27.01.2026, 08:44 2156
Өңірлер 2026 жылы әлеуметтік маңызы бар көкөністер мен жүгері егісін ұлғайтады
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен көктемгі егіс жұмыстарын даярлау және өткізу жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың хабарлауынша, 2026 жылы өңірлер әлеуметтік маңызы бар көкөністердің, ең алдымен картоп пен сәбіздің егіс алқаптарын ұлғайтуы қажет.
Оның айтуынша, өткен жылы картоп егісін арттыру бойынша мақсатты жұмыс жүргізіліп, ұйымдасқан шаруашылықтардағы егіс көлемі 12,5 мың гектарға ұлғайған.
Өнім көлемі нарықтағы баға тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Осыған байланысты өңірлер түпкілікті егіс құрылымын бекіту кезінде сәбіз егісін ұлғайту міндетін ескеруі қажет", - деп атап өтті вице-министр.
Сондай-ақ болжамды егіс құрылымында қарақұмық егіс алқаптарын кезең-кезеңімен ұлғайту көзделген. 2026 жылы оның егісін 10 мың гектарға - 101 мың гектарға дейін кеңейту жоспарланып отыр (2025 жылы - 91 мың гектар). Өңірлерге белгіленген индикаторларға қол жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды.
Жүгері егісін кеңейтуге де ерекше назар аударылды. Алаңдардың айтарлықтай ұлғаюы Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу бойынша Fufeng Group компаниясының жаңа тік интеграцияланған өнеркәсіптік паркін, сондай-ақ Түркістан облысындағы "Қазкрахмал" ЖШС-нің крахмалды сірне өндіру зауытын шикізатпен қамтамасыз ету үшін қажет.
Жаңа өндірістердің қажеттілігін тек оңтүстік өңірлер есебінен қамтамасыз ету мүмкін еместігі атап өтілді. Осыған байланысты үш солтүстік астық егетін өңірде жүгері егіс алқаптарын әрқайсысында орта есеппен 15 мың гектарға ұлғайту міндеті қойылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өз тарапынан Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығымен және Мемлекеттік сорт сынау комиссиясымен бірлесіп, өңірлерге әдістемелік және технологиялық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Бұл солтүстік өңірлердің жағдайына бейімделген өсіру технологияларын енгізу және сәйкес сорттарды іріктеу бөлігінде жүзеге асырылады.
Қосымша АШМ жүгері өсіруде практикалық көмек көрсетуге дайын екенін білдірген қытайлық компаниямен кездесу өткізді. Қытай тарапы топырақ-климаттық жағдайлары ұқсас Қытайдың солтүстік өңірлерінде жүгері өсіру тәжірибесімен бөлісуге, сондай-ақ осындай жағдайларға бейімделген технологиялар мен сорттарды ұсынуға дайын. Осыған байланысты өңірлерге халықаралық тәжірибені ескере отырып, жүгері егісін кеңейту бағытындағы жұмысты жандандыру ұсынылды.
Сондай-ақ өңірлерде минералды тыңайтқыштарды жөнелту басталғаны атап өтілді. Ауыл шаруашылығы министрлігі "Қазфосфат" ЖШС-мен 2026 жылы аммофостың қосылған құн салығын есептемегендегі тоннасына 254 мың теңге деңгейінде (өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға жоғары) бекітілген баға белгілеу туралы меморандумға қол қойды. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен шарттар жасасу және жеткізу кестелерін келісу жұмыстары жүргізілуде.
2025 жылы көктемгі егіс және жинау жұмыстарын жүргізу үшін 7 мыңнан астам ауыл шаруашылығы өндірушісіне жалпы сомасы 501,5 млрд теңге көлемінде кредит беріліп, 7 млн гектардан астам егіс алқабы қамтылды. Қазіргі уақытта Аграрлық кредит корпорациясы арқылы егіс науқанына 126 фермерге 17 млрд теңге көлемінде қаржыландыру мақұлданды, тағы 235 өндірушінің 76 млрд теңгеге өтінімдері қаралуда.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
27.01.2026, 22:18 1396
Үкіметте Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік саласын дамыту мәселелері қаралды
Достарға айту
ҚР Премьер-министрінің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік саласын дамыту мәселелері қаралды. Кеңеске әлеуметтік блокқа жауапты салалық министрліктердің басшылығы, сондай-ақ облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Денсаулық сақтау саласы бойынша аурулардың алдын алу мен оларды ерте анықтау бағыттарын күшейту, оның ішінде скринингтік бағдарламаларды дамыту, сондай-ақ халыққа стоматологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Білім беру саласында мектепке дейінгі және орта білім берудің өзекті мәселелері, педагог кадрларды даярлау, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыттары қаралды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бағыты бойынша әлеуметтік саланың Бірыңғай цифрлық платформасының жұмыс тиімділігіне талдау жасалды.
Ғылым және жоғары білім мәселелері жеке блок ретінде қаралып, атап айтқанда, білім беру тапсырысын қалыптастыру, кадр даярлаудың практикаға бағдарлануы және еңбек нарығының нақты сұранысына сәйкестігі сөз болды.
Сонымен қатар өңірде бұқаралық спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру және туризм саласын дамыту шаралары талқыланды.
Кеңес қорытындысы бойынша Аида Балаева бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
27.01.2026, 20:21 896
Мемлекет басшысы Конституциялық комиссияның төрағасын қабылдады
Сурет: Akorda
Достарға айту
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия төрағасы - Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованы, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары - Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді және Конституциялық комиссия мүшесі - Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысына Конституциялық комиссияның бұған дейін өткен отырыстарының нәтижесі туралы мәлімет берілді. Эльвира Әзімова Комиссия қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында барлық отырыс медиа кеңістікте, соның ішінде арнайы телеграмм арналары арқылы тікелей көрсетіліп жатқанын баяндады.
Конституциялық комиссия төрағасы жарты жыл бойы Конституциялық реформаларды қоғамдық талқылау өткізілгенін айтты. Электронды платформаға азаматтардан, құқықтанушы ғалымдардан, сарапшылардан, заңгерлерден, саяси партиялардан, үкіметтік емес ұйымдардан, кәсіптік және бизнес қауымдастықтардан 2 мыңнан аса ұсыныс пен бастама келіп түскен.
Осыған дейінгі отырыстарда Комиссия мүшелері Конституция преамбуласының түбегейлі жаңа редакциясын, бірқатар баптарды және бөлімдерді әзірлеп, қарастырды.
Мемлекет басшысы алдағы Конституциялық реформа еліміздің дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Ал Комиссия жұмысы Конституциялық реформаларды іске асыруда өте маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
27.01.2026, 19:12 576
Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі заңнама жетілдірілуде
Достарға айту
ҚР ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Ішкі істер органдары жүйесінде осы жыл "Заң және тәртіп - қауіпсіз балалық шақтың кепілі" тақырыбы аясында өтетіні атап өтілді. Осыған байланысты арнайы ведомстволық жоспар әзірленді. Министрдің сөзінше негізгі назар - балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аударылды.
Осы салада заңнама дамып келеді. Балаларға қатыгездікпен қарағаны үшін жауапкершілік күшейтілді.
Профилактика туралы" жаңа Заң аясында:
- балалардың құқықтарын қорғау бойынша аймақтық өкілетті органдар құрылуда;
- зорлық-зомбылық, буллингке ұшыраған балаларға әлеуметтік және психологиялық көмек, тәлімгерлік, отбасылық кеңес беру қарастырылған.
Сонымен қатар:
- кешенді іс-шаралар;
- оның ішінде жедел-профилактикалық жұмыстар өткізу көзделген.
Өткен жылы түнгі уақытта:
- көшеде қараусыз жүрген 130 мың бала;
- ойын-сауық орындарында 2 600 бала анықталды.
Ата-ана міндеттерін орындамаған 29 мың заңды өкіл жауапқа тартылды. Балалардың жол-көлік жарақатын алдын алу жұмысы күшейтілді. Оларды тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 17 мың жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
Мектептер қасындағы инфрақұрылым тексерілді. Қосымша:
- жаяу жүргінші бағдаршамдары;
- жасанды кедергілер;
- жол белгілері мен ақпараттық паннолар;
- қоршаулар мен жарықтандыру орнатылды.
Жол ережесін бұзуды автоматты тіркейтін - "Ақылды жаяу жүргінші өткелдері" жобасын кеңейтіп жатырмыз. Мектептердің 100% бейнебақылаумен жабдықталған. Олар Жедел басқару орталықтарына қосылған. Қазір қауіпті жағдайларды анықтайтын жасанды интеллектісі бар камераларды енгізуді бастадық. Бұл жұмыс әлемнің озық тәжірибесін ескерумен жалғасатын болады. Жасөспірім қылмысының профилактикасына тоқталдып өтсем. Есепте тұрған 4 800 кәмелетке толмаған және 5 700 ата-ана тұрақты бақылауда. Кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссиялардың рөлі күшейтілді. Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп "қиын" балаларға қатысты тәрбиелік шаралар тізбесі кеңейтілуде", - деді министр.
Сондай-ақ уәкілетті органдармен бірге:
- ерекше бақылауды талап ететін девиантты мінез-құлқы бар балалармен жұмыс жасау;
- тәуелділігі бар тұлғаларды анықтау алгоритмдер жобалары әзірленуде.
Ведомство басшысының сөзінше әр мектепке полиция қызметкерлері бекітілген. Құқықтық түсіндіру дәрістері өткізіледі. Ерлік және "жеке қауіпсіздік" сабақтары ұйымдастырылады. Мектептерде басқа оқушыларға теріс әсер ететін бейресми бұзақылар анықталды. Мұғалімдермен бірлесіп оларға қатысты мақсатты профилактика жүргізілуде.
Жалпы, бұл салада жұмыс атқарылып жатыр. Осы Концепция барлық мүдделі органдардың кешенді жұмысын қамтамасыз етуге және оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Өз тарапынан Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды қабылдайды", - деді ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
27.01.2026, 18:02 831
Қазақстан балалардың әл-ауқат индексі бойынша топ-30 елдің қатарына енді - Денсаулық сақтау министрлігі
Достарға айту
Балалардың денсаулығы - мемлекет саясатының басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта "Қазақстан балалары" тұжырымдамасының жобасында негізгі екі көрсеткіш белгіленген. Үкімет отырысында жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Оның айтуынша профилактикалық тексерулер мен патронаждар арқылы қамтылатын балалардың үлесін 66%-ға және денсаулық сақтау нысандарының тозу деңгейін кезең-кезеңімен 30%-ға дейін төмендету көзделген.
Осыған сәйкес аталған индикаторларға қол жеткізу үшін министрліктің алдында 30 іс-шараны жүзеге асыру міндеті тұр. Бүгінде Қазақстан балалардың әл-ауқаты индексінің "Денсаулық" бағыты бойынша әлемнің үздік 30 елінің қатарына кіріп отыр. Балалардың денсаулығын қорғау мен өмір сапасын арттыру үшін нақты әрі маңызды шешімдер қабылданды.
Алғаш рет есту қабілеті бұзылған, бірақ мүгедектік мәртебесі жоқ балалар есту аппараттары мен аудиопроцессорлармен қамтамасыз етілуде. Ол бірнеше жылдан бері ата-аналар тарапынан қозғалып келген түйткілді шешімдердің бірі. Дәл осылай алғаш рет бет қаңқасы мен басының туа біткен анатомиялық ақаулары бар балаларға генетикалық скринингтер, реконструктивтік және пластикалық операциялар жүргізу де заңмен бекітілді. Нәтижесінде күрделі диагноздар ерте анықталып, мүгедектіктің алдын алуға жол ашылды. Кератопластика бойынша трансплантациялау тізбесі де кеңейтілді. Балалардың уақытша қозғалысы шектелген кезеңдерде көмекші техникалық құралдарды алуына, кәмелетке толмаған туысқан донордан сүйек кемігін транспланттауға, сондай-ақ ем алу үшін басқа өңірге шыққанда жол жүру шығындарын өтеуге қатысты жаңа заңнамалық нормалар бүгінде Мәжілістің қарауында", - деді министр.
Балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жетілдіру мақсатында 2 жылда 24 стандарты жаңартылды. Алғаш рет сирек кездесетін орфандық аурулар стандарты әзірленіп, балаларға паллиативтік көмек көрсету стандарты бекітілді. Сонымен қатар салмағы аз боп туған нәрестелерді күтуге және балаларға арналған басқа да медициналық бағыттары бойынша қызмет тарифтері 40%-ға дейін артты, алдағы уақытта 19 бейіннің тарифтері қайта қаралады.
Ведомство басшысының сөзінше бұрын тек ересектерге жасалып келген "гамма-пышақ" аппаратындағы радиохирургиялық операциялар енді балаларға да жүргізіле бастады. Ол - күрделі ми ісіктері мен басқа да қауіпті диагноздарды ашық операциясыз, қауіпсіз әрі дәл емдеуге мүмкіндік береді. 400 балаға есту импланттары орнатылып, олар алғаш рет дыбысты естіп, сөйлеу қабілетін дамыту мүмкіндігіне ие болды. Жыл сайын орта есеппен 700 шала туған нәрестеге ретинопатияны түзету жүргізіледі. Сонымен қатар жыл сайын 2 мыңнан астам балаға кардиохирургиялық операциялар жасалып, жүрек ақаулары дер кезінде түзетілуде.
Осылайша, жоғары технологиялық медициналық қызметтердің енгізілуі балалардың өмір сапасын жақсарта отырып, соңғы үш жылда шетелге туыс емес донордан бағаналы жасушаларды трансплантациялауға балаларды жіберу 3 есеге, ал кардиохирургиялық емге жолдау 5,2 есеге қысқарды және де бұл қадамдар балалар арасындағы мүгедектік деңгейін 11%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Осы жылы елімізде протондық, йодтерапия және тамырлы ақауларды емдеу толық қолжетімді болады. 2025 жылы еліміздегі емханалардың 80%-да педиатриялық бөлімшелер ашылып, балаларды ерте кезеңнен бақылау күшейтілді, 336 даму және ерте араласу орталығы құрылып, ауытқуларды дер кезінде анықтау мүмкіндігі артты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 655 МСАК нысаны салынды. Бұл шалғай ауылдардағы балалар мен отбасылар үшін дәріхана пункттеріне, зертханаларға, оңалту және күндізгі стационар қызметтеріне, сондай-ақ телемедицинаға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Балалары бар отбасыларда медициналық әлеуметтік тәуекелдерді анықтау үшін елімізде патронаждың прогрессивті моделі бойынша ЮНИСЕФ-тің техникалық қолдауының арқасында 2,5 мың мейірбике білім алып, патронаждық мейірбикенің жеке штаттық бірлігі бөлінді. GPS-навигация және фотофиксация мүмкіндігі бар патронаждық есеп жүргізу толық цифрландырылды.
Нәтижесінде патронаждық бақылаудың қамтылуы мен сапасы жақсарды, бұл салааралық байланыстың 36%-ға күшеюіне, үйде болатын өлім-жітімнің 22%-ға және балаларды стационарларға кеш жатқызудың 5%-ға төмендеуіне әсер етті. Балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру, өңірлер арасындағы алшақтықты азайту және заманауи технологияларды елдің барлық аймағына бірдей қолжетімді ету мақсатында 15 облыстық балалар ауруханасын реновациялау жалғасуда. Реновация аясында кадрлардың біліктілігін арттыру, материалдық-техникалық базаны күшейту және құзыреттілік орталықтарын ашу көзделген. Сұранысқа ие 302 аса тапшы бейіндік төсек-орындар жаңартылатын болады. Бұл - балаларды ұзақ күттірмей, өз уақытында емдеуге жатқызуға және аурудың асқынуына жол бермеуге бағытталған қадам.
Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлерде бейіндер бойынша төсек-орындарды қайта бөлу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде оңалтуды 10 күннен артық күту мерзімін азайту және бұл көмекті 100% қолжетімді ету күтіледі. Сонымен қатар елімізде заманауи перинаталдық орталықтар желісін дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. Бүгінгі күні Астана қаласында перинаталдық орталықтың құрылысы жүріп жатыр. 2025 жылы Шымкент қаласы мен Түркістан облысында екі перинаталдық орталықтың жобалау жұмыстары аяқталса, 4 өңірде жобалар әзірлену үстінде Ал Қызылорда мен Орал қалаларында жаңа нысандарды салу үшін үлгілік жоба бейімделуде.
Еліміздегі барлық мектептер емханаларға бекітілген, онда 6300-ден астам медициналық пункт жұмыс істейді. Жалпы, медициналық пункттердің жабдықталуы 19%-ға артып, 93%-ды құраса, мейірбикелермен қамтылу 9%-ға жақсарып, 95%-ды құрап отыр. Дегенмен, мектептердің медицина қызметкерлері жазатайым оқиғалар кезінде ғана емес, жүректің кенеттен тоқтауы секілді шұғыл жағдайда да көмек көрсетуге дайын болуы тиіс. Сондықтан мектептерді дефибрилляторлармен қамтамасыз ету өте маңызды. Осы орайда, әкімдерден жарақтандыруға тиісті қаржыландыру қарастыруын сұраймын. 2025 жылы білім беру ұйымдарында оқушылардың жас ерекшеліктері мен физиологиялық қажеттіліктерін ескеретін теңгерімді тамақтануға бағытталған жаңа стандарт қолданысқа енгізілді. Қазіргі уақытта 10-18 жас аралығындағы балаларға аймақтарда 85 жастар денсаулық орталықтары, 97 бастапқы психикалық денсаулық орталығы жұмыс істеп тұр, онда тегін консультациялық көмек ала алады. 2024 жылы Денсаулық сақтау Кодексіне электрондық темекі мен вейп айналымына толық тыйым салу жөніндегі норма енгізілді, сондай-ақ тыйым салуды бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделді. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды, ал осы жылғы 1 қаңтарда оған әкімшілік жауапкершілік енгізілді", - деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Қабылданып жатқан шаралар кешені Қазақстанға жұқпалы емес аурулардан болатын мезгілсіз өлімді 25%-ға қысқартуға қол жеткізіп, ДДҰ-ның Еуропалық өңіріндегі осы мақсатқа жеткен 9 елдің қатарына қосылуға мүмкіндік берді. Бүгінде 3500-ға жуық мектеп қатысатын балалардың денсаулығын нығайту үшін "Саламатты мектеп" жобасы жүзеге асырылуда. Алайда, осы бастамаға өңірлердегі мектептердің аз тартылуы байқалады. 2028 жылға дейін жалғасатын "Болашаққа сау тіспен" жоба аясында былтыр мектептерде 125 стоматологиялық кабинет ашылды. Алдағы 3 жыл ішінде қосымша 862 кабинет ашу жоспарлануда.
А.Әлназарова өңір басшыларына осы мәселені бақылауға алуды атап өттті. Министрлік алғаш рет жүкті және фертильді жастағы әйелдер регистрі негізінде баланың дүниеге келуінен бастап 18 жасқа дейінгі маршрутын үздіксіз қадағалауға мүмкіндік беретін цифрлық профильді енгізді. Бұл баланың денсаулығын өмірінің барлық кезеңінде жүйелі бақылауға жол ашады.
Балабақша мен мектепке бару кезінде пайдаланылатын балалар денсаулығының электрондық паспорты іске қосылды. Былтыр алынған профилактикалық егулер, медициналық шектеулер цифрлық форматқа көшірілді, енді ата-аналар барлық деректерді мобильді қосымша арқылы көре алады. Сонымен қатар "Мектеп медицинасы" жеке модулі пысықталуда. Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауының арқасында ауқымды әрі жүйелі шаралар жүзеге асырылды, бүгінде елімізде балаларға медициналық көмектің барлық түрі қолжетімді. Нәтижесі ретінде соңғы 2 жылда нәресте өлімінің деңгейін 13%-ға, балалар өлімін 5,5%-ға төмендегенін атап айтқым келеді.
Профилактикалық тексерулерді жақсарту және денсаулық сақтау нысандарының тозу деңгейін кезең-кезеңімен төмендету индикаторларына қол жеткізуге бағытталған іс-шаралар уақытылы толық орындалатын болады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
27.01.2026, 16:59 1116
Курорттық аймақтарда 3 әуежай салынып, Алакөлге қосымша пойыздар жіберіледі
Достарға айту
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер шеңберінде туризмді дамыту мәселесі қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Жиында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жазғы туристік маусымға дайындық және саланы дамыту жоспарлары туралы, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев туристік нысандарды көлік инфрақұрылымын дамыту шаралары туралы, Kazakh Tourism компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ғазизов іс-шаралар туризмін дамыту және елімізге шетелдік туристер тарту жоспарлары туралы баяндады. Сондай-ақ Абай, Жетісу, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының әкімдерінің баяндамасы тыңдалды.
Көлік саласы туризмді дамытуда маңызды рөл атқарады. Ол өңірлердегі туристік дестинациялардың қолжетімділігін арттырып, туристердің еркін қозғалуына мүмкіндік береді. Мәселен, Автомобиль жолдары бойынша тоқталсам, бүгінде негізгі туристік аймақтарға көлік қолжетімділігін арттыру үшін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына құрылыс және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Рахман қайнарлары, Бейнеу - Сексеуіл, Сарыағаш қаласын айналып өтетін жол, Орталық - Батыс және Қызылорда - Қарағанды бағыттары қамтылған", - деді көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.
Оның айтуынша автожолдарды жөндеу аясында 5 мың шақырым Жаңаөзен - Кендірлі, Өскемен - Катонқарағай, Көкшетау - Зеренді, Кеген - Қырғызстан шекарасы және Қалқаман - Баянауыл бағыттарындағы учаскелер жаңартылуда.
Жергілікті атқарушы органдар туристік аймақтарға апаратын 24 өңірлік жобаны жүзеге асыруда.
Қазавтожол және облыс әкімдіктері жол бойындағы сервисті дамыту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жергілікті атқарушы органдар жол бойындағы сервис объектілерін ұстауға жұмсалатын шығындарды өтеу тетігін енгізді.
Аталған шаралар туристік нысандарға жету уақытын қысқартып, жол инфрақұрылымының сапасын арттырады.
Теміржол саласында жолаушылар вагондары паркін жүйелі жаңарту жүргізілуде. Мәселен, 2025 жылы 175 жаңа вагон сатып алынса, биыл 191 вагон алу жоспарлануда. Жалпы 2030 жылға дейін шамамен 800 вагон жаңартылады. Бұл вагон паркінің 90%-ына дейін жаңартуға мүмкіндік береді. 2026 жылдың жазғы маусымында халықтың сұранысына сәйкес 13 қосымша бағыт ұйымдастырылып, шамамен 400 мың қосымша орын ұсынылады. Алакөл бағытына ерекше көңіл бөлінді. Бұл бағытта 8 қосымша пойыз болады. Сонымен қатар, туристік дестинацияларда орналасқан. 19 теміржол вокзалдарына жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Авиация саласында ішкі және халықаралық әуе қатынастарын кеңейту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда туристік өңірлерді қамтитын 42 ішкі әуе бағытында рейстер жүзеге асырылуда. 9 ішкі әуе қатынастары жаңартылады. Шетелдік туристерді тарту мақсатында Вена, Рим, Токио, Шанхай және басқа да бағыттарды қамтитын 15 халықаралық маршрутты ашу және қайта жаңғырту жоспарланған. Сонымен қатар, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында Астана және Алматы әуежайларында Q-gate жүйесі енгізілді. Осы бағытта жұмыстар жалғасатын болады", - деді министр.
Авиация саласын дамытудың үш жылдық бағдарламасы аясында өңірлік әуежайларды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл Катон-Қарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы туристік әуежайлардың құрылысы, сондай-ақ Арқалық қаласының әуежайын қалпына келтіру аяқталуда. Осы туристік маусымда Зайсан әуежайы алғашқы рейстерді қабылдайды.
Сонымен қатар, биыл Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту, Ақтау әуежайының перронын жөндеу және Атырау әуежайы терминалын жаңарту басталады.
Туристер үшін қолайлы әрі қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында Министрлік негізгі туристік бағыттарға көлік қолжетімділігін арттыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
27.01.2026, 15:57 18986
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі тағайындалды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Асқарбек Ертаев Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Асқарбек Ертаев Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды.
1977 жылы Ақтөбе қаласында туған. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, "Нұр" Ақтөбе мененджмент, бизнес және құқық институтын бітірген.
Еңбек жолын 1997 жылы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы әкімінің аппаратында маман болып бастаған.
2000-2014 жылдары банк секторында жұмыс істеді.
2014 жылы - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Сауда комитеті бас сарапшысының м.а.
2014-2021 жж. - ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бас сарапшысы, басқарма басшысы, департамент директорының орынбасары, департамент директоры.
2021-2022 жж. - ҚР Президенті Әкімшілігі Қауіпсіздік Кеңесінің Талдау бөлімінде сектор меңгерушісі.
2022-2023 жж. - ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің, ҚР Үкіметі Аппаратының экономикалық бөлімінің меңгерушісі.
2023 жылы - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы болды.
2024 жылы - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
27.01.2026, 14:58 18756
Светлана Жақыпова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымынан босатылды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Светлана Жақыпова Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымынан кетті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
- Мемлекет басшысының Жарлығымен Светлана Қабыкенқызы Жақыпова Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымынан босатылды, - делінген хабарламада.
Светлана Жақыпова 1968 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтын, Алматы экономика және статистика академиясын тәмамдаған.Еңбек жолын 1984 жылы Қарағанды облысы Қарой орта мектебінің мұғалімі болып бастаған.
1991-1995 жылдары Целиноград қаласындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болған.
1997-2008 жылдары "Зейнетақы төлеу жөніндегі орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының аға маманы, бас маманы, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары, директоры лауазымдарында жұмыс істеген.
2008-2011 жылдар аралығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігінің Әлеуметтік қорғау және әлеуметтік сақтандыру департаментінің директоры лауазымында қызмет атқарған.
2011-2013 жылдары "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамының Жобалық офисі бағдарламасын басқарған. 2013-2019 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары болған.
2020-2023 жылдар аралығында БҰҰ Даму бағдарламасының Әлеуметтік даму мәселелері жөніндегі Ұлттық сарапшысы қызметін атқарды.
2020 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қоры бас директорының орынбасары лауазымына тағайындалған.
2023 жылғы маусымнан бастап, қыркүйек айына дейін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл болды.
2023 жылдың 2 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
27.01.2026, 14:51 1466
Үкімет Президент тапсырмасына сәйкес "Қазақстан балалары" бірыңғай тұжырымдамасын бекітті
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында "Қазақстан балалары" тұжырымдамасы қаралды. Онда оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және ішкі істер министрі Ержан Сәденов баяндама жасады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Бүгінде елімізде шамамен 7 млн бала өсіп келеді. Яғни, халықтың үштен бір бөлігінен астамын балалар құрап отыр, нақты айтсақ - 34%.
Еліміздің болашағы отаншыл, жасампаз ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты. Сондықтан да Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда "Қазақстан балалары" бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Балаларға жан-жақты қамқорлық жасау - біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Бұл орайда мемлекет өскелең ұрпақтың өмір сапасын жақсарту үшін кешенді шаралар қабылдап келеді. "Қазақстан балалары" тұжырымдамасында білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, әлеуметтік қамсыздандыру және отбасының әл-ауқаты саласында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі нақты іс-шаралар жоспары қамтылған", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Соңғы жылдары балалардың құқықтарын қорғау бойынша бірқатар шара қабылданғаны атап өтілді.
Заңнамалық база айтарлықтай кеңейтілді. Әсіресе, балаларға қатысты қылмыстық әрекеттер үшін жазаның бұлтартпас қағидаты қатаң сақталады.
Отбасы мәселелері, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бойынша 111 бірыңғай байланыс орталығы іске қосылды. Оған жүгінген жағдайда міндетті түрде көмек көрсетіліп, тексеру шаралары жүргізіледі.
Барлық өңірде бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер жұмыс істейді.
1 ақпаннан бастап барлық білім беру ұйымына "тосыннан тексеру" қағидаты бойынша ерекше бақылау мен қадағалау жүйесі енгізіледі. Бұл балаларды сауықтыру, олардың қауіпсіздігі мен тамақтану мәселелеріне қатысты. Осыған байланысты Премьер-министр Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Мәдениет, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Туризм және Ішкі істер министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 30 қаңтарына дейін ерекше бақылау мен қадағалауға жататын нысандар тізілімін дайындауды тапсырды.
Балалардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыру мақсатында қамқоршылық органдары мамандарының жаңа штаттық нормативі енгізілді - 5 мың балаға кемінде бір маман. Бұл олардың санын бір жылда үш еседен астам арттыруға мүмкіндік берді. Осы мамандар қатарынан әр өңірде бала құқықтарын қорғау басқармалары құрылуда.
Бұл ретте Премьер-министр өңірлердің көпшілігінде бұл іске тиісті көңіл бөлінбей отырғанын, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе облыстарында және елордада ғана нәтижелі жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Қалған өңір әкімдіктеріне екі ай ішінде бала құқықтарын қорғау басқармаларын құру ісін аяқтау тапсырылды.
Өткен жылдың 1 шілдесінен бері қолданыста болған отбасына орналастырудың жаңа нысаны - баланы қабылдайтын кәсіби отбасы енгізілді. Оларды қамтамасыз етуге тиісті қаражат көзделген. Алайда, бірде-бір облыста жұмыс жүргізілмеген. Өңір әкімдіктеріне бұл бағытта жұмысты жандандыру тапсырылды.
Премьер-министр медициналық мамандардың, дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігін, балаларды оңалту мәселелері бойынша түсіп жатқан шағымдар, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы мамандар - дефектолог, логопед, сурдологтер тапшылығын қоса алғанда, балалардың денсаулығын қорғау саласындағы түйткілді мәселелерге тоқталды.
Балалардың, соның ішінде олардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері әлі де өзекті. Көптеген ауыл балалары үйірмелер мен заманауи білім беру технологияларынан тыс қалатыны атап өтілді. Жасөспірімдерге тиісті көңіл бөлінбейді әрі олар өзін дамыту үшін тың мүмкіндіктерден айрылып отыр.
Бұл бағытта жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Ішкі істер министрліктері мен өңір әкімдіктері арасындағы ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажет.
Тұжырымдамада көзделген нысаналы индикаторлар балаларды дамытудың, қолдау мен қорғаудың орнықты жүйесін қалыптастыруы тиіс.
Премьер-министр Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен бірлесіп, Тұжырымдамадағы барлық іс-шаралардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасызз етуді, бала құқықтары жөніндегі уәкілмен тиімді өзара іс-қимылды жолға қоюды, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, "Қазақстан балалары" тұжырымдамасын іске асыру бойынша ақпараттық науқанды ұйымдастыруды тапсырды.
Үкімет дауыс беру қорытындысы бойынша "Қазақстан балалары" бірыңғай тұжырымдамасын бекітті.
Жалпы үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға бекітілді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
28.01.2026, 10:18Мажарстан астанасында Қазақстанның конституциялық реформалары таныстырылды 28.01.2026, 11:21 10456Қазақстан және ExxonMobil - энергетика саласындағы стратегиялық серіктестікті нығайту28.01.2026, 12:23 9776Румынияда Қазақстанның адам құқықтары саласындағы реформалары жоғары бағаланды28.01.2026, 18:29 1006"Орталық Азия - Германия" форматының аға лауазымды тұлғалары одан арғы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады28.01.2026, 11:27 691Шарын ұлттық саябағы жабайы табиғаттың сирек кадрларымен бөлісті
21.01.2026, 10:52 216186Қазақстанда заңды және жеке тұлғалар үшін мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі егжей-тегжейлі регламенттеледі21.01.2026, 11:19 216086Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнама жетілдірілуде21.01.2026, 09:49 2147812025 жылы қазақстандықтарға 806 млрд теңгеден астам сомада бала тууына және бала күтіміне байланысты жәрдемақылар төленді21.01.2026, 13:03 202341354 мыңнан астам адам жұмысынан айырылуына байланысты МӘСҚ-тен төлем алды21.01.2026, 10:12 136766Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентінің шақыруымен Давос қаласына жұмыс сапарымен барады
21.01.2026, 10:52 216186Қазақстанда заңды және жеке тұлғалар үшін мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі егжей-тегжейлі регламенттеледі21.01.2026, 11:19 216086Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнама жетілдірілуде21.01.2026, 09:49 2147812025 жылы қазақстандықтарға 806 млрд теңгеден астам сомада бала тууына және бала күтіміне байланысты жәрдемақылар төленді20.01.2026, 22:18 212726Шымкенттің полиция бастығы және оның орынбасары қызметінен кетті20.01.2026, 18:14 208286Тоқаев ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға лайық жәдігерлерді атады

