18.07.2022, 16:04 9056

Бас прокуратурада тауар нарықтарын монополиясыздандыру және заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселелері талқыланды

Комиссия жұмысының барысы туралы халықты жедел хабардар ету үшін арнайы веб-сайт құру туралы шешім қабылданды.
Бас прокуратурада тауар нарықтарын монополиясыздандыру және заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселелері талқыланды
НҰР-СҰЛТАН. 18 ШІЛДЕ - Бас прокуратурада экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті. Мемлекет басшысының тауар нарығын монополиясыздандыру және капиталды қайтару туралы тапсырмасын жүзеге асыру жөніндегі бірінші кезектегі шараларды мемлекеттік органдардың орындауының мәселелері талқыланды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Комиссия төрағасының орынбасары – Бас Прокурордың орынбасары Ұлан Байжанов комиссияның барлық іс-әрекеттері құқықтық нормаларға толық сәйкес келуі тиіс, құқық қорғау және мемлекеттік органдар адал бизнеске қатысты асыра сілтеулер мен теріс пайдаланушылықтарға жол бермеуге міндетті екенін атап көрсетті.
 

Экономикалық ресурстарды шектеулі адамдардың қолында заңсыз шоғырландыруға ықпал еткен жағдайларды анықтау басымдық ретінде белгіленді. Ол үшін талдау жұмыстарына назар аударған жөн, ал жоспардан тыс тексерулерді тек заңда тікелей көзделген ерекше жағдайларда ғана жүргізу керек", - деп атап өтті ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

 
Жиын қорытындысы бойынша жұмыс тобының мүшелері Комиссия алдында тұрған міндеттерді сапалы орындауға бағытталған қызметті жандандыру жөнінде пікір алмасты.
 
Атап айтқанда, Комиссия:
 
1) жоғары маржиналды мемлекеттік активтерді жекешелендіру және сатып алу;
 
2) үстеме табыс әкелуге мүмкіндік беретін экономика секторларында, оның ішінде мемлекеттік сатып алу саласында бәсекелестікті жою немесе шектеу;
 
3) мемлекет мүдделеріне залал келтіре отырып, жеңілдікті салық салу, тарифтік саясат және т.б. түріндегі артықшылықтарды енгізу арқылы жер қойнауын пайдалану, ауыр өнеркәсіп, қаржы секторы, құрылыс және экономиканың басқа да салаларындағы жекелеген компаниялардың табыстылығын ұлғайту үшін жекелеген адамдарға негізсіз қолайлы жағдай жасайтын алғышарттарды анықтау мақсатында талдау жүргізеді.
 
Сондай-ақ, Комиссия жұмысының барысы туралы халықты жедел хабардар ету үшін арнайы веб-сайт құру туралы шешім қабылданды.
 
Осы жұмысқа қоғамды тарту үшін сайтта арнайы бөлім құрылады, ол арқылы әрбір адам хабарлама жібере алады немесе Комиссия қызметінің мәселелері бойынша ұсыныс енгізе алады.
 
Отырыс қорытындысы бойынша экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл және активтерді қайтару жөніндегі іс-шараларды сапалы іске асыруды қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырма берілді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны