21.05.2026, 11:36 2366
Қазақстанда балалар лагерьлеріне бірыңғай талаптар енгізілді
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Оқу-ағарту министрлігі балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. 2026 жылғы 1 сәуірден бастап елімізде алғаш рет балалар сауықтыру орталықтарының қызметін лицензиялау жүйесі енгізілді. Бұл бастама балалардың демалысы, оқуы және сауықтырылуы үшін бірыңғай талаптарды қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінен.
Ұйымдарға түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, құжаттарды жыл сайын қайта рәсімдеу қажеттілігін болдырмау мақсатында лицензияның қолданылу мерзімі бес жыл болып белгіленді. Бұл ұйымдар қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, мемлекеттік бақылауды жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді.
Лицензиялау балаларға көрсетілетін білім беру және сауықтыру қызметтерінің сапасын арттыруға, сондай-ақ қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Жаңа талаптарға сәйкес балалар сауықтыру орталықтары инфрақұрылым, кадрлық қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету және қауіпсіздік бағыттары бойынша белгіленген стандарттарға сай болуы тиіс.
Сонымен қатар жаңа жүйе талаптарға сәйкес келмейтін және қауіпсіздік талаптарын сақтамайтын бейресми ұйымдардың қызметін шектеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде қызмет сапасы артып, ұйымдардың жауапкершілігі күшейеді.
Балалар сауықтыру орталықтарына қойылатын негізгі лицензиялық талаптар:
- білім беру және сауықтыру бағдарламаларының болуы;
- білікті педагогикалық және медициналық кадрлармен қамтамасыз етілуі;
- санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы;
- қауіпсіздік жүйелерінің болуы;
- материалдық-техникалық базаның белгіленген стандарттарға сәйкестігі.
Жазғы демалысты ұйымдастыру мақсатында өңірлерде әкімдіктер жанынан ведомствоаралық штабтар құрылды. Ведомствоаралық комиссиялар балалар сауықтыру орталықтарының маусымға дайындығына алдын ала бағалау жүргізіп жатыр. Ал Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің аймақтық департаменттері балалар сауықтыру-білім беру орталықтарының өтінімдері негізінде лицензия рәсімдеуде.
Қабылданған шаралар балалардың демалысы мен сауықтырылуын қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыруға, сондай-ақ елімізде білім беру-сауықтыру қызметтерінің бірыңғай стандартын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
22.05.2026, 10:26 906
Президент тапсырмасы бойынша Ақтөбеде музыкалық-драма театрының құрылысына 8 млрд теңге бағытталды
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақтөбе қаласында Тахауи Ахтанов атындағы драма театры үшін жаңа ғимарат салу жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында Үкімет резервінен 8 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Үкімет бөлген қаржы театр құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтауға мүмкіндік береді.
Театр қала мен аймақтың мәдени өмірі үшін өте маңызды, оның тарихы 80 жылдан асады.
Театрдың жаңа ғимараты Алтын орда шағын ауданында салынып жатыр, 700 орынға есептелген театр өнердің заманауи талаптарына сай үлкен және кіші залдардан, заманауи репетициялық үй-жайлар мен сахналық кеңістіктерден тұрады. Театрдың айналасында демалыс орталықтары, саябақ пен қала тұрғындарының демалуына арналған стадион салу көзделген.
Жаңа мәдени нысанның құрылуы қала мен облыс халқының екі есеге жуық өсуіне байланысты, бұл мәдени инфрақұрылымды кеңейту және шығармашылық қызмет үшін жаңа алаңдардың пайда болу қажеттілігін арттырды. Жалпы, жоба театр қызметтерінің сапасын арттыруға, шығармашылық ұжымдардың жұмысы үшін заманауи жағдай қалыптастыруға және театр өнерін одан әрі дамытуға ықпал етеді.
Тарихи-мәдени мұраны сақтау мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі ретінде еліміздің жаңа Конституциясында бекітілген. Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында өткен жылы елімізде 61 мәдени нысан салынып, 250-ден астам мекемеге жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
21.05.2026, 18:23 3566
Мемлекет басшысы Қызылорда облысының әкімін қабылдады
Сурет: Akorda
Достарға айту
Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің қаңтар-сәуір айларындағы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері және алдағы әлеуметтік-экономикалық даму жоспары баяндалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың айтуынша, өңірде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, экономиканы әртараптандыруда алдағы үш жылға 1 триллион 900 миллиард теңгенің 48 инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Биыл 1 триллион теңгеге 14 ірі жобаның құрылысы басталады. Президенттің Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасына сәйкес, Қызылорда қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана, 500 орындық емхана, 200 орындық перинаталдық орталық, жаңа драма театры мен заманауи кітапхананың құрылыстары жүргізіліп жатыр. Қызылорда - Ақтөбе автожолын кеңейту жобасының бірінші кезеңі басталды. Бейнеу - Сексеуіл тас жолының құрылысы жақында қолға алынбақ.
Жыл соңына дейін 10 елді мекен газдандырылып, халықтың 85 пайызы көгілдір отынды тұтына бастайды. Үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамту мақсатында биыл 2 400 пәтер беру жоспарланған. Облыстағы 138 шақырым автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдерін жөндеуден өткізу, жолдардың 95,5 пайызын жақсарту көзделген.
Мемлекет басшысы облыс әкіміне экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, экологиялық ахуалды ілгерілету және ауыл шаруашылығына су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын жалғастыру бойынша бірқатар тапсырма берді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
21.05.2026, 17:20 2966
Мемлекет басшысы Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановты қабылдады
Сурет: Akorda
Достарға айту
Президентке өңірдің былтырғы және 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында мәлімет берілді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткен жылдың қорытындысына сәйкес, Павлодар облысында барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалатыны жөнінде баяндалды.
Асайын Байхановтың айтуынша, өңір экономикасына шамамен 1,3 триллион теңге инвестиция тартылып, өсім 47 пайызды құраған. Инвестиция тарту жөнінен облыс республикадағы көшбасшылардың бірі саналады.
Былтыр өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,1 триллион теңгеге жетті. Елімізде өндірілетін көмір мен ферроқорытпаның 58 пайызы, электр қуатының 42 пайызы Павлодар облысына тиесілі.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 9,6 пайызға артып, 571,4 миллиард теңгеге жетті. Ылғал үнемдеу технологиясын қолдану бойынша Павлодар облысы өңірлер арасында алдыңғы қатардан көрініп, шаруалар картоп, күнбағыс және қарақұмықты мол жинады.
Мемлекет басшысына әлеуметтік міндеттемелердің орындалу барысы туралы ақпарат берілді. Өңірде 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, қалаларда 2 мектеп және ауылдарда 3 мектеп, сондай-ақ 30 денсаулық сақтау нысаны бой көтерді. Биыл тағы 2 мектеп салу және әлеуметтік маңызы бар 5 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Облыс әкімінің айтуынша, былтыр ауылдардың барлығы таза ауыз суға қол жеткізген. Өңірдің үш қаласындағы қоғамдық көлік паркі толық жаңартылды. Жақсы жағдайдағы автокөлік жолдарының үлесі 96 пайызға көбейіп, 621 шақырым автокөлік жолы және ауыл ішіндегі көшелер жөнделді. Биыл өңірдегі перспективті ауылдардың кіреберіс жолдарын асфальттау жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.
Президентке Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпір салу, әуежайдың ұшу-қону жолағын және "Шахтер" саябағын жаңғырту, трамвай паркін жаңарту, үшінші ГРЭС салу және "Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы" жобасын жүзеге асыру жөніндегі тапсырмаларының орындалуы жайында есеп берілді.
Президент Екібастұз қаласының әуе қатынасын дамытуға ерекше назар аударып, облыс әкіміне шаһарда жаңа әуежай ашу мәселесін жан-жақты пысықтауды тапсырды. Бұл жобаны іске асыру өңірдің көлік-транзит әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі. Сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамуына тың серпін береді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы инвестиция тарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және инженерлік-коммуналдық кешенді жаңғырту жұмыстарын жалғастыру жөнінде міндет жүктеді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
21.05.2026, 16:24 1136
Жаңа қуат көздері, газбен қамту және жылу беру: Нұрлыбек Нәлібаев Қарағанды облысының негізгі жобаларымен танысты
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды. Онда өңірдегі негізгі міндеттердің орындалу барысын тексеріп, ірі индустриялық әрі энергетикалық жобалардың жүзеге асырылуымен танысты. Жұмыс сапары барысында өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғырту, жылыту маусымына дайындық, жылу энергетикасы мен газбен қамту жұмыстарын жалғастыруға ерекше назар аударылды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Теміртауда Qarmet металлургиялық комбинатында болып, өндірістік процестермен және кәсіпорынды жаңғырту бағдарламасымен танысты.
Домна пештерін табиғи газға ауыстыру мазутты пайдалануды толығымен тоқтатып, қондырғының орнықты жұмысын нығайтуға және қоршаған ортаға әсерді азайтуға мүмкіндік берді", - деді Qarmet корпорациясының басқарма төрағасы Петр Трушин.
Сондай-ақ Нұрлыбек Нәлібаевқа комбинаттың жаңа өндірістік нысандарын салу барысы туралы баяндалды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорын 3,8 млн тонна болат шығарған. "5-9-5" стратегиясы аясында 2028 жылға қарай компания өндірісті 5 млн тонна болат, 9 млн тонна көмір және 5 млн тонна темір кені концентратына дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Жұмыс сапарының бір бөлігі 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындыққа және Теміртау мен Қарағанды қалаларының энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртуға арналды.
Алдағы жылыту маусымында проблемалар болмауы керек. 1 қыркүйекке дейін барлық нысандар бойынша дайындық паспорттарын алу қажет. Жылыту маусымы кезінде іркілістерге жол беруге болмайды", - деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары сондай-ақ Қарағанды ЖЭО-3-ті жөндеу жұмыстарының барысымен және стансаны кеңейту жобасымен танысты. Жаңа энергия блогы электр қуатын 140 МВт-қа, ал жылу қуатын 180 Гкал/сағатқа арттыруға мүмкіндік береді.
ЖЭО-3-ті кеңейту - өңірдегі ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Жұмыс аяқталғаннан кейін қосымша қуат резерві пайда болып, 400-ден астам тұрғын үй мен әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етіледі", - деп хабарлады "Қарағанды Энергоцентр" ЖШС бас директоры Флюр Гарипов.
Сапар барысында Қарағандыны газбен қамту мәселелері де сөз болды. Биыл жобаның бірінші кезеңін аяқтау жоспарлануда.
Бірінші кезек бойынша 10 мыңнан астам абонентке газ жеткізіледі. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін екінші кезекке көшеміз, олар - Пришахтинск, Майқұдық және Сұрыптау тұрғын үй алаптары", - деді Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов.
Өңірдің индустриялық дамуы аясында Нұрлыбек Нәлібаев өңдеу өнеркәсібінің бірқатар кәсіпорында болды.
ТАМПО Қазақстан" зауытында оның назарына түзу тігісті болат құбырларды шығару бойынша жаңа өндірістік желі ұсынылды. Диаметрі 630 мм болатын құбырларды күйдіру мен шынықтырудың арнайы технологиясы өнімдерді -60-тан +60 градусқа дейінгі температурада пайдалануға мүмкіндік береді. Қазақстанда мұндай өндірістің баламасы жоқ.
Silk Road Electronics кәсіпорнында вице-премьер тұрмыстық техника өндірісімен және оны локализациялау бағдарламасымен танысты. Бүгінде зауытта кір жуғыш машиналар, шаңсорғыштар, бойлерлер, ас үй плиталары, теледидарлар мен ауа баптағыштар шығарылады.
Қазір кәсіпорында 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Толық қуатқа шыққаннан кейін қызметкерлер саны 800 адамға дейін артып, өнім саны жылына миллион бірлікке дейін жетеді", - деді компанияның операциялық директоры Талғат Әбдірахманов.
Сондай-ақ Премьер-министрдің бірінші орынбасары QazTehna және Tengri Tyres кәсіпорындарында болып, автобустар мен арнайы техникалар шығару желісімен және автомобиль шиналары өндірісімен, сондай-ақ кәсіпорын қуатын одан әрі кеңейте түсу жоспарымен танысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз еліміздің өңірлерін жиі аралаймыз. Қарағанды облысында көптеген маңызды жобалар жүзеге асырылуда, ірі өндірістер жұмыс істеп тұр, онда сан мың адам еңбек етеді. Біз кәсіпорындардың толыққанды өндіріс құрып, оны одан әрі дамытуды жоспарлап отырғанын көрдік", - деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Премьер-министрдің бірінші орынбасары өнеркәсіптік және энергетикалық жобаларды жүзеге асыру Қарағанды облысын дамытудың маңызды факторларының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
21.05.2026, 15:22 1461
Ішкі әуе бағыттарын дамыту және әуе паркін жаңғырту: Нұрлыбек Нәлібаев Air Astana әуе компаниясының қызметі жөнінде кеңес өткізді
Достарға айту
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Air Astana әуе компаниясы басшылығының есебін тыңдады. Онда компанияның қазіргі қызметі мен дамудың негізгі бағыттары бойынша жоспарлары баяндалды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Жиын барысында халықаралық және ішкі маршрут желісін дамыту, әуе кемелері паркін жаңарту, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар кеңеске қатысушылар әуе тасымалдаушының стратегиялық жоспарларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдармен және серіктестермен үйлестіруді күшейту шаралары талқылады.
Air Astana әуе компаниясының бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыелдің айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша компания 9,7 млн жолаушы тасымалдаған. Бүгінде компанияның әуе кемелері паркінде 62 ұшақ бар, ал 2030 жылға қарай олардың санын 86-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар әуе компаниясы былтыр 25 жаңа бағыт ашса, биыл тағы 16 бағытты іске қосуды көздеп отыр.
Кеңес соңында компания басшылығына негізгі бағыттар бойынша жұмысты жалғастыру, әсіресе ішкі әуе бағыттары желісін дамытуға ерекше көңіл бөлу тапсырылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
21.05.2026, 14:17 3196
Мемлекет басшысы мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі
Сурет: Akorda
Достарға айту
Президент, ең алдымен, салтанатты іс-шараға қатысушыларды Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
- Бұл - еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке. Мәдениет - халқымыздың ұлттық болмысы мен рухани дербестігінің арқауы екенін бәріміз жақсы білеміз. Мәдени және рухани дүниесін сақтай білген елдің мәртебесі биік, мерейі үстем болары айқын. Сіздер осы игі мақсат жолында табанды жұмыс істеп келесіздер. Қоғамымыз бұл еңбекті жоғары бағалайды. Бүгін мен кәсіби мереке күні еліміздегі барша мәдениет және өнер саласы мамандарына шынайы алғысымды білдіремін! Қазақ - өнердің киесін ұғатын, өнерпаздың қадірін білетін жұрт. Біз ерекше дарын иелеріне әрдайым лайықты құрмет көрсетеміз. Жұртымыз "Өнердің өрісі кең" деп сіздерді қашанда қадірлеген. Міне, бүгінгі жиын да соның бір көрінісі. Шын мәнінде, руханияты бай елдің ойы озық, болашағы жарқын болады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазір Қазақстанда ауқымды өзгерістер болып жатқанын айтты.
- Бұл жай ғана өзгерістер емес: еліміздің болашағына тікелей қатысы бар, мағынасы ауқымды, терең, кешенді, жүйелі реформалар жасалуда. Мақсатымыз - Отанымызды күшті, озық мемлекет ретінде дамыту, сондай-ақ, дарынды, отаншыл, жігерлі және көзі ашық, көкірегі ояу жастардың өмір жолын ашып беру. Наурыз айында бәріміз бір ел, бір халық болып конституциялық реформаға бірауыздан қолдау көрсеттік. Ортақ іске мәдениет саласының мамандары мен өнер қайраткерлері де белсене атсалысты. Саяси науқан кезінде халқымыз еліміздің жарқын болашағына үлкен сеніммен қарап, тарихи таңдауын жасады. Осылайша, жаңа Конституциямыз тұғырына қонды. Расында, бұл Қазақстанның келешегін айқындайтын маңызды шешім болғаны анық. Ата заң - ел тәуелсіздігі мен мемлекеттігінің мызғымас кепілі, халқымыз жүріп келе жатқан жолдың басты темірқазығы. Конституцияда ұлтымыздың мүддесі, мақсат-мұраты мен арман-тілегі айқын көрініс тапты. Ата заңға сәйкес еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау бұлжымас қағидат саналады, - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияда тарихи-мәдени мұрамызды сақтау мәселесіне де баса назар аударылғанын жеткізді.
- Енді мәдениет саласын қолдау - мемлекеттің конституциялық міндеті. Қазір бұл бағытта ауқымды шаруа жасалып жатыр. Мен Мемлекет басшысы ретінде ұлт руханиятына адал қызмет етіп жүрген мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беріп отырмын. Мәселен, соңғы бес жылда олардың жалақысы екі есе ұлғайды. Биылдан бастап өнерпаздарға берілетін мемлекеттік стипендия көлемі екі есе өседі. Тек былтырдың өзінде елімізде 61 мәдениет нысаны салынды. 250-ден астам мекемеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы Президент Жарлығымен үш бірдей мұражайға "Ұлттық" мәртебе берілді. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады. Меніңше, Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрына және Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияға "Ұлттық" мәртебе берілсе, орынды болар еді. Сондай-ақ Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрына "Академиялық" мәртебе беру керек деп есептеймін. Аталған өнер ұжымдары тұтас еліміздің рухани мұрасын байытуға өлшеусіз үлес қосып келеді, - деді Президент.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы дәстүрлі өнерді, әсіресе, жыр, терме, күй өнерін дамытуға ерекше мән беру қажет деп санайды.
- Төл өркениетіміздің осындай теңдессіз қазыналарын дәріптеп жүрген өнер адамдарына қолдау көрсету маңызды. Осы орайда, мен "Асыл мұра" ұлттық сыйлығын тағайындау туралы шешім қабылдайтын болдым. Бұл марапат дәстүрлі өнер өкілдерін қолдауға, олардың шығармашылығын насихаттауға, ұлттық өнердің беделін арттыруға ықпал етеді. Осы жоғары дәрежелі сыйлықпен тиісті министрліктің ұсынысы бойынша Мемлекет басшысының Жарлығымен лайықты өнер және мәдениет қайраткерлері марапатталады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, мәдениет пен өнер саласы ел өмірінің ажырамас бөлігі ретінде әрдайым мемлекет назарында болады.
- Еліміздің төл мәдениеті дүние жүзіне лайықты деңгейде танылып келеді. Халқымыз жақсы көретін әйгілі музыканттар, әншілер, актерлер, суретшілер, бишілер, креативті индустрия өкілдері және басқа да өнер шеберлері қазіргі қазақ руханиятының жарқын бет-бейнесіне айналды. Қазақстанның шетелде кеңінен танылған медиа жобасы - Silk Way Star халықаралық ән байқауы. Бұл - заманауи мәдени дипломатияның бір үлгісі. Еліміз халықаралық ұйымдармен ықпалдастықты айтарлықтай күшейтті. Ірі мәдени-ағарту жобалары белсенді түрде қолға алынып, ғылыми бастамалар көтерілуде. Бұл сан қырлы қазақ мәдениетін насихаттау бағытындағы дұрыс әрі қажетті іс. Бүгінгі кездесуіміз маңызды күннің қарсаңында өтуде. Мұның символдық мәні зор. 1992 жылы 22 мамырда Қазақстан ЮНЕСКО-ның толық мүшесі атанды. Айтпақшы, осыдан 34 жыл бұрын, дәл сол күні министрдің орынбасары ретінде аталған беделді халықаралық ұйымның Париждегі штаб-пәтеріне барып, ЮНЕСКО-ның сол кездегі Бас директоры Федерико Майормен бірге осы тарихи уақиғаға қатысты құжатқа қол қойған едім. Содан бері еліміздің жиырмаға жуық материалдық және материалдық емес мұрасы, соның ішінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО тізбелеріне енді. Бұл тізім алдағы уақытта ұлғая түседі. ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия мен тиісті министрліктерге осындай міндет жүктелді, - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев кеше ғана Астанада Алтын Орда рөлін адамзат жылнамасының бірегей тарихи, мәдениет және өркениет жобасы ретінде ғылыми тұрғыдан объективті зерделеуге арналған халықаралық симпозиум өткенін еске салып, аталған шараның мән-маңызына тоқталды.
- Мен шағын баяндамамда өз көзқарасымды жеткіздім. Оны білікті тарихшылар мен мәдениеттанушылардың, құқықтанушылардың Еуразия кеңістігіндегі тарихи үдерістердің түрлі аспектісіне қатысты кәсіби талқысына салуға болады деп ойлаймын. Алайда бұл ақпаратты бұра тартатын сауатсыздарға қол емес. Маусым айының алғашқы онкүндігінде III Архившілер конгресі өтеді. Биылғы басқосу жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде тарихи-мәдени және деректі мұраны сақтау мәселесіне арналады. Біз - мәдениетіміз әралуан, бауырмал әрі кеңпейіл халықпыз. Еуразия кеңістігінде маңызды орын алатын және аталған субконтинентте жан-жақты қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға атсалысып жатқан прогрессивті, бейбітсүйгіш ел ретінде Қазақстанның халықаралық беделін арттыру үшін осы мәдени ерекшелікті жан-жақты дәріптеудің мәні зор. Сонымен қатар жастарымызды жаңа геосаяси және геоэкономикалық жағдайдағы қатаң, тіпті, қатігез бәсекелес ортада барынша табысқа жетуге қазірден бастап даярлауымыз керек. Бұл - біздің басты міндетіміз, - деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қоғамдық сананы жаңғырту жөнінде пайымымен бөлісті.
- Біз ойы озық, өркениетті ел боламыз десек, ең алдымен қоғамдағы кез келген мәдениетсіз әрекетке, жабайы жүріс-тұрыс пен тұрпайы тағылыққа, яғни, вандализмге түбегейлі тосқауыл қоюымыз керек. Өкінішке қарай, соңғы уақытта тарихи және мәдени нысандарға қасақана зиян келтіру жағдайлары жиілеп кетті. Мысалы, жақында ғана Маңғыстау облысының Ыбықты сай шатқалында болған оқиға бойынша тиісті өкілетті органдар қатаң құқықтық қорытынды шығаруы керек. Біз тұтас қоғам болып осындай заңсыз әрекеттерге үзілді-кесілді қарсы тұруымыз қажет. Заңды құрметтеу, табиғатты аялау, жауапкершілік, жасампаз патриотизм қағидаттары қоғамдық санада түбегейлі орнығуға тиіс. Бұл қасиеттер азаматтарымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың дүниетанымы кең, мінез-құлқы дұрыс адам ретінде қалыптасуына негіз болуы керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қоғамда кітап оқу мәдениетін насихаттау туралы ой қозғап, мемлекеттің осы бағытта қолға алған бастамалары жөнінде айтты.
- Кітап оқу өркениетті қоғам құрып, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы деп айтсақ, артық болмайды. Сондықтан біз ел ішінде, әсіресе, жастар арасында кітап оқу мәдениетін кеңінен дәріптеуіміз керек. Мен өткен аптада Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы арнайы Жарлыққа қол қойдым. Осы маңызды құжаттың негізгі мақсаты - ұлт сапасын арттыру, яғни, адам капиталын дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту. Үкіметке осы бағыттар бойынша нақты шараларды іске асыруды, соның ішінде кітапхана және кітап шығару ісін заң тұрғысынан қамтамасыз етуді тапсырамын. Сонымен қатар "Зерделі ұлт" тұжырымдамасы бекітіледі, "Жылдың он оқырманы" республикалық жобасы өткізілетін болады. Баршаға қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасы іске қосылады. Басқа да тың бастамалар жүзеге асырылады. Бұл жұмысқа тұтас қоғаммен бірге мәдениет саласының қызметкерлері, әсіресе, кітапханашылар, баспагерлер белсене атсалысады деп ойлаймын. Сонымен бірге мен жақында еліміздің орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Меніңше, бұл - шын мәнінде аса өзекті және қажетті қадам. Қазіргі технология дәуірінің қарқыны өте жылдам. Сондықтан мұндай маңызды шешімді дер кезінде қабылдамасақ, жастарымыз дамудың даңғыл жолына түсе алмай, артта қалып қоюы мүмкін. Ал бұл мемлекетіміздің келешегі үшін аса қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Біз, әрине, ондайға жол бермейміз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы алдымызда Әділетті, Таза, Мәдениетті, Өркениетті, түптеп келгенде, Озық ойлы Қазақстанды құру міндеті тұрғанын еске салды.
- Біз мұның аса жауапты әрі өте күрделі міндет екенін жақсы түсінеміз. Халқымыз "Әрекет түбі - берекет" деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, озық және нағыз дамыған ел боламыз десек, ең алдымен, қоғамда жаңа мәдениет қалыптастыруымыз қажет. Еңбекқорлық, білімпаздық, жасампаздық, жанашырлық, отаншылдық қасиеттерін өскелең ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек. Мұның бәрін күнделікті қажырлы еңбекпен, нақты іспен көрсетуіміз қажет. Заң мен тәртіп қағидаты мәдениеті жоғары қоғамда ғана берік орнығады. Бұл - ақиқат. Осы маңызды жұмысқа Сіздер де елеулі үлес қосып жүрсіздер, болашақта да солай болады деп сенемін, - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, бүгін төл мәдениетіміздің өрісін кеңейтіп, халқымыздың рухани дүниетанымын байыту жолында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ азаматты жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
- Қазір біздің ортамызда белгілі әнші әрі домбырашы Татьяна Николаевна Бурмистрова отыр. Ол жарты ғасырға жуық уақыт бойы қазақтың дәстүрлі өнерін белсенді түрде кеңінен дәріптеп, жас дарындарға үлгі-өнеге көрсетіп жүр. Бүгін мен Татьяна Бурмистроваға ең жоғары "Отан" орденін беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Сонымен қатар бүгін жезтаңдай әнші, халқымыз, әсіресе, әйелдер қауымы жақсы көретін өнер иесі, Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісоваға екінші дәрежелі "Барыс" орденін тапсырамын. Михаил Лермонтов атындағы ұлттық орыс драма театрының актрисасы Марина Юрьевна Ганцева III дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталады. Ол Қазақстан мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосты. Таланты мен көпжылдық еңбегінің арқасында театр өнерін бағалайтын көрерменнің ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленді. Кәсіби мереке күні мәдениетіміздің дамуына зор еңбек сіңірген бірнеше өнер қайраткеріне "Қазақстанның халық әртісі" атағы беріледі. Жалпы, биыл елімізде 120 мәдениет және өнер қызметкері мемлекеттік марапатқа ие болады, - деді Мемлекет басшысы.
Президент төл мәдениетіміз түркі өркениетінің ажырамас бөлігі саналатынын жеткізді.
- Мен биыл Ұлыстың ұлы күнінде киелі Түркістан жерінде мемлекеттік наградалар қатарына Qoja Ahmet Yasaui орденін енгізу туралы маңызды бастама көтердім. Бұл марапат Қазақстанның дамуына айрықша еңбек сіңірген еліміздің және шетелдің белгілі ғалымдарына, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне берілетін болды. Осы жоғары марапатты өткен аптада бірінші болып Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға және осыдан екі күн бұрын ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры Одрэ Азуле ханымға табыстадым. Азуле ханым кезінде Қазақстан мен ЮНЕСКО-ның ынтымақтастығын нығайтуға зор еңбек сіңірді, әсіресе, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қатысты жұмысқа белсене атсалысты. Мұны ерекше атап өткім келеді. Сондықтан біз түркі бірлігін нығайтуға, ұлт мәдениетін дәріптеуге мол үлес қосқан шетелдік әріптестеріміздің еңбегін әрдайым жоғары бағалаймыз. Сонымен қатар бүгін мен ұлт өнеріне елеулі үлес қосып жүрген бірнеше азаматқа пәтер кілтін табыстаймын. 2024 жылдан бастап осы күнге дейін мәдениет және өнер қайраткерлеріне жалпы саны 200 пәтер берілді. Бұл игі үрдіс міндетті түрде өз жалғасын табады. Баршаңызға құтты болсын! Төл өнеріміз өркендей берсін! Ұлт мәдениетінің мәртебесі әрдайым биік болсын! - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Жарлығымен мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік награда табысталды.
Марапаттау рәсімінде белгілі әнші Татьяна Бурмистрова, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының әртісі Бахтияр Қожа, түркиялық ғалым Кюршад Зорлу сөз сөйледі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
12.05.2026, 19:32 217841
Олжас Бектенов Берн одағының отырысына қатысушыларды Қазақстанда стратегиялық халықаралық инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақырды
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандырушылардың ірі халықаралық бірлестігі - Берн одағының пленарлық отырысына қатысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Форум алғаш рет Орталық Азия өңірінде өткізіліп отыр. Отырыс жұмысына әлемнің 70-тен астам елінен 240-қа жуық делегат қатысуда. Олар - жетекші экспорттық-кредиттік агенттіктердің, эксимбанктердің, халықаралық қаржы институттарының және жаһандық сақтандыру корпорацияларының басшылары.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов аталған басқосудың стратегиялық миссиясын атап өтті. Еліміздің инвестициялық тартымдылығын нығайту Берн одағы мүшелері қызметінің негізгі бағыттары - халықаралық сауданың, көлік-логистикалық әлеуеттің және экспорттық мүмкіндіктердің дамуымен тығыз байланысты.
Олжас Бектенов еліміз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшбасшылығымен саяси және экономикалық жаңғыртудың кешенді бағдарламасын дәйекті түрде жүзеге асырып келе жатқанын атап өтті. Жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция Әділетті және Қуатты Қазақстан құруға бағытталған.
Отырысқа қатысушыларға Президент қойған міндеттерге сәйкес инвестициялық, экспорттық және іскерлік әлеуетті дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді. Мемлекет үшін шетелдік әріптестермен сенімді диалог құру - сыртқы экономикалық саясаттың ажырамас бөлігі.
Мемлекет басшысы іскерлік ахуалды жақсартуға үнемі ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінде Қазақстан Орталық Азия аймағындағы ірі экономика ретінде өзінің ұлттық экономикасын құрылымдық трансформациялауды жалғастыруда. Тікелей шетелдік инвестициялар 14,4%-ға өсіп, $20,5 млрд-ты құрады, ал негізгі капиталға инвестициялар 13%-ға артып, $43,5 млрд рекордтық көрсеткішке жетті. Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2025 жылы $144 млрд-қа дейін өсті. Қазақстандық өнімді жеткізу географиясы мен номенклатурасы кеңейіп келеді. Бүгінде біздің тауарлар әлемнің 127 еліне экспортталады, белсенді өнім түрлерінің тізімі 4 мыңға жақындады", - деді Олжас Бектенов.
2030 жылға дейінгі Сауда саясаты тұжырымдамасы аясында Қазақстан шикізаттық емес экспортты $52 млрд-қа дейін жеткізуді мақсат етіп отыр. Қазақстан халықаралық еркін сауда келісімдері желісін кеңейтуде. Вьетнаммен, Сербиямен жасалған келісімдерге қосымша БАӘ, Моңғолия және Индонезия қосылды. Бұл архитектурада Транскаспий халықаралық көлік бағыты ерекше рөл атқарады, мұнда трансконтиненталды экономикалық дәліздер жүйесін жетілдіруге, тауар айналымын арттыру және елдеріміздегі халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік беретін ірі инфрақұрылымдық бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Шетелдік сапалы адами капиталды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында Президенттің тапсырмасы бойынша көші-қон саясаты жетілдірілуде. Инвесторлар мен жоғары білікті мамандар үшін "Алтын виза" арнайы визалық режимі енгізілуде. Басым нарықтарда орналасқан Қазақстанның шетелдік сауда өкілдері және Экспорттық-кредиттік агенттіктің кеңселері кәсіпорындарға ішінара қолдау көрсетуге және халықаралық бизнестің сұраныстарына жедел ден қоюға бағдарланған.
Цифрлық күн тәртібі Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың және бизнес үшін заманауи инфрақұрылым құрудың негізгі бағыттарының бірі ретінде белгіленген.
Ел Президенті жасанды интеллектіні дамытуға және Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Қабылданып жатқан Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы осы секторды ілгері дамытуға бағытталған", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Мұнда жасыл және исламдық қаржы құралдарын дамыту үшін ағылшын құқығы юрисдикциясында бірегей жағдайлар ұсынатын маңызды институт - "Астана" халықаралық қаржы орталығы.
ҚР Премьер-министрі делегаттарды Қазақстанда бизнесті дамыту, сауда қатынастарын кеңейту және өңірдегі инвестициялық қатысу үшін жасалған мүмкіндіктерді ескере отырып, белсенді ынтымақтастыққа шақырды. Экспорттық-кредиттік агенттік арқылы трансшекаралық мәмілелерді сақтандырудың тиімді тетіктері қолжетімді. "Бәйтерек" холдингінің желісі бойынша Қазақстанда стратегиялық халықаралық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қаржыландыру ұсынылады.
Біз қаржыландыру, сақтандыру және кепілдендіру құралдарын біртұтас қолдау жүйесіне біріктіреміз. Оның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылады, салық түсімдері артады және сапалы инвестициялар тартылады. Қазіргі уақытта "Бәйтерек" проактивті инвестициялық холдингтің моделіне көшуде. Үкіметпен бірлесіп 2032 жылға дейін жалпы сомасы шамамен $170 млрд-қа жуық перспективалы жобалар пулы құрылды. Осы ауқымды стратегияны жүзеге асыруда Берн одағы мүшелерінің сақтандыру және бірлескен қаржыландыру құралдарын ұсынудағы рөлі ерекше маңызды бола түсуде", - деді "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингі" АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин.
Юичиро Акита өз сөзінде нарықтың қазіргі үрдістері мен өзгермелі жағдайлар аясындағы даму бағытына тоқталды.
Ұлы Жібек жолы дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейін Қазақстан жаһандық сауда ағындарының, инвестициялар мен озық идеялардың түйіскен жерінде бола отырып, негізгі байланыстырушы буын мәртебесін сақтап келеді. Дәл осы жерде біз жаңа сын-қатерлерді саралап отырғанымыз - символдық мәні бар жайт. Бүгінгі таңда әлемдік қауымдастық қайтадан тарихи тоғысқан тұста тұр. Экспорттық-кредиттік агенттіктер неғұрлым стратегиялық және таңдаулы тәсілге көшетін өзара іс-қимылдың сапалық жағынан өзгеше архитектурасы қалыптасуда. Ағымдағы кездесулер аясындағы сындарлы пікір алмасу тиімді бірлескен шешімдер әзірлеуге берік негіз қалыптастыратынына сенімдімін", - деді Берн одағының президенті Юичиро Акита.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Берн одағы мүшелері ұсынатын жиынтық сақтандыру көлемі жылына шамамен $3,7 трлн-ды құрайды. Бұл әлемдік трансшекаралық сауда айналымының шамамен 13%-ын қамтиды.
Берн одағының пленарлық отырысы жаһандық экономикалық күн тәртібі, инвестициялар мен Орталық Азияны дамыту стратегиясы, сондай-ақ қаржыландыру және инновациялар мәселелеріне арналған панельдік сессиялар форматында жалғасты.
Анықтама:
Берн одағы - экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыратын ірі ұйымдарды біріктіретін жетекші халықаралық коммерциялық емес ұйым. 1934 жылы Бернде (Швейцария) құрылған одақ бүгінде Лондонда (Ұлыбритания) орналасқан. Ұйымның қызметі әлемдік сауданың дамуына жәрдемдесуге, экспорттық кредит беру саласында халықаралық стандарттарды енгізуге, сондай-ақ мемлекетаралық деңгейде сараптамалық тәжірибе мен ақпарат алмасуға арналған алаң қалыптастыруға бағытталған.
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі - шикізаттық емес экспортты қолдау және ілгерілетуге маманданған ұлттық даму институты. Компания "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингі" АҚ құрылымына кіреді және Берн одағының Прага клубының толыққанды мүшесі болып саналады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
12.05.2026, 18:05 217721
Батыс Қазақстан облысында жел электр станциясының құрылысы басталады
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Аймақта алғаш рет жел электр станциясы салынады. Маңызды жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылады. Бүгін қуаты 50 МВт болатын энергетикалық нысанның құрылыс алаңында уақыт капсуласын салу рәсімі өтті. Оған аймақ басшысы Нариман Төреғалиев, қытайлық инвестор қатысты, деп хабарлайды БҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Жел электр станциясын салу үшін 140 га жер телімі берілген. Аукцион нәтижесінде маңызды жобаны қолға алған "GREEN ENERGY INDUSTRIAL COMPANY CENTRAL ASIA" ЖШС директоры Гао Венкеның айтуынша, инвестиция көлемі - 21 млрд теңге. 8 ай бұрын аумақта анемометр орнатылған. Метеорологиялық құрылғының көмегімен анықталған желдің жылдамдығы станцияның қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Жоба өңір экономикасының дамуына серпін беріп, инвестициялық тартымдылықты арттырады. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Құрылыс осы айда басталып, келесі жылы толық аяқталады. Кепілдік мерзімі - 20 жыл. 5 адам тұрақты, 50 адам маусымдық жұмыспен қамтылады.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүйелі жалғасатынын жеткізді. Жуырда Жәнібек ауданының Өнеге ауылында гибридті электр станциясының құрылысы басталады. Жоба нәтижесінде өңір импортқа тәуелділіктен арылады. Кейінгі 3 жылдың өзінде облысты энергиямен жабдықтауға 44 млрд теңгеден астам қаржы бағытталса, биыл 20 млрд теңге бөлінді. 2029 жылға қарай электр желілерінің тозу деңгейін 11 пайызға төмендету жоспарланып отыр.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
22.05.2026, 10:26Президент тапсырмасы бойынша Ақтөбеде музыкалық-драма театрының құрылысына 8 млрд теңге бағытталды 22.05.2026, 12:34 4612025-2026 оқу жылындағы қорытынды емтихан мерзімдері бекітілді
15.05.2026, 21:45 230006Түркістанда Түркі өркениеті орталығы бой көтереді15.05.2026, 20:53 229756Түркістан қаласында ТМҰ Сыртқы істер министрлерінің бейресми отырысы өтті15.05.2026, 20:43 229581Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары Turkistan визит-орталығының жұмысымен танысты15.05.2026, 22:02 229276Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларына GovТeсh цифрлық шешімдері таныстырылды15.05.2026, 19:40 229076Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан президенттері Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті
29.04.2026, 15:15 383486Қасым-Жомарт Тоқаев пен Андрей Бабиш кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді29.04.2026, 16:18 383321Президент Чехия Премьер-министрін І дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады29.04.2026, 17:20 383091Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесті29.04.2026, 13:35 330501Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чехия Премьер-министрі Андрей Бабиш шағын құрамда келіссөз жүргізді29.04.2026, 10:42 288821Орынбор облысының іскер топтары Қазақстан өңірлерімен ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі

