10.03.2010, 15:13 3470

Мәжіліс "Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті туралы" заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс "Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті туралы" заң жобасын мақұлдады

Астана. 10 наурыз. Kazakhstan Today - Мәжіліс депутаттары бүгін өткен жалпы отырыста "Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті туралы" заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Заң жобасы бойынша ҚР Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев негізгі баяндаманы жасады, ал мәжілістің қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Төлебек Қосмамбетов қосымша түсіндірді.

Омархан Өксікбаевтың айтуынша, "Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті туралы" және осыған орай кейбір заңнамалық актілерге Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мәселелері бойынша түзетулер енгізуді көздейтін заң жобалары 2009 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Парламенттің қарауына жіберілген болатын.

Заң жобаларының негізгі мақсаты - мемлекеттік қаржылық бақылау саласындағы Есеп комитетіне қатысты бүгінгі қолданыста жүрген нормалар мен ережелерді заңнамалық деңгейде бір жүйеге келтіру.

Заң жобасында мынадай нормалар қарастырылып отыр: Біріншіден, Есеп комитетінің алқалы мәртебесі туралы конституциялық ережелерді іске асырудың, яғни, Есеп комитетінің отырысын ұйымдастыру мен өткізудің, шешім қабылдап, отырыс нәтижелерін ресімдеудің тәртібін бекіту. Екіншіден, Есеп комитетінің мүшелеріне қойылатын біліктілік талаптарын заң жүзінде бекіту. Бұл бюджеттің атқарылуы барысында қаржы тәртібін нығайтуға, мемлекеттік қаржылық бақылауды институционалдық тұрғыдан күшейтуге әсер етеді.

Үшіншіден, бақылауды ұйымдастыру, жоспарлау, өткізу және бақылаудың нәтижелері бойынша шешім қабылдау рәсімдерін заңнамалық тұрғыдан регламенттеу. Жобада Есеп комитетінің өзге органдармен, соның ішінде қаржылық бақылау органдарымен және бақылау объектілерімен арадағы өзара іс-қимылдарына айрықша назар аударылған. Төртіншіден, жобада Есеп комитетінің талдау қызметіне құқықтық негіз беру көзделіп отыр.

Атап айтқанда, Есеп комитетіне республикалық бюджеттің атқарылуын, салықтар мен басқа да міндетті төлемдердің бюджетке толық әрі уақтылы түсуін, бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің мақсатты және тиімді пайдаланылуын бақылаудың нәтижелеріне талдау жасап, анықталған бұзушылықтардың себептері мен салдарларын талдап қорытуға және зерделеуге өкілеттіктер берілген.

Сонымен бірге, бақылаудың нәтижелерін рәсімдеуді мемлекеттік қаржылық бақылау органдары арасында біріздендіру мақсатында, Есеп комитеті әдістемелік құжаттар әзірлеп, оларды сыртқы қаржылық бақылау органдарының қызметіне енгізуді жүзеге асыратын болады.

Бесіншіден, Үкімет пен Есеп комитетінің есептерін бекіту кезінде Есеп комитеті ұсынған ақпараттың көлемі мен сипатына, есептілігінің түрлеріне қатысты бірнеше рет пікірталас туындаған еді. Қазір Үкіметпен осы мәселеде, яғни, Есеп комитеті ұсынатын есептің мазмұны мен құрылымын, сондай-ақ есептің ресми нұсқасын белгілеп, оның ұсыным жолдары анықталды, деді О.Өксікбаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны