18.04.2022, 18:01 17576

ҚМА басшысы Тоқаевқа ірі қаржылық ұрлықты тергеу туралы баяндады

ҚМА басшысы Тоқаевқа ірі қаржылық ұрлықты тергеу туралы баяндады
НҰР-СҰЛТАН. 18 СӘУІР - Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ведомствоның биылғы бірінші тоқсанда атқарған жұмыстарының нәтижелері туралы баяндады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Атап айтқанда, 552 қылмыстық іс қозғалған. Олардың жартысынан көбі – ауыр және аса ауыр қылмыстар. Ұйымдасқан қылмыстық топ құру фактілері бойынша 14 іске қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Мемлекетке 62 миллиард теңге көлемінде шығын келтірілген", - деп хабарлайды Ақорда.

 
Жанат Элимановтың айтуынша, 2021-2023 жылдарға арналған Кешенді жоспар аясында көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Кеден саласында 34 қылмыстық іс қозғалды. Декларацияға енгізілмеген тауарлардың жалпы құны 10 миллиард теңгеден асады. 
 
Қасым-Жомарт Тоқаевқа мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға бөлінген 20,5 миллиард теңге қаржыны жымқыру фактілеріне қатысты қылмыстық істер бойынша тергеу жүргізіліп жатқаны туралы мәлімет берілді.
 
Агенттік төрағасының айтуынша, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше көңіл бөлінеді. "Тариф" жобасы аясында коммуналдық қызметтер саласындағы тарифтердің негізсіз өсу деректерін анықтау және монополиялардан арылту жұмыстары жалғасуда.
 

Маңғыстау облысында сұйытылған газды сату кезіндегі алып-сату белгілері бойынша Энергетика министрлігінің, облыс әкімдігінің лауазымды тұлғаларына және электронды сауда алаңдарына қатысты іс тергеп-тексерілуде", - деді Элиманов.

 
Президенттің тапсырмасы аясында қаржыны Қазақстаннан тыс жерлерге заңсыз жылыстатуға қарсы жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде 7 қылмыстық іс тергеліп жатыр және 28 миллион АҚШ доллары бұғатталған.
 
Мемлекет басшысы Агенттіктің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендетуге қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстарының маңызды екенін ерекше атап өтіп, Жанат Элимановқа бизнеске қатысты жүргізіліп жатқан барлық қылмыстық істі тергеп-тексеру кезінде заңдылықтың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Президенттің пікірінше, құқық қорғау және бақылаушы органдар кәсіпкерлердің өтініштеріне жедел назар аударуға және олардың құқығын шектемеуге тиіс. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны