Алғаш рет есту қабілеті бұзылған, бірақ мүгедектік мәртебесі жоқ балалар есту аппараттары мен аудиопроцессорлармен қамтамасыз етілуде. Ол бірнеше жылдан бері ата-аналар тарапынан қозғалып келген түйткілді шешімдердің бірі. Дәл осылай алғаш рет бет қаңқасы мен басының туа біткен анатомиялық ақаулары бар балаларға генетикалық скринингтер, реконструктивтік және пластикалық операциялар жүргізу де заңмен бекітілді. Нәтижесінде күрделі диагноздар ерте анықталып, мүгедектіктің алдын алуға жол ашылды. Кератопластика бойынша трансплантациялау тізбесі де кеңейтілді. Балалардың уақытша қозғалысы шектелген кезеңдерде көмекші техникалық құралдарды алуына, кәмелетке толмаған туысқан донордан сүйек кемігін транспланттауға, сондай-ақ ем алу үшін басқа өңірге шыққанда жол жүру шығындарын өтеуге қатысты жаңа заңнамалық нормалар бүгінде Мәжілістің қарауында", - деді министр.
Еліміздегі барлық мектептер емханаларға бекітілген, онда 6300-ден астам медициналық пункт жұмыс істейді. Жалпы, медициналық пункттердің жабдықталуы 19%-ға артып, 93%-ды құраса, мейірбикелермен қамтылу 9%-ға жақсарып, 95%-ды құрап отыр. Дегенмен, мектептердің медицина қызметкерлері жазатайым оқиғалар кезінде ғана емес, жүректің кенеттен тоқтауы секілді шұғыл жағдайда да көмек көрсетуге дайын болуы тиіс. Сондықтан мектептерді дефибрилляторлармен қамтамасыз ету өте маңызды. Осы орайда, әкімдерден жарақтандыруға тиісті қаржыландыру қарастыруын сұраймын. 2025 жылы білім беру ұйымдарында оқушылардың жас ерекшеліктері мен физиологиялық қажеттіліктерін ескеретін теңгерімді тамақтануға бағытталған жаңа стандарт қолданысқа енгізілді. Қазіргі уақытта 10-18 жас аралығындағы балаларға аймақтарда 85 жастар денсаулық орталықтары, 97 бастапқы психикалық денсаулық орталығы жұмыс істеп тұр, онда тегін консультациялық көмек ала алады. 2024 жылы Денсаулық сақтау Кодексіне электрондық темекі мен вейп айналымына толық тыйым салу жөніндегі норма енгізілді, сондай-ақ тыйым салуды бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделді. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды, ал осы жылғы 1 қаңтарда оған әкімшілік жауапкершілік енгізілді", - деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

