27.01.2026, 16:59 1956

Курорттық аймақтарда 3 әуежай салынып, Алакөлге қосымша пойыздар жіберіледі

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер шеңберінде туризмді дамыту мәселесі қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Жиында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жазғы туристік маусымға дайындық және саланы дамыту жоспарлары туралы, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев туристік нысандарды көлік инфрақұрылымын дамыту шаралары туралы, Kazakh Tourism компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ғазизов іс-шаралар туризмін дамыту және елімізге шетелдік туристер тарту жоспарлары туралы баяндады. Сондай-ақ Абай, Жетісу, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының әкімдерінің баяндамасы тыңдалды.

Көлік саласы туризмді дамытуда маңызды рөл атқарады. Ол өңірлердегі туристік дестинациялардың қолжетімділігін арттырып, туристердің еркін қозғалуына мүмкіндік береді. Мәселен, Автомобиль жолдары бойынша тоқталсам, бүгінде негізгі туристік аймақтарға көлік қолжетімділігін арттыру үшін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына құрылыс және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Рахман қайнарлары, Бейнеу - Сексеуіл, Сарыағаш қаласын айналып өтетін жол, Орталық - Батыс және Қызылорда - Қарағанды бағыттары қамтылған", - деді көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.


Оның айтуынша автожолдарды жөндеу аясында 5 мың шақырым Жаңаөзен - Кендірлі, Өскемен - Катонқарағай, Көкшетау - Зеренді, Кеген - Қырғызстан шекарасы және Қалқаман - Баянауыл бағыттарындағы учаскелер жаңартылуда.

Жергілікті атқарушы органдар туристік аймақтарға апаратын 24 өңірлік жобаны жүзеге асыруда.

Қазавтожол және облыс әкімдіктері жол бойындағы сервисті дамыту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жергілікті атқарушы органдар жол бойындағы сервис объектілерін ұстауға жұмсалатын шығындарды өтеу тетігін енгізді.

Аталған шаралар туристік нысандарға жету уақытын қысқартып, жол инфрақұрылымының сапасын арттырады.

Теміржол саласында жолаушылар вагондары паркін жүйелі жаңарту жүргізілуде. Мәселен, 2025 жылы 175 жаңа вагон сатып алынса, биыл 191 вагон алу жоспарлануда. Жалпы 2030 жылға дейін шамамен 800 вагон жаңартылады. Бұл вагон паркінің 90%-ына дейін жаңартуға мүмкіндік береді. 2026 жылдың жазғы маусымында халықтың сұранысына сәйкес 13 қосымша бағыт ұйымдастырылып, шамамен 400 мың қосымша орын ұсынылады. Алакөл бағытына ерекше көңіл бөлінді. Бұл бағытта 8 қосымша пойыз болады. Сонымен қатар, туристік дестинацияларда орналасқан. 19 теміржол вокзалдарына жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Авиация саласында ішкі және халықаралық әуе қатынастарын кеңейту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда туристік өңірлерді қамтитын 42 ішкі әуе бағытында рейстер жүзеге асырылуда. 9 ішкі әуе қатынастары жаңартылады. Шетелдік туристерді тарту мақсатында Вена, Рим, Токио, Шанхай және басқа да бағыттарды қамтитын 15 халықаралық маршрутты ашу және қайта жаңғырту жоспарланған. Сонымен қатар, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында Астана және Алматы әуежайларында Q-gate жүйесі енгізілді. Осы бағытта жұмыстар жалғасатын болады", - деді министр.


Авиация саласын дамытудың үш жылдық бағдарламасы аясында өңірлік әуежайларды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл Катон-Қарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы туристік әуежайлардың құрылысы, сондай-ақ Арқалық қаласының әуежайын қалпына келтіру аяқталуда. Осы туристік маусымда Зайсан әуежайы алғашқы рейстерді қабылдайды.

Сонымен қатар, биыл Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту, Ақтау әуежайының перронын жөндеу және Атырау әуежайы терминалын жаңарту басталады.

Туристер үшін қолайлы әрі қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында Министрлік негізгі туристік бағыттарға көлік қолжетімділігін арттыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны