14.05.2024, 17:19 36161

Қазақстанда орман қорының тек 2 пайызы ғана өртті ерте анықтау жүйесімен жабдықталған

Өткен жылы өрт 116 мың гектардан астам орман қорын шарпыды
Қазақстанда орман қорының тек 2 пайызы ғана өртті ерте анықтау жүйесімен жабдықталған
Сурет: gov.kz
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тиісті ведомстволар мен әкімдіктердің өрт шығу қаупі бар кезеңге дайындығы қаралды. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жағдай туралы баяндады. Бұрын ірі өрттер орын алған Абай, Павлодар және Қостанай облыстарының әкімдері қазір өңірлерде жүргізіліп жатқан алдын алу шаралары туралы есеп берді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Өткен жылы өрт 116 мың гектардан астам орман қорын шарпыды. Материалдық шығын келтірілген экологиялық залалды есептемегенде 160 млрд теңгеден асты.

Облыс әкімдіктері Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, материалдық-техникалық жарақтандыру, ЖЖМ резервін нығайту, минералдандырылған жолақтар құру, әуе кемелерін тарту мәселелерін қамтитын табиғи өрттердің алдын алу жоспарларын бекітті. Сонымен қатар орман шаруашылығы мекемелерімен қосымша 53 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізіліп, орман күзетінің 1,3 мың қызметкері оқытылды, ірі өрттермен күресу үшін әр өңірде күштер мен құралдар тобы дайындалды.

Премьер-Министр өткен жылы ірі орман өрттерін сөндіру кезінде ТЖМ әуе кемелері жеткіліксіз болғандықтан, Қорғаныс, Ішкі істер министрліктері мен ҰҚК тікұшақтары тартылғанын баса айтты. Қазіргі уақытта Қазавиақұтқару авиациясының 19 ұшағы тұрақты дайындық режимінде болса, оның 9-ы су төгетін құрылғылармен жабдықталған. Әуеден барлау үшін 120 дрон бар.

Үкімет жалпы қаржыландыру көлемі 68 млрд теңгеден асатын Орман шаруашылықтарын материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайту жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыруда.

Өткен жылы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің табиғатты қорғау ұйымдары үшін 9 млрд теңгеге 25 өрт сөндіру машинасы, 51 шағын орман өрт сөндіру кешені, 154 трактор, 73 патрульдік көлік және 655 бірлік өрт сөндіру техникасы сатып алынды. Жергілікті атқарушы органдар 6,6 млрд теңгеге 20 өрт сөндіру машинасын, 127 тракторды және 76 патрульдік көлік сатып алды. Бұған дейін орман шаруашылығын материалдық-техникалық жарақтандыруға мұндай қаржы бөлінбеген.

Бүгінгі таңда қолда бар техниканың тозу пайызы жоғары күйінде қалып отыр және өрт сөндіру машиналары 72%, тракторлар 50% және патрульдік көліктер 55%-ды құрайды. Биыл кешенді жоспар шеңберінде материалдық-техникалық жарақтандыру жұмыстары жалғасады. Бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттерден - 3,8 млрд теңге, ал ведомствоның табиғатты қорғау ұйымдарына түрлі қаржы көздерінен - 15,4 млрд теңге бөлінді.

Қазгидрометтің болжамына сәйкес, биыл жаз айлары ыстық әрі құрғақшылық болады деп күтілуде. Әсіресе, еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде аптап ыстық ұзақ сақталуы мүмкін. Осыған байланысты Премьер-Министр өрт қаупінің жоғары екеніне тоқталып, алдын ала дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды. Биылдың өзінде 30-ға жуық орман өрті тіркелді. Мәселен, өткен жылы өрттен қатты зардап шеккен "Семей орманы" аумағы биыл тағы да отқа оранды. Абай облысының әкімдігі бақылауды күшейтуі керек. Алматы облысында Іле-Балқаш табиғи резерватының аумағында да қамыс өртеніп, үлкен аумаққа жайылып кетті. Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Жамбыл және Қызылорда облыстарында қамыс пен қураған шөп жанып, өртке ұласты.

Қазір мүдделі мемлекеттік органдар Табиғи өрттердің алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыруда. Алайда кейбір салаларда бұл жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмей отыр.

Үкімет басшысы Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Абай және Ұлытау облыстарында минералданған жолақтарды жасау енді ғана басталған, қажетті көлемнің үштен біріне әрең жететінін атап өтті. Арнайы жыртылған қорғаныш жолақтары жоқ елді-мекендер дала немесе орман өртінен қорғаусыз қалады. Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының ауылдарындағы аумақтар әлі күнге дейін қураған шөп пен қоқыстардан тазартылмаған.

Орман және табиғатты қорғау мекемелерін өрт сөндіру техникаларымен жарақтандыру қарқыны мардымсыз екенін атап кету керек. Біз бұған өткен жылы көз жеткіздік. Ұшқышсыз ұшатын аппараттардың тапшылығы орман қоры мен даланы әуеден толық тексеруге мүмкіндік бермей отыр. Қазақстанда мұндай аппараттарды жасап шығаратындар бар. Заманауи техникалар мен табиғи өрттерді сөндіру құралдардың болмауы қызыл жалынмен күресте шұғыл шаралар қабылдауға кедергі келтіреді. Бұл мәселелердің барлығы кешенді шешімдер мен орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын талап етеді", - деп атап өтті Олжас Бектенов. Сонымен қатар орман өрттерін жедел анықтау үшін жаңа технологияларды енгізуді тапсырды.


Бүгінгі таңда мемлекеттік орман қорының 2%-ы ғана орман өртін ерте анықтау жүйесімен қамтылған. "Бурабай" ұлттық паркінің аумағында қолданысқа енгізілген смарт-жүйенің арқасында соңғы жылдары ондағы өрт оқиғасы айтарлықтай қысқарды және өртке қарсы шұғыл әрекет ету жұмыстары күшейтілді. Бұл тәжірибені басқа да табиғи парктер мен резерваттарда қолдану керек.

Премьер-Министр ведомстволар мен өңірлердің басшыларына бірқатар тапсырма берді:

Әкімдіктер елді-мекендерде өрт сөндіру бекеттері мен өртке қарсы ерікті құрылымдарды ұйымдастыру жұмыстарын жалғастыруы қажет. Сонымен қатар орман шаруашылығы мекемелері күнделікті өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар бұрын орын алған өрттердің тәжірибесін ескере отырып, өрт қаупі жоғары жерлерде қосымша бақылау бекеттерін қоюы тиіс. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, өрт сөндіру көліктерімен және тікұшақтармен су алу үшін су көздері мен өрт сөндіру тоғандарын дайындау қажет.

Төтенше жағдайлар, Экология және табиғи ресурстар министрліктері мен әкімдіктерге табиғи өрттерге қарсы шұғыл әрекет ету бойынша көрші елдердің шекара маңындағы аумақтарының тиісті қызметтерімен өзара іс-қимылды күшейту қажет.

Төтенше жағдайлар, Мәдениет және ақпарат министрліктері, әкімдіктер өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселесі бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, тиісті оқу-жаттығулар өткізуі керек.

Төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Еліміздегі орман және дала өрттерінің алдын алу және оларды жою жөніндегі арнайы ведомствоаралық жоспардың іске асырылуын күнделікті бақылауға алуы тиіс.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны