18.05.2012, 15:46 4907

Қазақстанда қоғамдық автокөліктерді бақылау шаралары күшейтілуде

Бүгін Шымкентте ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті автокөлікпен жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мәселелері жөнінде аймақтық семинар-кеңес өткізді.

Астана. 18-мамыр. Kazakhstan Today - Қазақстанда қоғамдық автокөліктерді бақылау шаралары күшейтілуде, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бүгін Шымкентте ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті автокөлікпен жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мәселелері жөнінде аймақтық семинар-кеңес өткізді.

Семинар-кеңестің жұмысына Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Ақтөбе облыстарының әкімдіктері мен көліктік бақылау инспекцияларының өкілдері, жол полициясы басқармаларының, салық органдарының, тасымалдаушылар қауымдастықтарының, сондай-ақ көлік компанияларының басшылары қатысты.

Кеңеске қатысушылар автокөлікпен жолаушылар тасымалдау саласындағы заңнама нормаларының сақталуы, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңсыз жолаушылар тасымалына қарсы күрес және талапқа сай емес көлік тұрақтарын жабу мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, жолаушыларға арналған автокөлік құралдарына тахографтар орнату жөніндегі талаптарды реттейтін заң актілерінің сақталуы, такси тасымалы саласындағы автокөліктердің таксометрлермен жарақталуы, сондай-ақ сапаржайлар мен автостансалардың техникалық, медициналық және басқа да тиісті қызмет түрлерімен қамтылуына қатысты шаралар сөз болды.

Кеңес қорытындысы бойынша тасымал процесіне тартылған барлық тараптардың қатысуын талап ететін хаттамаға қол қойылды.

Атап айтсақ, көліктік бақылау инспекцияларына, облыстық жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармаларына, сондай-ақ қалалық және аудандық әкімдіктерге сапаржайлар мен көлік стансаларына мониторинг жүргізу ұсынылды.

Бұнымен қоса, көліктік бақылау инспекциялары жол полициясы басқармаларымен бірлесе отырып, қоғамдық көлік, сондай-ақ такси жүргізушілеріне қойылатын талаптардың орындалуына қадағалауды күшейтіп, талапқа сай емес автотұрақтарға, базарлар мен вокзал маңында үнемі рейд жүргізіп отыру тапсырылды.

Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап көліктік бақылау органдары мен жол полициясы такси тасымалы саласын қоса алғанда, жолаушылар мен жүк тасымалы саласындағы заңсыз әрекеттерді анықтау шараларын жүргізіп келеді. 2000-нан астам автобус тексеріліп, 740 заң бұзушылық анықталған, 5 млн. теңге көлемінде айыппұл салынып, шамамен 300 заңсыз такси жүргізушілері әкімшілік жазаға тартылған және 2 млн. 200 мың теңге айыппұл салынған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жүргізіліп отыратын болады.

Жолаушыларды заңсыз тасымалдаушылар үлесі жалпы жолаушылар тасымалы нарығының 40 пайызын құрайды. Бүгінгі таңда республикамызда талапқа сай емес 62 автобус тұрағы анықталса, олардың басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысында шоғырланған (34 автотұрақ). Күн сайын Шымкент-Астана, Шымкент-Алматы жолдарында және осы бағыттағы кері жолдарда 300-ден астам автобус ешқандай ретсіз жүріп тұрады және негізгі жол-көлік оқиғаларының ішінде осы көліктердің үлесі аз емес.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны