29.12.2022, 15:18 36366

Қазақстанда Конституциялық сот қаңтар айынан бастап жұмысын бастайды

Қазақстанда Конституциялық сот қаңтар айынан бастап жұмысын бастайды
Бұл бастама азаматтарымыздың өз құқығы мен еркіндігін қорғауына жаңа мүмкіндік береді

Астана. 29 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстанда қаңтар айынан бастап Конституциялық сот жұмысын бастайды, деп мәлімдеді Сенат отырысы барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Конституциялық Соттың құрылуы аса маңызды қадам болды. Бұл орган жаңа жылдан бастап жұмысқа кіріседі. Ол Ата заң нормаларының қатаң сақталуын қамтамасыз етеді. Конституциялық Сот азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау ісіне зор үлес қосады деп сенемін", - деді Мемлекет басшысы.


Президенттің айтуынша, бұл бастама азаматтарымыздың өз құқығы мен еркіндігін қорғауына жаңа мүмкіндік береді. Конституциялық соттың мұндай моделі дамыған елдердің көпшілігінде қолданылады және Конституцияның үстемдігін орнатуға ықпал етеді.

Азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына қатысты өтініштерімен жиі айналысатын Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Қараша айында Парламент "Конституциялық Сот туралы" Конституциялық заң қабылдады, ол оның жұмыс тәртібін реттейді және конституциялық іс жүргізу принциптерін анықтайды. Қазіргі уақытта Конституциялық Сот аппаратын реформалау жұмыстары аяқталып келеді", - деді Мемлекет басшысы.


Президент Конституциялық Соттың кадрлық құрамын жасақтау кезінде сабақтастық сақталуға тиіс екенін айта келіп, жаңа органның төрағасына айрықша міндет жүктелетініне назар аударды. Осы ретте Мемлекет басшысы осы жауапты қызметке Эльвира Әбілхасымқызы Азимованы ұсынды.

Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының төрағасы лауазымына кірісетін Эльвира Азимовамен кездесу өткізді.

Президент Конституция нормаларының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ететін жаңа орган құрудың маңыздылығын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық Сот еліміздегі демократияның негізгі қағидаттарының орнығуына үлес қосып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға зор үлес қосатынына сенім білдірді.

Жаңа орган Конституциялық Кеңестің құзыретіне кірген мәселелер шеңберінен тыс азаматтардың белгілі бір нормативтік құқықтық актілер олардың конституциялық құқықтарын бұзады деп санайтын өтініштерін де қарайды.

Еске салайық, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың 16 наурызында халыққа жолдауында Конституциялық сотты құру туралы бастама көтерген болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны