14.03.2024, 19:34 48711

Қазақстандағы су тасқыны: 217 елді мекен және 10 өңірде су басу қаупі бар

Елімізде су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда
Қазақстандағы су тасқыны: 217 елді мекен және 10 өңірде су басу қаупі бар
Сурет: ortcom.kz
2024 жылғы 14 наурызда Орталық коммуникациялар қызметінде "Аймақтардағы су тасқыны кезеңінің өтуі туралы ақпарат" тақырыбында баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен.

Спикерлер болып ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығының м.а. Мырзабаев Алтай Сапарбаевич, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығының м.а. Асқаров Жомарт Серікұлы, "Қазгидромет" РМК бас директорының бірінші орынбасары Саиров Серік Бияхметұлы, ҚР КМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Өтенбаев Ғалымжан Әмірбекұлы, ҚР СРИМ Су шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Гүлмира Сағынбайқызы Имашева сөз сөйледі.

Ел бойынша ағымдағы су тасқыны жағдайы бүгінгі күні салыстырмалы түрде тұрақты, елді мекендерде су айдау және қар шығару, су бұру арналарын, арықтарды тазарту жұмыстары жалғасуда, су тасқыны жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізілуде.

Наурыздың бірінші онкүндігінде елдің шығыс және оңтүстік аймақтарында бір мезгілде қатты жауын-шашынмен ауа температурасының көтерілуі орын алды. Он күн ішінде ел аумағын қармен жабу ауданы 72 пайыздан 61 пайызға дейін төмендеді.

Су басу қаупі бар аймақта тәуекелді бағалау критерийлеріне сәйкес 217 елді мекен орналасқан.

Елімізде су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда. Жыл басынан бері 64,8 шақырым уақытша бөгеттер және елді мекендердің айналасында 52,7 шақырымнан астам қорғандар салынды.721 шақырымға жуық каналдар мен 2 296 шақырым арықтар, автомобиль және темір жол астындағы 15 мыңнан астам су өткізу құрылыстары тазартылды. 384 мың тоннадан астам инертті материалдар және бір миллион екі жүз мыңнан астам қапшықтар дайындалды.Су тасқыны мүмкін болған жағдайда халықты қабылдайтын 3 031 пункт және ауыл шаруашылығы жануарларын орналастыру учаскелері дайындалды, маршруттар нақтыланды, арнайы көліктер анықталды.

Ағымдағы жылдың 22 қаңтарынан бастап 20 наурызға дейін су тасқынына қарсы іс-шаралар айлығы барлық жерде өткізілуде.

Аумақтық төтенше жағдайлар департаменттері мен әкімдіктер қызметкерлерінің қатарындағы жұмыс топтары аудандар мен елді мекендердің су тасқынына дайындығына бағалау жүргізді. Астана қаласы, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстары әкімдіктердің су тасқынына дайын еместігі туралы 356 ескерту берілді.

Бүгінгі таңда су тасқыны төтенше жағдайларының ықтимал жағымсыз салдарының алдын алу және азайту мақсатында азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің барлық бөлімшелері жоғары дайындық режиміне ауыстырылды.

Су тасқыны жағдайының ықтимал күрделенуіне жедел ден қою мақсатында 39 мыңнан астам адам, шамамен 11,7 мың бірлік техника, "Қазавиақұтқару" АҚ 18 бірлік әуе кемелері, 508 жүзу құралдары және 3 мыңнан астам мотопомпалар бар күштер мен құралдар топтамасы қалыптастырылған.

Жыл басынан бері Ертіс, Аблакетка, Громотуха өзендерінде мұз кептелістерінің пайда болуына, топырақ бетінде мұз қабығының болуына, мол жауын-шашынның түсуіне, ауа температурасының күрт көтерілуі аясында қардың қарқынды еруіне байланысты еліміздің 9 өңірінде су басу оқиғалары орын алды.Сонымен қатар бірқатар өңірде аула аумақтарын су басу фактілері тіркелді. Республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында 10 учаскені су басты. Су басуға табиғи факторлардан басқа (топырақтың қатуы, қатты жауын-шашын, мұз қабығының болуы, қоршаған орта температурасының күрт көтерілуі) су бұру арналарының, арықтардың, зардап шеккен елді мекендер ішінде арық-дренаж жүйесінің болмауы немесе өткізу қабілеттілігінің төмендігі ықпал етті.

Су тасқыны жағдайына гидротехникалық құрылыстардың жағдайы әсер етуі мүмкін. Су ресурстары және ирригация министрлігінің соңғы жүргізілген зерттеулерінің нәтижелері бойынша қолда бар 1502 тіреуіш гидротехникалық құрылыстардың, 537-сі жөндеуді талап ететіні анықталды. Бұл ретте 322 гидротехникалық құрылыстар ықтимал авариялық режимі кезінде халыққа қауіп төндіреді, оның 105-і жөндеу жүргізуді талап етеді. Ықтимал су басу аймағында 481 елді мекен бар, онда 1,5 миллионнан астам адам тұрады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны