақтарындағы қолданыстағы активтерге де, жаңа жобаларға да бағыттау жоспарлануда.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
17.04.2026, 20:43 356016
Мемлекет басшысы Анталия дипломатиялық форумының ашылу рәсіміне қатысты
Сурет: Akorda
Достарға айту
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумының ресми түрде ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Салтанатты іс-шарада Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған сөз сөйледі.
Сондай-ақ форум жұмысына Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Словения Президенті Наташа Пирц-Мусар, Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давкова, Молдова Президенті Майя Санду, Сирия Президенті Ахмед Аш-Шараа, Бурунди Президенті Эварист Ндайишимийе, Конго Демократиялық Республикасы Президенті Феликс Чисекеди, Босния және Герцеговина Төралқасының Төрағасы Денис Бечирович, Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе және басқа да делегация басшылары қатысты.
Анталия дипломатиялық форумы - жыл сайын жоғары деңгейде өтетін халықаралық пікірталас алаңы. Іс-шара саяси көшбасшылар, дипломаттар, сарапшылар, бизнес, медиа және азаматтық қоғам өкілдерінің басын қосады. Сонымен қатар форум екіжақты және көпжақты байланыстарға, саяси консультациялар мен бейресми кездесулерге арналған тиімді платформа саналады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
17.04.2026, 18:46 355756
Мемлекет басшысы Анталия дипломатиялық форумының панелдік сессиясына қатысты
Сурет: Akorda
Достарға айту
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумының "Mapping Tomorrow, Managing Uncertainties" панелдік сессиясына қатысты. Іс-шараны Түркия Парламентінің депутаты, бұрынғы сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы жүргізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысы Түркия Режеп Тайип Ердоғанның басшылығымен халықаралық аренадағы беделін арттырып келе жатқанын айрықша атап өтті.
- Ең алдымен, көреген көшбасшы Режеп Тайип Ердоғанның жетекшілігімен Түркияның осы аймақта зор рөл атқаратынын айтқым келеді. Өңір әлсін-әлсін бетпе-бет келіп отырған өзекті мәселелердің шешімін табуға елдеріміз айтарлықтай атсалыса алады деп ойлаймын. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Президент Ердоғанның келесі айда Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарына ерекше мән беріп отырғанымызды жеткізгім келеді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Содан кейін Қазақстан Президенті биыл әлемдік қоғамдастық алдында тұрған және жақын перспективадағы халықаралық күн тәртібін қалыптастыратын негізгі сын-қатерлер мен үрдістер жөніндегі ой-пікірімен бөлісті.
- Дипломаттар мен саясаткерлер адамзат жолайрықта тұр дегенді мысал етеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннанның: "Біз әлі де жолайрықта тұрмыз" деп жиі айтатыны есімде. Халықаралық шиеленісті азайтуға қатысты айтар болсақ, бұл жағдай ешқашан өзгермейді. Қазіргі қақтығыстар өңірлік ауқымнан шығып, жаһандық сипатқа ие болды. Әрине, БҰҰ - баламасы жоқ әмбебап ұйым, сондықтан әрбір мемлекетке белгілі бір жауапкершілік жүктеледі. Біріккен Ұлттар Ұйымына қолдау көрсету керек екенін жұрттың бәрі айтады. Бұл - факт. Бірақ Ұйымға қолдау көрсетіп қана қоймай, оған реформа жасау керек. Бұл да шындық. Ашығын айтқан жөн, "Ұйымға тез арада реформа жасалады" дегенге ешкім сенбейді. Өйткені БҰҰ-ны реформалау, өзгерту, қызметін қайта қарау мәселесін көптен бері көтеріп жүрміз. Одан ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау, ең алдымен, Қауіпсіздік Кеңесінен басталуы керек екенін мойындауымыз қажет, - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі көшбасшылардың бойынан табылуға тиіс қасиеттерге тоқталды.
- Жаһандық көшбасшылар, әлемнің әр қиырындағы жекелеген мемлекеттердің жетекшілері, ең алдымен, халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауы қажет деп санаймын. Қазіргі сәтте стратегиялық ұстамдылық өте маңызды. Менің ойымша, бүгінгі күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы әлемдегі шиеленістердің түйінін тарқату аса қиын емес. Жай ғана жауапкершілік танытып, сабырлы болу қажет, - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты пікірін жеткізді. Президент келіссөздер барысында басты мәселелерге ден қою керек деп санайды.
- Әлемде орын алған жағдайларға байыппен қарауға кеңес берер едім. Мәселен, бәрі Иранды талқылап жатыр. Әрине, бұл елдегі ахуал өте күрделі. Оған қатысты қандай да бір пікір айту қиын. Қазақстан Шығанақтағы елдерге тілектестігін білдірді. Біз тараптарды стратегиялық ұстамдылыққа және әскери іс-қимылды тоқтатуға шақырдық. Бұл қақтығыстың ауыр салдарын бәрі сезінді. Ең әуелі экономика құлдырады. Бүгінде Ормуз бұғазында кемелердің еркін жүзуіне қойылған тосқауыл туралы айтылып жатыр. Бірақ дәліздің қақтығысқа дейін еркін сауда жасауға ашық болғанын ескеру қажет. Сондықтан мәселенің мәніне үңілгеніміз жөн. Ал түйткіл ядролық технология мен ядролық қарудың таралуында еді. Бұл Иран төңірегіндегі қақтығысқа қатысты келіссөздердің басты тақырыбына айналуы керек. Бірақ қазір жаһандық сауда мәселесін талқылауға көшіп кеттік. Қиындықтарға қарамастан, ғаламдық сауда-саттық көлемі өсіп келеді. Былтырдың өзінде өсім 2,5 пайызды құрады. Яғни әлемдік саудадағы жағдай жаман емес. Алайда сауда-саттықтың сапасы мен мазмұны - үлкен проблема, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сонымен қатар Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты мүшелерінің ұстанымын Ұйымдағы дағдарыстың басты себептерінің бірі ретінде атады.
- Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау туралы айтқанда, барынша прагматикалық көзқарас ұстануымыз керек деп санаймын. Әйтпесе, алдағы уақытта да жолайрық, стратегиялық құндылықтар мен басқа мәселелер жайында айта береміз. Біз жаһандық, өңірлік кездесулер, конференциялар мен түрлі жиындар өткіземіз. Қазақстан және Түркия сияқты орта державалардың маңызы мен оң ықпалын атап өткім келеді. Әрине, әлемде бізге ешкім тең келмейді деп мақтанудан аулақпын. Бірақ жаһандық үдерістерде жоғары деңгейде жауапкершілік танытып жүрміз. Мұны дипломатиялық іс-әрекетіміз көрсетіп отыр. Сондықтан жаһандық мәселелердің шешіміне жиі қарсы келетін Қауіпсіздік Кеңесіндегі ірі державалардан гөрі орта державалардың жауапкершілігі жоғары десек, артық болмайды, - деді Мемлекет басшысы.
Келесі сұрақты қояр алдында Мевлют Чавушоғлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиядағы тәжірибесінің мол екеніне назар аударды.
- Президент Тоқаев - халықаралық жүйені, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымын өте жақсы білетін әлемдік көшбасшылардың бірі. Ол БҰҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымында қызмет еткенін білесіздер. Сол уақытта мен Еуропа Кеңесі Парламенттік ассамблеясының төрағасы болдым. Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас Қазақстан халқының игілігі жолында аянбай еңбек ете жүріп, халықаралық жүйенің тиімділігін барынша арттыруға үлес қосып келеді, - деді модератор.
Мемлекет басшысы БҰҰ мен басқа да халықаралық институттарды жетілдіру жөніндегі ойымен бөлісті.
- Біз өңірлік және жаһандық қақтығыстарды талқылаймыз. Алайда Сіз Түркияның бұрынғы сыртқы істер министрі ретінде келіссөздер БҰҰ мен басқа да ірі халықаралық ұйымдар алаңында емес, одан тысқары жерлерде өтіп жатқанын аңғарған шығарсыз. Тараптар БҰҰ-да емес, белгілі бір елдердің астаналарында, жекелеген конференц-залдарда кездеседі. БҰҰ жоғары өкілдерінің қақтығыстарға араағайындық жасағанын көре бермейміз. Бұл ойланатын мәселе. Демек БҰҰ-ның рөлі төмендеп кетті деген сөз. Мен оған қатты алаңдаймын. Өйткені өзім де БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдарда қызмет еттім. Қазір жұрт келесі БҰҰ Бас хатшысы кім болады деген тақырыпты талқылап жатыр. Менің ойымша, бұл аса маңызды емес. Ең басты түйткіл, ұйым қазіргі күйінде әрі қарай қызметін жалғастыра ала ма? - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің халықаралық ұйымдар қызметіне ықпалын зерделеуге шақырып, жаһандық Ұйымды түбегейлі реформалау қажет екеніне тоқталды.
- Әлгінде айтқанымдай, өте өзекті халықаралық мәселелердің шешілуіне Қауіпсіздік Кеңесінің өзі кедергі келтіріп отыр. Бұл оғаш, бәлкім, ақылға сыймайтын жағдай. Адамдар, дипломаттар мен саясаткерлер басқа алаңдарда келіссөз жүргізуге мәжбүр. Айтпақшы, бұл проблеманы былтыр қыркүйек айында өткен БҰҰ Бас ассамблеясының кезекті сессиясында Президент Дональд Трамп дәл сипаттады. Мен онымен толық келісемін. Ол БҰҰ штаб-пәтеріндегі бұзылған телесуфлер мен эскалаторды сынға алып, "БҰҰ-да бәрі істен шыққан!" деді. Алайда ең маңызды мәселе - Біріккен Ұлттар Ұйымында және басқа да халықаралық құрылымдарда бейбітшілікті сақтау үдерісі тоқырап тұр. Мен - көпжақты дипломатияның жақтаушысымын. Бейбітшілікке бастайтын әділдік идеясының төңірегіне топтасқан адамзаттың жарқын болашағына әлі де сенемін, - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, БҰҰ-ға уақыт талабына сай келмейтін идеялар мен ұстанымдардан арылу қажет.
- Аталған Ұйымның негізі 80 жыл бұрын қаланды. Кейбір адамдар ұйым әбден ескірді, құлдырап бара жатыр деген пікір айтады. Келісуге тура келеді. Бізге БҰҰ Жарғысына мұқият мән берген жөн. Жарғыда "дұшпан мемлекеттер" деген ұғым бар. Рас, 80 жыл бұрын бәрі түсінікті еді. Ал қазір әлгі "жау елдер" Ұйымды қаржыландыру және бейбітшілікті қолдау ісінде маңызды рөл атқарып отыр. Ең бастысы - БҰҰ-ның беделін көтеріп, тиімділігін арттыру, - деді ол.
Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев превентивті дипломатияның қақтығыстарды тоқтатуда өте өзекті екеніне мән берді.
- Бұл тақырып бұрыннан талқыланып келеді, кемінде 30 жыл болды. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Жағдай ділмәр сөз, декларация күйінде қалып жатыр. Өңірлік және жаһандық шиеленістерді болжауға баса мән берген жөн деп ойлаймын. Превентивті дипломатия дегеніміз - осы. Сонымен қатар біз көпжақты тиімді дипломатияға қолдау көрсету үшін күш-жігерімізді біріктіру керек, - деді Қазақстан Президенті.
Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давкова Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ өз жұмысында превентивті дипломатияға баса назар аудару керек деген пікіріне қолдау білдірді.
- Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропа Одағы әу баста әлемде бейбітшілік орнату үшін құрылған. Дегенмен екі құрылым да соғыспен бетпе-бет келіп, сәтсіздікке ұшырады. Неліктен бұлай болды? Өйткені превентивті дипломатия жоқ. Тоқаев мырза превентивті және проактивті дипломатия жайында айтты. Саяси шешімдер қабылдауда бізге осындай оң үлгі жетпей тұр, - деді Солтүстік Македония Президенті.
Сондай-ақ панелдік пікірталасқа Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе қатысты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
17.04.2026, 10:55 355361
Агробиотехникалық ынтымақтастық: Ғабидолла Оспанқұлов француз компаниясымен кездесті
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидулла Оспанқұлов француз компаниясының "Boehringer Ingelheim" өкілдерімен кездесті. Іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, "QazBioPharm" ҰХ" АҚ және "Kazakh Invest" ҰК" АҚ өкілдері қатысты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында тараптар аусылға қарсы ветеринарлық вакциналарды өндіру бойынша инвестициялық жобаның ағымдағы жағдайы мен перспективаларын талқылады. Олар ынтымақтастықтың бірінші жылының сәтті аяқталғанын және құзыреттер мен технологияларды біртіндеп беруді көздейтін келесі кезеңге көшудің жоспарланғанын атап өтті.
Сондай-ақ, тараптар ғылыми және өндірістік ынтымақтастықты дамыту және өндірісті оқшаулауды арттыруды қоса алғанда, одан әрі ынтымақтастықтың стратегиялық бағыттарын талқылады. Қазақстандық нысанда вакцина өндіру және көршілес елдерге экспорттау бойынша аймақтық хаб құру негізгі басымдық ретінде анықталды.
Boehringer Ingelheim" өкілдері Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға ұзақ мерзімді қызығушылықтарын растады, елдің компанияның жаһандық операцияларындағы стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жобаны іске асыру үшін бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыруға, соның ішінде вакциналарды қазіргі эпизоотикалық жағдайларға бейімдеуге және Қазақстанның агробиотехнология саласына инвестицияларды одан әрі тартуға байланысты мәселелерді шешуге келісті.
Анықтама үшін: Boehringer Ingelheim - 1885 жылы Альфред Бёрингер негізін қалаған фармацевтикалық компания. Германияның Ингельхайм қаласында штаб-пәтері орналасқан компания әлемдік фармацевтикалық компаниялардың жетекші 20-лығына кіреді және өзінің вакцина банкі бар аусылға қарсы вакциналарды өндіруде жетекші орын алады. Әлем бойынша 142 өкілдікте 47,4 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді.
Ветеринарлық өнімдерді өндіруші Merial компаниясы Boehringer Ingelheim компаниясының құрамына кіреді және сонымен қатар аусылға қарсы вакциналарды өндіруде көшбасшы болып табылады. Оның өнімдерін Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы (OIE) ұсынады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
14.04.2026, 09:37 390456
Латвия мен Қазақстан көлік және логистика салаларындағы екіжақты байланыстарды нығайтуды жалғастыруда
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Латвия Республикасындағы Елшісі Дәурен Кәріпов Латвия Республикасының Көлік министрі Атис Швинкамен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Тараптар көлік саласындағы ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады, оның ішінде транзиттік бағыттарды кеңейту, инфрақұрылымды жаңғырту және мультимодальды логистикалық тізбектерді дамыту мәселелерін қарастырды. Латвия порттары арқылы жүк тасымалын ұлғайтуға, қазақстандық тауарларды Еуропалық одақ елдеріне жедел жеткізу үшін Латвияның теміржол инфрақұрылымын тиімді пайдалануға, сондай-ақ жүк айналымы процестерін цифрландыру мен кедендік рәсімдерді жеңілдету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесуге қатысқан Қазақстан-Латвия Іскерлік кеңесінің тең төрағалары Роман Абенов пен Ринальдс Плявниекс көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту бойынша бірқатар нақты ұсыныстарын айтты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
13.04.2026, 21:35 390651
Қазақстан СІМ-де Франция Сенаты делегациясымен кездесу өтті
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Француз Республикасының Парламенті Сенатының Сыртқы істер, қорғаныс және қарулы күштер жөніндегі комиссиясының төрайымы - Франция Сенатының "Франция - Орталық Азия" достық тобының мүшесі Валери Буайе бастаған делегациямен кездесу өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында тараптар қазақ - француз стратегиялық әріптестігінің қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективаларын қарастырды.
Энергетика, көлік, және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге, сондай-ақ климаттық күн тәртібі мәселелері бойынша өзара іс-қимыл мен экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды ілгерілетуге ерекше назар аударылды.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың тиімді құралы ретінде парламентаралық диалогты кеңейтудің маңыздылығын атап өтіп, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестігін одан әрі дәйекті дамытуға өзара ниетілігін растады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
13.04.2026, 19:54 390846
Қазақстан CІМ басшысы мен ҰҚШҰ Бас хатшысы бұдан әрі болатын өзара іс-қимылдың мәселелерін талқылады
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Астанада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Бас хатшысы Таалатбек Масадыковпен кездесуі өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында ҰҚШҰ-ның ағымдағы жұмысы туралы мазмұнды әрі сындарлы пікір алмасу өтті. Өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылының тиімділігін одан әрі арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
ҰҚШҰ Бас хатшысы ағымдағы жылдың маусым айында Қазан қаласында (Ресей Федерациясы) өткізілуі жоспарланып отырған Ұйымның Сыртқы істер министрлері кеңесінің алдағы отырысына дайындық барысы туралы хабардар етті.
Кездесуге қатысушылар Ұйымды одан әрі нығайту мақсатында ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.
ҰҚШҰ 2002 жылы құрылған және құрамына Қазақстанмен қатар Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіретін халықаралық әскери-саяси ұйым болып табылады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
13.04.2026, 16:30 389861
Тәжікстанда тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Душанбеде 1995 жылғы 7 сәуірде тәжік-ауған учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының сыртқы шекараларын күзету жөніндегі әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Іс-шараға Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Уәлихан Төреханов, Тәжікстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің басшылығы, Тәжікстанның Шекара қызметінің ардагерлері мен әскери қызметшілері, Ардагерлер-интернационалистер одағының өкілдері, қазақ диаспорасы мен студенттер, сондай-ақ Душанбеде тіркелген Ресей, АҚШ, Иран және Түркия дипломатиялық миссияларының әскери атташелері қатысты.
Елші У.Төреханов өз сөзінде ТМД-ның сыртқы шекараларын қорғауда ерлік пен табандылық танытқан қазақстандық жауынгерлердің ерлігі Қазақстан халқының жадында мәңгі сақталатынын атап өтті. Ол олардың жанқиярлығы мен әскери борышқа адалдығы шынайы патриотизмнің, батылдық пен Отанға деген шексіз берілгендіктің үлгісі екенін айтты.
Елші сонымен қатар әскери қызметшілердің қаһармандығы туралы тарихи жадыны сақтаудың және осы құндылықтарды жас ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды.
Қазақ дипломаты Тәжікстан Республикасының басшылығына қазақстандық жауынгерлердің ерлігі туралы тарихи жадыны сақтауға көрсеткен тұрақты қолдауы мен еске алу іс-шараларын ұйымдастыруға жәрдемдескені үшін шынайы алғысын білдірді.
Іс-шараға қатысушылар өз сөздерінде Тәжікстанда өз өмірлерін қию арқылы әскери борышын өтеген, әскери антқа адал болған қазақстандық жауынгерлердің есімін құрметтейтінін жеткізді. Олар өздері қорғаған жандардың жадында мәңгі қалады.
1993 жылғы қаңтарда ТМД мемлекеттерінің басшылары тәжік-ауған шекарасын заңсыз топтардан бірлесіп қорғау туралы Келісімге қол қойған болатын. Осы Келісімді іске асыру мақсатында Қазақстанда Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің және Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің әскери қызметшілерінен құралған жиынтық батальон құрылды. Бұл батальон 8 жыл бойы тәжік-ауған шекарасын күзету жөніндегі үкіметтік тапсырманы орындады. Осы кезеңде 10 мыңнан астам қазақстандық сарбаз бен офицер бауырлас Тәжікстан халқына көмек көрсете отырып, ТМД-ның оңтүстік шекараларын қорғаудан өтті.
Бұл миссия тарихында 1995 жылғы 7 сәуірде Дарваз ауданының Пшихавар шатқалында қазақстандық 7-ші жиынтық ротаның қоршауға түскен қайғылы оқиғасы ерекше орын алады. Бес сағатқа созылған шайқас нәтижесінде 17 әскери қызметші қаза тауып, ондаған адам жараланды. Көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін қаза тапқан бес әскери қызметші II дәрежелі "Айбын" орденімен, он екісі "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен марапатталды.
Қазақстандықтардың ерлігін есте сақтау мақсатында 2007 жылы Душанбе қаласындағы Фирдавси атындағы саябақта ескерткіш мемориал орнатылды, оған жыл сайын адамдар гүл қойып, тағзым етеді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
25.04.2026, 10:15Алматы - мейірімді адамдар қаласы
24.04.2026, 14:53 2881Қазақстан мен Оман Сұлтандығы арасында Инвестициялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды24.04.2026, 21:57 2396Қазақстан мен Германия "жасыл" стратегиялық серіктестікті нығайтуда: климат, су және орнықты даму24.04.2026, 16:47 1336Мемлекет басшысы Alem.ai battle және AI Governance Cup байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі24.04.2026, 15:50 1091Мемлекет басшысы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына барды24.04.2026, 12:55 771Олжас Бектенов Алматы тау кластері мен Almaty Superski жобаларын жүзеге асыру қарқынын жеделдетуді тапсырды
10.04.2026, 23:02 724306Қазақстан-Польша Үкіметаралық комиссиясы аясында ынтымақтастық перспективалары қарастырылды10.04.2026, 22:00 459626Сеулде "Орталық Азия - Корея Республикасы" алғашқы саммитіне дайындық мәселелері талқыланды13.04.2026, 19:54 Қазақстан CІМ басшысы мен ҰҚШҰ Бас хатшысы бұдан әрі болатын өзара іс-қимылдың мәселелерін талқылады391261Қазақстан CІМ басшысы мен ҰҚШҰ Бас хатшысы бұдан әрі болатын өзара іс-қимылдың мәселелерін талқылады13.04.2026, 21:35 391066Қазақстан СІМ-де Франция Сенаты делегациясымен кездесу өтті14.04.2026, 09:37 390871Латвия мен Қазақстан көлік және логистика салаларындағы екіжақты байланыстарды нығайтуды жалғастыруда

