27.01.2026, 20:21 2931
Мемлекет басшысы Конституциялық комиссияның төрағасын қабылдады
Сурет: Akorda
Достарға айту
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия төрағасы - Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованы, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары - Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді және Конституциялық комиссия мүшесі - Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысына Конституциялық комиссияның бұған дейін өткен отырыстарының нәтижесі туралы мәлімет берілді. Эльвира Әзімова Комиссия қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында барлық отырыс медиа кеңістікте, соның ішінде арнайы телеграмм арналары арқылы тікелей көрсетіліп жатқанын баяндады.
Конституциялық комиссия төрағасы жарты жыл бойы Конституциялық реформаларды қоғамдық талқылау өткізілгенін айтты. Электронды платформаға азаматтардан, құқықтанушы ғалымдардан, сарапшылардан, заңгерлерден, саяси партиялардан, үкіметтік емес ұйымдардан, кәсіптік және бизнес қауымдастықтардан 2 мыңнан аса ұсыныс пен бастама келіп түскен.
Осыған дейінгі отырыстарда Комиссия мүшелері Конституция преамбуласының түбегейлі жаңа редакциясын, бірқатар баптарды және бөлімдерді әзірлеп, қарастырды.
Мемлекет басшысы алдағы Конституциялық реформа еліміздің дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Ал Комиссия жұмысы Конституциялық реформаларды іске асыруда өте маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
28.01.2026, 15:48 2351
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізді
Сурет: Akorda
Достарға айту
Президент сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, осыдан бес жыл бұрын, ел ішінде ауқымды өзгерістер қолға алынып жатқан тарихи кезеңде құрылған Қаржылық мониторинг агенттігі өзіне жүктелген жауапкершілік пен міндетті абыроймен орындап келе жатқанына назар аударды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Жалпы, осындай қысқа мерзім ішінде көп жұмыс істелді, біраз тәжірибе жинақталды. Бүгінде Қаржылық мониторинг агенттігі еліміздің экономикалық және ұлттық қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқаратын дербес құрылымға айналды. Мұны табанды еңбек пен адал қызметтің нәтижесі деуге болады. Агенттік қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін. Бірақ босаңсуға болмайды. Себебі алдымызда биік мақсаттар мен ауқымды жұмыс бар. Әсіресе, қазір өте қарқынды дамып жатқан цифрлық технология мен жасанды интеллект дәуірінде жұмысқа түбегейлі жаңа көзқараспен қарау міндеті тұр. Бұл мәселе туралы "Turkistan" газетіне берген сұхбатымда және Ұлттық құрылтай отырысында анық айттым", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент құқық қорғау мекемелері, соның ішінде Қаржылық мониторинг агенттігі технологиялық тұрғыдан артта қалып қойса, ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіруі мүмкін деп санайды.
Цифрлық тәсілдерді және жасанды интеллект жүйесін Агенттік қызметіне жаппай енгізу - кезек күттірмейтін аса маңызды міндет. Онсыз тиімді жұмыс болмайтыны анық. Қазір күштік құрылымдар мен қылмыс әлемінің арасындағы күрес технологиялық тұрғыдан мүлде басқа сипатқа ие болды. Қарақшылар, яғни қылмыскерлер жасанды интеллектіні белсенді пайдаланатын болды. Оны сіздер жақсы білесіздер. Құқық қорғау мекемелері, соның ішінде Қаржылық мониторинг агенттігі технологиялық тұрғыдан артта қалып қойса, бұл жағдай ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіруі мүмкін. Заман талабына сай озық болу үшін, ең алдымен, дұрыс шешім қабылдап, тиімді әрекет етуіміз керек. Құқық қорғау органдары тиянақты, белсенді жұмыс істеп, озық цифрлық шешімдер арқылы елдегі өзгерістердің жедел және сапалы іске асуына септігін тигізуі мүмкін. Бұл ауқымды экономикалық жаңғыру жолына бет бұрған Қазақстан үшін өте маңызды қадам болмақ", - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет қаржысын жымқыратын алаяқтармен күрестің маңыздылығына тоқталды.
Біз елімізді дамытуға арналған қаражатты тиімді жұмсаудың амалын іздеп қиналамыз. Бірақ соған қарамастан әлеуметтік салаға бөлінген триллиондаған теңге қаржыны жымқыратын алаяқтар бар, тіпті, аз емес деп айтуға болады. Бұл - мүлде ақылға сыймайтын жағдай. Мұндай кеселді түп-тамырымен жою керек. Қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару жағдайлары да азаймай тұр, ондай заңсыздыққа тосқауыл қою қажет. Мұндай теріс ахуал экономикаға орасан зор зардабын тигізуде. Түптеп келгенде, көлеңкелі экономикамен үзілді-кесілді күресу керек. Бұл да - өте өзекті, аса маңызды міндет. Қаржылық мониторинг қызметінің алдында тұрған міндет белгілі: бұл - мемлекет қаржысының тек қана ел игілігіне жұмсалуын қадағалау. Осы маңызды міндеттің сапалы іске асуы сіздердің қызметтеріңізге тікелей байланысты", - деді Мемлекет басшысы.
Президент мемлекет Агенттік қызметкерлерінің тиімді әрі алаңсыз жұмыс істеуі үшін қажетті жағдай жасап жатқанын атап өтті.
Кадрлық құрам ұлғайып, нығая түсті, материалдық-техникалық қор жақсарды. Жалақы көтерілді, баспана берілді, жалпы, көптеген әлеуметтік мәселе шешімін тапты. Керек болса, Агенттік жүйесіне үш генерал шенін қосуға болады деп ойлаймын. Бұл шешім облыстарда жұмыс істеп жүрген нағыз үздік қызметкерлердің мәртебесін көтеруге мүмкіндік береді. Енді тек білек сыбана жұмыс істеу керек. Әрине, нақты жетістіктер де бар. Халықаралық ынтымақтастық нығайып келеді. Еліміз Financial Action Task Force ұйымының тексерісінен сәтті өтті. Қазақстан 2023 жылдан бері "Эгмонт" тобының қаржылық барлау бірлестігінде Еуразия аймағының мүддесін қорғайды. 20 ірі криптобиржамен сындарлы серіктестік орнатылды. Елімізде блокчейн-талдаумен айналысатын "Криптон" арнайы құрылымдық бөлімшесі ашылды. Бұл - Орталық Азия елдерінде құрылған осындай алғашқы бөлімше. Былтыр қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратын 200-ге жуық жалған компания әшкереленді. Олардың заңсыз айналымдағы қаражаты 500 миллиард теңгеден асады. Сексеннен астам қылмыстық топ құрықталды. 100-ден астам қаржы пирамидасы жойылды. Мұның бәрі еліміздің экономикалық қауіпсіздігін нығайта түскені сөзсіз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ЖИ мүмкіндігін пайдаланып, талдау-сараптау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Мен жақында "Құқық бұзушылық профилактикасы" туралы Заңға қол қойдым. Бұл заңға сәйкес Агенттік алғаш рет экономикалық қылмыстың алдын алумен айналысатын толыққанды құрылым ретінде көрсетілді. Осыған орай, қылмыстың алдын алуға қажетті жаңа әрі тиімді шаралар қажет. Көп жағдайда келтірілген залалды өтеу мәселесі оң шешімін таппай жатады. Сол себепті, қылмыстың салдарын емес, себебін анықтап, онымен күресу маңыздырақ. 2023 жылы шығын көлемі 325 миллиард теңгеге бағаланды. Оның 53 миллиард теңгесі немесе шамамен 16,5 пайызы қайтарылды; 2024 жылы шығын көлемі 4,4 триллион теңгеге бағаланды. Оның 236 миллиард теңгесі немесе 5,5 пайызы қайтарылды; 2025 жылы шығын көлемі 135 миллиард теңгені құраған, яғни айтарлықтай азайған. Оның 20 миллиард теңгесі немесе 15 пайызға жуығы қайтарылған. Алдын алу шаралары шын мәнінде тиімді болу үшін цифрлық талдау тәсілдерін барынша дамытқан абзал. Агенттікке тиесілі ақпараттық жүйе ауқымды деректерді талдауға мүмкіндік береді. Сол арқылы бюджет қаржысын үнемдеуге болады. Осы ақпараттық жүйенің аясын кеңейте түсу қажет", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, алдымен әлеуметтік салада қалыптасқан қаржылық жағдайды ретке келтіру керек.
Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау сияқты ұлт болашағына әсер ететін, үнемі халқымыздың назарында болатын маңызды салаларға баса мән берілуге тиіс. Осыған дейін де айтып өттім, жалпы әлеуметтік салада заң бұзушылықтар аз емес. Қаржы операцияларына мониторинг жүргізу кезінде нақты нәтижеге қол жеткізу үшін заманауи тәсілдерді ұтымды пайдалану қажет. Басты мақсат - бәрін жаппай тексеру емес, ел экономикасына қауіп төндіретін сын-қатерлерді дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қабылдау. "Шаш ал десе, бас алып", шектен шығуға болмайды. Қайталап айтамын: Агенттік қызметкерлерінің міндеті - қаржы ұйымдарын жаппай тексеру емес, керісінше экономикаға төнген қауіптің бетін қайтарып, тойтарыс беру үшін уақтылы шара қабылдау. Бұл ретте цифрлық жұмыс тәсілдері ауадай қажет. Бірақ жасанды интеллектіге ғана емес, өз ақыл-ойларыңызға да сенген артық етпейді. Адамдар ЖИ-ге арқа сүйей бастағанын, тіпті баяндамаларын да өздері жазбай, оны Grok пен ChatGPT-ге тапсыратынын байқаймын. Яғни адамдар дұрыс оқуды, тиісті білім алуды емес, интеллектіні түрлі нұсқада қалай пайдалануды үйренуде. Мұның салдары ауыр болады. Қаржылық барлау қызметкерлерінен нағыз жауапкершілік пен жасампаздық тұрғысынан қарайтын отаншылдықты талап етемін. Мұндай қасиетке ие адамдар жемқорлықтан, ашкөздіктен, сауатсыздықтан ада болуға тиіс. Сауатсыз, әсіресе ашкөз, көрсеқызар, жемқорлыққа бейім адам ешқашан патриот бола алмайды. Әрине, ол өзін патриот санауы, алаулатып, жалаулатып сөйлеуі мүмкін. Алайда ол патриот емес және оны бәрі біледі. Сондықтан бұл арада отаншылдықты дұрыс түсіне білгеніміз абзал. Мен бұл жөнінде Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында айттым. Қазіргі уақытта жаңа Конституцияның мазмұнын қарап жатырмыз. Біз осы өзгерістер аясында патриотизм туралы ұғымды нақтылап, жауапкершілікке әрі жасампаздыққа құрылған отаншылдықты айқындай аламыз деп ойлаймын. Нағыз патриот барлық жерде, ол Қаржылық мониторинг агенттігі немесе мемлекеттік меншіктегі кәсіпорын болсын, жеке кәсіпкерлік нысаны, университет, мектеп болсын, адал еңбек етуге тиіс. Әркім өз жұмысын жақсы атқарса, оны патриот деп санаймыз. Жалпы, тексеру шаралары мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне қатысты жұмысқа кесірін тигізбеуі керек. Бюджет қаражатын уақтылы игеруге де кедергі келтірмеуі қажет. Ақпараттық, коммерциялық қауіпсіздікті және жеке деректерді қорғау мәселесін назарда ұстаған жөн", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Агенттіктің кәсіпкерлермен жұмыс тәсілін қайта қарауға шақырды.
Бизнестің дамуын тежейтін кедергілерді жою керек. Бұл бағытта біраз жылдан бері жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Бірақ "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасынан, жекелеген бизнес өкілдерінен әлі де арыз-шағым түсіп жатыр. Барлық құқық қорғау органы бизнеске заңсыз кедергі келтіру мемлекет мүддесіне қарсы ауыр қылмыспен парапар екенін түсінуге тиіс. Бұл, ең алдымен, Қаржылық мониторинг агенттігіне қатысты. Маған аймақтарда қара басының қамы үшін заңды бизнесті тоқтату тәжірибесі әлі де бар деген шағымдар келіп түсіп жатыр. Ескертемін: егер әлгіндей мәліметтер расталса, заңға сәйкес жауапқа тартып, келтірілген шығынды өндіріп алу үшін қатаң шаралар қабылданады. Былтыр Агенттік тергеу жүргізген қылмыстық істердің 40 пайызы, яғни мыңнан астамы негізсіз деп тоқтатылған. Мысалы, 2025 жылы Агенттік 2710 іс қозғаған, оның 1061-інде күдіктілер ақталып, іс тоқтатылған. Бұл жай ғана көрсеткіш емес. Осындай істердің салдарынан кәсіпкерлер шығынға ұшырайды, олардың іскерлік беделіне нұқсан келеді, еңбек ұжымдарының берекесі қашады. Мұның бәрі бизнестің дамуын тежейді, елдегі инвестициялық ахуалға зардабын тигізеді. Сондықтан кәсіпкерлермен қарым-қатынас орнату тәсілдерін қайта қараған жөн. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, ақылға қонымды тепе-теңдікті сақтай білу қажет. Кәсіпкер қаржы заңнамасын бұзған жағдайда оның шаруашылық қызметін бірден тоқтатып тастауға болмайды. Шектеу шараларын құқық бұзушылықтың деңгейіне сәйкес ерекше жағдайларда ғана қолдану керек. Кәсіпкерлер де заң талаптарын қатаң сақтауға міндетті. Мемлекеттің оң көзқарасы мен қорғауын пайдаланып, салықтан жалтаруға, алаяқтық схемалар жасауға болмайды. Алаяқтыққа мүлдем жол бермейміз", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев көлеңкелі экономикамен күресті жандандыру мәселесіне назар аударды.
Жаңа салық саясаты күшіне енгелі бері нақты айналымды жасыру үшін қолма-қол төлем көлемінің артқаны туралы мәліметтер келіп түсті. Бөлшек саудамен айналысатын саудагерлер тауардың ақысын қолма-қол ақшамен немесе аударым арқылы төлегеніне қарай салық сомасын шегеріп, екі түрлі баға айта бастады. Бұған, әрине, көз жұма қарауға болмайды. Өйткені мұндай әрекеттер мемлекеттің салықты әкімшілендіру тетіктерін жетілдіру бағытындағы еңбегін зая кетіреді. Кірісті жылыстату және капиталды астыртын криптоперациялар арқылы заңсыз шығару проблемаға айналды. Бүгінге дейін 62 миллиард теңгеден астам қаржы айналымы бар 130 заңсыз криптоалмасу қызметі жойылды. Осы істердің аясында 2,6 миллиард теңгенің мүлкіне тыйым салынды. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде ақшаны криптоға айырбастау жарнамасы тыйылмай тұр. Демек, мәселе түбегейлі шешімін таппаған. Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, еліміз сыртқа шығарылған капиталдың көлемі жағынан "көш бастап тұрған мемлекеттердің" бірі. Ал осындай қылмыс үшін сотталғандар жоққа тән. Капиталдың заңсыз сыртқа кетуі экономикалық қауіпсіздігімізге тікелей қатер төндіреді. Агенттік аталған мәселелер бойынша нақты ұсыныс енгізсін", - деді Президент.
Мемлекет басшысы қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың жаңа тәсілдерін ойластыру қажет екенін айтты.
Агенттік қаржы пирамидаларымен белсенді күрес жүргізіп жатыр. Тек былтырдың өзінде 140-тан астам қылмыстық іс тергеліп, жарты миллионнан аса адамның қаржысын тартпақшы болған 15 мың сайт пен 123 чат жабылды. Алайда қабылданып жатқан шаралар да, түсіндіру жұмыстары да жағдайды түбегейлі өзгерте алмай тұр. Әйтсе де оң үрдіс бар. Неге? Өйткені алаяқтар пирамиданы түрлі қаржы құралдары сияқты ұсынады. Ал азаматтар олардың арбауына түсіп, бар тапқан-таянғанынан айырылып қалып жатыр. Сондықтан қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың тиімді шараларын әзірлеп, проблеманың түп тамырын анықтаған жөн. Өз әрекетінің заңсыз екенін біле тұра, адамдарды түрлі алаяқтық схемаларға тартатын пирамида қатысушыларына құқықтық жауапкершілік енгізу мәселесін қарастыру қажет. Мұндай алаяқтарды немесе қымсынбай қылмысқа баратын жандарды түрмеге қамап, қылмыстық жазаға тарту керек. Егер Қаржылық мониторинг агенттігі, Үкімет осындай түзетулерді ұсынса, мен қолдаймын. Мәселені қарастырыңыздар. Осы тектес батыл шешімдер қабылдамасақ, ахуалдың оңала қоюы екіталай. "Баяғы жартас - сол жартас" күйінде қала береді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент есірткі бизнесімен күресті күшейтуді талап етті.
Өкінішке қарай, қазір есірткі саудасынан түскен табысты тексеру жұмысының тиімділігі төмен. Қылмыскерлердің заңсыз жолмен тапқан жеке мүлкімен қатар, басқа адамдардың атына рәсімдеген мүлкі де мемлекетке қайтарылуға тиіс. Қысқасы, қылмыстық жолмен иемденген мүліктің бәрін тәркілеу мәселесін мұқият пысықтаған жөн. Заңды тұлғалардың күмәнді табыстарды заңдастыруына қатысты жазаны күшейту керек. Бұл қадам халықаралық стандарттарға толық сай келеді", - деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы сөз соңында Агенттік алдында көптеген күрделі әрі маңызды міндет тұрғанын атап өтті.
Сіздерге жүктелетін жауапкершілік - өте жоғары. Агенттік Бас прокуратурамен, Ұлттық қауіпсіздік қызметімен, Ішкі істер министрлігі секілді басқа да құқық қорғау органдарымен үйлесімді әрекет етуі керек. Олар да Қаржылық мониторинг агенттігіне қолдау көрсетуге тиіс. Құзыреттік міндеттердің қайталануы, жөн-жосықсыз бәсеке, бақталастық мемлекет мүддесіне зардабын тигізеді. Әлемде стратегиялық белгісіздік белең алған қазіргідей жағдайда бұл өте қауіпті. Ұлттық мүддемізге зиян келтіруге жол беруге болмайды. Үнемі айтамын: "Тәуелсіздік - бәрінен қымбат". Мұны баршамыз, Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері әрдайым есте ұстауы керек. Әр қызметкер, ең алдымен, адал азамат және мықты маман болуға тиіс. Ар тазалығын сақтау, Отан алдындағы антқа берік болу - парыз. "Заң мен тәртіп" қағидаты - көпшілікке қарата айтылған ұран емес, бұл - әрбір мемлекеттік қызметшінің, әрбір адамның өзінен басталуға тиіс саналы қадам. Біз Әділетті, Қауіпсіз, Күшті, Таза әрі Озық Қазақстанды құрып жатырмыз. Ауқымды өзгерістердің келесі - шешуші кезеңіне қадам бастық. Конституциялық реформаны қолға алдық, бүгінде Комиссия белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Барлық ұсыныс мұқият сарапталады, түзетулердің жобасы әзірленеді. Халық бұл жобамен танысып, референдумда түбегейлі шешім қабылдайды. Осылайша, елімізде жаңа қоғамдық-саяси жүйе қалыптасады. Ел ішіндегі тұрақтылықты сақтауға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған жұмыс тың қарқынмен жалғасады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиында Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов ведомствоның атқарған жұмыстары мен алдағы жоспары жөнінде баяндама жасады.
****
Президент қызметтік борышын үлгілі атқарғаны үшін Қаржылық мониторинг агенттігінің бір топ қызметкерін мемлекеттік наградамен марапаттады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
27.01.2026, 22:18 3431
Үкіметте Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік саласын дамыту мәселелері қаралды
Достарға айту
ҚР Премьер-министрінің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік саласын дамыту мәселелері қаралды. Кеңеске әлеуметтік блокқа жауапты салалық министрліктердің басшылығы, сондай-ақ облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Денсаулық сақтау саласы бойынша аурулардың алдын алу мен оларды ерте анықтау бағыттарын күшейту, оның ішінде скринингтік бағдарламаларды дамыту, сондай-ақ халыққа стоматологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Білім беру саласында мектепке дейінгі және орта білім берудің өзекті мәселелері, педагог кадрларды даярлау, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыттары қаралды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бағыты бойынша әлеуметтік саланың Бірыңғай цифрлық платформасының жұмыс тиімділігіне талдау жасалды.
Ғылым және жоғары білім мәселелері жеке блок ретінде қаралып, атап айтқанда, білім беру тапсырысын қалыптастыру, кадр даярлаудың практикаға бағдарлануы және еңбек нарығының нақты сұранысына сәйкестігі сөз болды.
Сонымен қатар өңірде бұқаралық спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру және туризм саласын дамыту шаралары талқыланды.
Кеңес қорытындысы бойынша Аида Балаева бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
27.01.2026, 19:12 3701
Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі заңнама жетілдірілуде
Достарға айту
ҚР ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Ішкі істер органдары жүйесінде осы жыл "Заң және тәртіп - қауіпсіз балалық шақтың кепілі" тақырыбы аясында өтетіні атап өтілді. Осыған байланысты арнайы ведомстволық жоспар әзірленді. Министрдің сөзінше негізгі назар - балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аударылды.
Осы салада заңнама дамып келеді. Балаларға қатыгездікпен қарағаны үшін жауапкершілік күшейтілді.
Профилактика туралы" жаңа Заң аясында:
- балалардың құқықтарын қорғау бойынша аймақтық өкілетті органдар құрылуда;
- зорлық-зомбылық, буллингке ұшыраған балаларға әлеуметтік және психологиялық көмек, тәлімгерлік, отбасылық кеңес беру қарастырылған.
Сонымен қатар:
- кешенді іс-шаралар;
- оның ішінде жедел-профилактикалық жұмыстар өткізу көзделген.
Өткен жылы түнгі уақытта:
- көшеде қараусыз жүрген 130 мың бала;
- ойын-сауық орындарында 2 600 бала анықталды.
Ата-ана міндеттерін орындамаған 29 мың заңды өкіл жауапқа тартылды. Балалардың жол-көлік жарақатын алдын алу жұмысы күшейтілді. Оларды тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 17 мың жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
Мектептер қасындағы инфрақұрылым тексерілді. Қосымша:
- жаяу жүргінші бағдаршамдары;
- жасанды кедергілер;
- жол белгілері мен ақпараттық паннолар;
- қоршаулар мен жарықтандыру орнатылды.
Жол ережесін бұзуды автоматты тіркейтін - "Ақылды жаяу жүргінші өткелдері" жобасын кеңейтіп жатырмыз. Мектептердің 100% бейнебақылаумен жабдықталған. Олар Жедел басқару орталықтарына қосылған. Қазір қауіпті жағдайларды анықтайтын жасанды интеллектісі бар камераларды енгізуді бастадық. Бұл жұмыс әлемнің озық тәжірибесін ескерумен жалғасатын болады. Жасөспірім қылмысының профилактикасына тоқталдып өтсем. Есепте тұрған 4 800 кәмелетке толмаған және 5 700 ата-ана тұрақты бақылауда. Кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссиялардың рөлі күшейтілді. Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп "қиын" балаларға қатысты тәрбиелік шаралар тізбесі кеңейтілуде", - деді министр.
Сондай-ақ уәкілетті органдармен бірге:
- ерекше бақылауды талап ететін девиантты мінез-құлқы бар балалармен жұмыс жасау;
- тәуелділігі бар тұлғаларды анықтау алгоритмдер жобалары әзірленуде.
Ведомство басшысының сөзінше әр мектепке полиция қызметкерлері бекітілген. Құқықтық түсіндіру дәрістері өткізіледі. Ерлік және "жеке қауіпсіздік" сабақтары ұйымдастырылады. Мектептерде басқа оқушыларға теріс әсер ететін бейресми бұзақылар анықталды. Мұғалімдермен бірлесіп оларға қатысты мақсатты профилактика жүргізілуде.
Жалпы, бұл салада жұмыс атқарылып жатыр. Осы Концепция барлық мүдделі органдардың кешенді жұмысын қамтамасыз етуге және оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Өз тарапынан Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды қабылдайды", - деді ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
27.01.2026, 18:02 3991
Қазақстан балалардың әл-ауқат индексі бойынша топ-30 елдің қатарына енді - Денсаулық сақтау министрлігі
Достарға айту
Балалардың денсаулығы - мемлекет саясатының басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта "Қазақстан балалары" тұжырымдамасының жобасында негізгі екі көрсеткіш белгіленген. Үкімет отырысында жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Оның айтуынша профилактикалық тексерулер мен патронаждар арқылы қамтылатын балалардың үлесін 66%-ға және денсаулық сақтау нысандарының тозу деңгейін кезең-кезеңімен 30%-ға дейін төмендету көзделген.
Осыған сәйкес аталған индикаторларға қол жеткізу үшін министрліктің алдында 30 іс-шараны жүзеге асыру міндеті тұр. Бүгінде Қазақстан балалардың әл-ауқаты индексінің "Денсаулық" бағыты бойынша әлемнің үздік 30 елінің қатарына кіріп отыр. Балалардың денсаулығын қорғау мен өмір сапасын арттыру үшін нақты әрі маңызды шешімдер қабылданды.
Алғаш рет есту қабілеті бұзылған, бірақ мүгедектік мәртебесі жоқ балалар есту аппараттары мен аудиопроцессорлармен қамтамасыз етілуде. Ол бірнеше жылдан бері ата-аналар тарапынан қозғалып келген түйткілді шешімдердің бірі. Дәл осылай алғаш рет бет қаңқасы мен басының туа біткен анатомиялық ақаулары бар балаларға генетикалық скринингтер, реконструктивтік және пластикалық операциялар жүргізу де заңмен бекітілді. Нәтижесінде күрделі диагноздар ерте анықталып, мүгедектіктің алдын алуға жол ашылды. Кератопластика бойынша трансплантациялау тізбесі де кеңейтілді. Балалардың уақытша қозғалысы шектелген кезеңдерде көмекші техникалық құралдарды алуына, кәмелетке толмаған туысқан донордан сүйек кемігін транспланттауға, сондай-ақ ем алу үшін басқа өңірге шыққанда жол жүру шығындарын өтеуге қатысты жаңа заңнамалық нормалар бүгінде Мәжілістің қарауында", - деді министр.
Балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жетілдіру мақсатында 2 жылда 24 стандарты жаңартылды. Алғаш рет сирек кездесетін орфандық аурулар стандарты әзірленіп, балаларға паллиативтік көмек көрсету стандарты бекітілді. Сонымен қатар салмағы аз боп туған нәрестелерді күтуге және балаларға арналған басқа да медициналық бағыттары бойынша қызмет тарифтері 40%-ға дейін артты, алдағы уақытта 19 бейіннің тарифтері қайта қаралады.
Ведомство басшысының сөзінше бұрын тек ересектерге жасалып келген "гамма-пышақ" аппаратындағы радиохирургиялық операциялар енді балаларға да жүргізіле бастады. Ол - күрделі ми ісіктері мен басқа да қауіпті диагноздарды ашық операциясыз, қауіпсіз әрі дәл емдеуге мүмкіндік береді. 400 балаға есту импланттары орнатылып, олар алғаш рет дыбысты естіп, сөйлеу қабілетін дамыту мүмкіндігіне ие болды. Жыл сайын орта есеппен 700 шала туған нәрестеге ретинопатияны түзету жүргізіледі. Сонымен қатар жыл сайын 2 мыңнан астам балаға кардиохирургиялық операциялар жасалып, жүрек ақаулары дер кезінде түзетілуде.
Осылайша, жоғары технологиялық медициналық қызметтердің енгізілуі балалардың өмір сапасын жақсарта отырып, соңғы үш жылда шетелге туыс емес донордан бағаналы жасушаларды трансплантациялауға балаларды жіберу 3 есеге, ал кардиохирургиялық емге жолдау 5,2 есеге қысқарды және де бұл қадамдар балалар арасындағы мүгедектік деңгейін 11%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Осы жылы елімізде протондық, йодтерапия және тамырлы ақауларды емдеу толық қолжетімді болады. 2025 жылы еліміздегі емханалардың 80%-да педиатриялық бөлімшелер ашылып, балаларды ерте кезеңнен бақылау күшейтілді, 336 даму және ерте араласу орталығы құрылып, ауытқуларды дер кезінде анықтау мүмкіндігі артты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 655 МСАК нысаны салынды. Бұл шалғай ауылдардағы балалар мен отбасылар үшін дәріхана пункттеріне, зертханаларға, оңалту және күндізгі стационар қызметтеріне, сондай-ақ телемедицинаға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Балалары бар отбасыларда медициналық әлеуметтік тәуекелдерді анықтау үшін елімізде патронаждың прогрессивті моделі бойынша ЮНИСЕФ-тің техникалық қолдауының арқасында 2,5 мың мейірбике білім алып, патронаждық мейірбикенің жеке штаттық бірлігі бөлінді. GPS-навигация және фотофиксация мүмкіндігі бар патронаждық есеп жүргізу толық цифрландырылды.
Нәтижесінде патронаждық бақылаудың қамтылуы мен сапасы жақсарды, бұл салааралық байланыстың 36%-ға күшеюіне, үйде болатын өлім-жітімнің 22%-ға және балаларды стационарларға кеш жатқызудың 5%-ға төмендеуіне әсер етті. Балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру, өңірлер арасындағы алшақтықты азайту және заманауи технологияларды елдің барлық аймағына бірдей қолжетімді ету мақсатында 15 облыстық балалар ауруханасын реновациялау жалғасуда. Реновация аясында кадрлардың біліктілігін арттыру, материалдық-техникалық базаны күшейту және құзыреттілік орталықтарын ашу көзделген. Сұранысқа ие 302 аса тапшы бейіндік төсек-орындар жаңартылатын болады. Бұл - балаларды ұзақ күттірмей, өз уақытында емдеуге жатқызуға және аурудың асқынуына жол бермеуге бағытталған қадам.
Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлерде бейіндер бойынша төсек-орындарды қайта бөлу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде оңалтуды 10 күннен артық күту мерзімін азайту және бұл көмекті 100% қолжетімді ету күтіледі. Сонымен қатар елімізде заманауи перинаталдық орталықтар желісін дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. Бүгінгі күні Астана қаласында перинаталдық орталықтың құрылысы жүріп жатыр. 2025 жылы Шымкент қаласы мен Түркістан облысында екі перинаталдық орталықтың жобалау жұмыстары аяқталса, 4 өңірде жобалар әзірлену үстінде Ал Қызылорда мен Орал қалаларында жаңа нысандарды салу үшін үлгілік жоба бейімделуде.
Еліміздегі барлық мектептер емханаларға бекітілген, онда 6300-ден астам медициналық пункт жұмыс істейді. Жалпы, медициналық пункттердің жабдықталуы 19%-ға артып, 93%-ды құраса, мейірбикелермен қамтылу 9%-ға жақсарып, 95%-ды құрап отыр. Дегенмен, мектептердің медицина қызметкерлері жазатайым оқиғалар кезінде ғана емес, жүректің кенеттен тоқтауы секілді шұғыл жағдайда да көмек көрсетуге дайын болуы тиіс. Сондықтан мектептерді дефибрилляторлармен қамтамасыз ету өте маңызды. Осы орайда, әкімдерден жарақтандыруға тиісті қаржыландыру қарастыруын сұраймын. 2025 жылы білім беру ұйымдарында оқушылардың жас ерекшеліктері мен физиологиялық қажеттіліктерін ескеретін теңгерімді тамақтануға бағытталған жаңа стандарт қолданысқа енгізілді. Қазіргі уақытта 10-18 жас аралығындағы балаларға аймақтарда 85 жастар денсаулық орталықтары, 97 бастапқы психикалық денсаулық орталығы жұмыс істеп тұр, онда тегін консультациялық көмек ала алады. 2024 жылы Денсаулық сақтау Кодексіне электрондық темекі мен вейп айналымына толық тыйым салу жөніндегі норма енгізілді, сондай-ақ тыйым салуды бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделді. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды, ал осы жылғы 1 қаңтарда оған әкімшілік жауапкершілік енгізілді", - деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Қабылданып жатқан шаралар кешені Қазақстанға жұқпалы емес аурулардан болатын мезгілсіз өлімді 25%-ға қысқартуға қол жеткізіп, ДДҰ-ның Еуропалық өңіріндегі осы мақсатқа жеткен 9 елдің қатарына қосылуға мүмкіндік берді. Бүгінде 3500-ға жуық мектеп қатысатын балалардың денсаулығын нығайту үшін "Саламатты мектеп" жобасы жүзеге асырылуда. Алайда, осы бастамаға өңірлердегі мектептердің аз тартылуы байқалады. 2028 жылға дейін жалғасатын "Болашаққа сау тіспен" жоба аясында былтыр мектептерде 125 стоматологиялық кабинет ашылды. Алдағы 3 жыл ішінде қосымша 862 кабинет ашу жоспарлануда.
А.Әлназарова өңір басшыларына осы мәселені бақылауға алуды атап өттті. Министрлік алғаш рет жүкті және фертильді жастағы әйелдер регистрі негізінде баланың дүниеге келуінен бастап 18 жасқа дейінгі маршрутын үздіксіз қадағалауға мүмкіндік беретін цифрлық профильді енгізді. Бұл баланың денсаулығын өмірінің барлық кезеңінде жүйелі бақылауға жол ашады.
Балабақша мен мектепке бару кезінде пайдаланылатын балалар денсаулығының электрондық паспорты іске қосылды. Былтыр алынған профилактикалық егулер, медициналық шектеулер цифрлық форматқа көшірілді, енді ата-аналар барлық деректерді мобильді қосымша арқылы көре алады. Сонымен қатар "Мектеп медицинасы" жеке модулі пысықталуда. Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауының арқасында ауқымды әрі жүйелі шаралар жүзеге асырылды, бүгінде елімізде балаларға медициналық көмектің барлық түрі қолжетімді. Нәтижесі ретінде соңғы 2 жылда нәресте өлімінің деңгейін 13%-ға, балалар өлімін 5,5%-ға төмендегенін атап айтқым келеді.
Профилактикалық тексерулерді жақсарту және денсаулық сақтау нысандарының тозу деңгейін кезең-кезеңімен төмендету индикаторларына қол жеткізуге бағытталған іс-шаралар уақытылы толық орындалатын болады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
27.01.2026, 16:59 4331
Курорттық аймақтарда 3 әуежай салынып, Алакөлге қосымша пойыздар жіберіледі
Достарға айту
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер шеңберінде туризмді дамыту мәселесі қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Жиында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жазғы туристік маусымға дайындық және саланы дамыту жоспарлары туралы, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев туристік нысандарды көлік инфрақұрылымын дамыту шаралары туралы, Kazakh Tourism компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ғазизов іс-шаралар туризмін дамыту және елімізге шетелдік туристер тарту жоспарлары туралы баяндады. Сондай-ақ Абай, Жетісу, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының әкімдерінің баяндамасы тыңдалды.
Көлік саласы туризмді дамытуда маңызды рөл атқарады. Ол өңірлердегі туристік дестинациялардың қолжетімділігін арттырып, туристердің еркін қозғалуына мүмкіндік береді. Мәселен, Автомобиль жолдары бойынша тоқталсам, бүгінде негізгі туристік аймақтарға көлік қолжетімділігін арттыру үшін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына құрылыс және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Рахман қайнарлары, Бейнеу - Сексеуіл, Сарыағаш қаласын айналып өтетін жол, Орталық - Батыс және Қызылорда - Қарағанды бағыттары қамтылған", - деді көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.
Оның айтуынша автожолдарды жөндеу аясында 5 мың шақырым Жаңаөзен - Кендірлі, Өскемен - Катонқарағай, Көкшетау - Зеренді, Кеген - Қырғызстан шекарасы және Қалқаман - Баянауыл бағыттарындағы учаскелер жаңартылуда.
Жергілікті атқарушы органдар туристік аймақтарға апаратын 24 өңірлік жобаны жүзеге асыруда.
Қазавтожол және облыс әкімдіктері жол бойындағы сервисті дамыту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жергілікті атқарушы органдар жол бойындағы сервис объектілерін ұстауға жұмсалатын шығындарды өтеу тетігін енгізді.
Аталған шаралар туристік нысандарға жету уақытын қысқартып, жол инфрақұрылымының сапасын арттырады.
Теміржол саласында жолаушылар вагондары паркін жүйелі жаңарту жүргізілуде. Мәселен, 2025 жылы 175 жаңа вагон сатып алынса, биыл 191 вагон алу жоспарлануда. Жалпы 2030 жылға дейін шамамен 800 вагон жаңартылады. Бұл вагон паркінің 90%-ына дейін жаңартуға мүмкіндік береді. 2026 жылдың жазғы маусымында халықтың сұранысына сәйкес 13 қосымша бағыт ұйымдастырылып, шамамен 400 мың қосымша орын ұсынылады. Алакөл бағытына ерекше көңіл бөлінді. Бұл бағытта 8 қосымша пойыз болады. Сонымен қатар, туристік дестинацияларда орналасқан. 19 теміржол вокзалдарына жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Авиация саласында ішкі және халықаралық әуе қатынастарын кеңейту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда туристік өңірлерді қамтитын 42 ішкі әуе бағытында рейстер жүзеге асырылуда. 9 ішкі әуе қатынастары жаңартылады. Шетелдік туристерді тарту мақсатында Вена, Рим, Токио, Шанхай және басқа да бағыттарды қамтитын 15 халықаралық маршрутты ашу және қайта жаңғырту жоспарланған. Сонымен қатар, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында Астана және Алматы әуежайларында Q-gate жүйесі енгізілді. Осы бағытта жұмыстар жалғасатын болады", - деді министр.
Авиация саласын дамытудың үш жылдық бағдарламасы аясында өңірлік әуежайларды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл Катон-Қарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы туристік әуежайлардың құрылысы, сондай-ақ Арқалық қаласының әуежайын қалпына келтіру аяқталуда. Осы туристік маусымда Зайсан әуежайы алғашқы рейстерді қабылдайды.
Сонымен қатар, биыл Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту, Ақтау әуежайының перронын жөндеу және Атырау әуежайы терминалын жаңарту басталады.
Туристер үшін қолайлы әрі қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында Министрлік негізгі туристік бағыттарға көлік қолжетімділігін арттыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
27.01.2026, 15:57 22231
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі тағайындалды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Асқарбек Ертаев Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Асқарбек Ертаев Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды.
1977 жылы Ақтөбе қаласында туған. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, "Нұр" Ақтөбе мененджмент, бизнес және құқық институтын бітірген.
Еңбек жолын 1997 жылы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы әкімінің аппаратында маман болып бастаған.
2000-2014 жылдары банк секторында жұмыс істеді.
2014 жылы - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Сауда комитеті бас сарапшысының м.а.
2014-2021 жж. - ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бас сарапшысы, басқарма басшысы, департамент директорының орынбасары, департамент директоры.
2021-2022 жж. - ҚР Президенті Әкімшілігі Қауіпсіздік Кеңесінің Талдау бөлімінде сектор меңгерушісі.
2022-2023 жж. - ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің, ҚР Үкіметі Аппаратының экономикалық бөлімінің меңгерушісі.
2023 жылы - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы болды.
2024 жылы - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
27.01.2026, 14:58 22001
Светлана Жақыпова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымынан босатылды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Светлана Жақыпова Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымынан кетті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
- Мемлекет басшысының Жарлығымен Светлана Қабыкенқызы Жақыпова Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымынан босатылды, - делінген хабарламада.
Светлана Жақыпова 1968 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтын, Алматы экономика және статистика академиясын тәмамдаған.Еңбек жолын 1984 жылы Қарағанды облысы Қарой орта мектебінің мұғалімі болып бастаған.
1991-1995 жылдары Целиноград қаласындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болған.
1997-2008 жылдары "Зейнетақы төлеу жөніндегі орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының аға маманы, бас маманы, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары, директоры лауазымдарында жұмыс істеген.
2008-2011 жылдар аралығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігінің Әлеуметтік қорғау және әлеуметтік сақтандыру департаментінің директоры лауазымында қызмет атқарған.
2011-2013 жылдары "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамының Жобалық офисі бағдарламасын басқарған. 2013-2019 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары болған.
2020-2023 жылдар аралығында БҰҰ Даму бағдарламасының Әлеуметтік даму мәселелері жөніндегі Ұлттық сарапшысы қызметін атқарды.
2020 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қоры бас директорының орынбасары лауазымына тағайындалған.
2023 жылғы маусымнан бастап, қыркүйек айына дейін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл болды.
2023 жылдың 2 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
27.01.2026, 14:51 3246
Үкімет Президент тапсырмасына сәйкес "Қазақстан балалары" бірыңғай тұжырымдамасын бекітті
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында "Қазақстан балалары" тұжырымдамасы қаралды. Онда оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және ішкі істер министрі Ержан Сәденов баяндама жасады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Бүгінде елімізде шамамен 7 млн бала өсіп келеді. Яғни, халықтың үштен бір бөлігінен астамын балалар құрап отыр, нақты айтсақ - 34%.
Еліміздің болашағы отаншыл, жасампаз ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты. Сондықтан да Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда "Қазақстан балалары" бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Балаларға жан-жақты қамқорлық жасау - біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Бұл орайда мемлекет өскелең ұрпақтың өмір сапасын жақсарту үшін кешенді шаралар қабылдап келеді. "Қазақстан балалары" тұжырымдамасында білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, әлеуметтік қамсыздандыру және отбасының әл-ауқаты саласында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі нақты іс-шаралар жоспары қамтылған", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Соңғы жылдары балалардың құқықтарын қорғау бойынша бірқатар шара қабылданғаны атап өтілді.
Заңнамалық база айтарлықтай кеңейтілді. Әсіресе, балаларға қатысты қылмыстық әрекеттер үшін жазаның бұлтартпас қағидаты қатаң сақталады.
Отбасы мәселелері, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бойынша 111 бірыңғай байланыс орталығы іске қосылды. Оған жүгінген жағдайда міндетті түрде көмек көрсетіліп, тексеру шаралары жүргізіледі.
Барлық өңірде бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер жұмыс істейді.
1 ақпаннан бастап барлық білім беру ұйымына "тосыннан тексеру" қағидаты бойынша ерекше бақылау мен қадағалау жүйесі енгізіледі. Бұл балаларды сауықтыру, олардың қауіпсіздігі мен тамақтану мәселелеріне қатысты. Осыған байланысты Премьер-министр Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Мәдениет, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Туризм және Ішкі істер министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 30 қаңтарына дейін ерекше бақылау мен қадағалауға жататын нысандар тізілімін дайындауды тапсырды.
Балалардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыру мақсатында қамқоршылық органдары мамандарының жаңа штаттық нормативі енгізілді - 5 мың балаға кемінде бір маман. Бұл олардың санын бір жылда үш еседен астам арттыруға мүмкіндік берді. Осы мамандар қатарынан әр өңірде бала құқықтарын қорғау басқармалары құрылуда.
Бұл ретте Премьер-министр өңірлердің көпшілігінде бұл іске тиісті көңіл бөлінбей отырғанын, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе облыстарында және елордада ғана нәтижелі жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Қалған өңір әкімдіктеріне екі ай ішінде бала құқықтарын қорғау басқармаларын құру ісін аяқтау тапсырылды.
Өткен жылдың 1 шілдесінен бері қолданыста болған отбасына орналастырудың жаңа нысаны - баланы қабылдайтын кәсіби отбасы енгізілді. Оларды қамтамасыз етуге тиісті қаражат көзделген. Алайда, бірде-бір облыста жұмыс жүргізілмеген. Өңір әкімдіктеріне бұл бағытта жұмысты жандандыру тапсырылды.
Премьер-министр медициналық мамандардың, дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігін, балаларды оңалту мәселелері бойынша түсіп жатқан шағымдар, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы мамандар - дефектолог, логопед, сурдологтер тапшылығын қоса алғанда, балалардың денсаулығын қорғау саласындағы түйткілді мәселелерге тоқталды.
Балалардың, соның ішінде олардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері әлі де өзекті. Көптеген ауыл балалары үйірмелер мен заманауи білім беру технологияларынан тыс қалатыны атап өтілді. Жасөспірімдерге тиісті көңіл бөлінбейді әрі олар өзін дамыту үшін тың мүмкіндіктерден айрылып отыр.
Бұл бағытта жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Ішкі істер министрліктері мен өңір әкімдіктері арасындағы ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажет.
Тұжырымдамада көзделген нысаналы индикаторлар балаларды дамытудың, қолдау мен қорғаудың орнықты жүйесін қалыптастыруы тиіс.
Премьер-министр Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен бірлесіп, Тұжырымдамадағы барлық іс-шаралардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасызз етуді, бала құқықтары жөніндегі уәкілмен тиімді өзара іс-қимылды жолға қоюды, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, "Қазақстан балалары" тұжырымдамасын іске асыру бойынша ақпараттық науқанды ұйымдастыруды тапсырды.
Үкімет дауыс беру қорытындысы бойынша "Қазақстан балалары" бірыңғай тұжырымдамасын бекітті.
Жалпы үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға бекітілді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
28.01.2026, 10:18Мажарстан астанасында Қазақстанның конституциялық реформалары таныстырылды 28.01.2026, 11:21 13271Қазақстан және ExxonMobil - энергетика саласындағы стратегиялық серіктестікті нығайту28.01.2026, 12:23 12591Румынияда Қазақстанның адам құқықтары саласындағы реформалары жоғары бағаланды28.01.2026, 18:29 3821"Орталық Азия - Германия" форматының аға лауазымды тұлғалары одан арғы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады28.01.2026, 11:45 2061Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп мұғалімі Татьяна Белоусованы құттықтады
21.01.2026, 10:52 216281Қазақстанда заңды және жеке тұлғалар үшін мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі егжей-тегжейлі регламенттеледі21.01.2026, 11:19 216236Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнама жетілдірілуде21.01.2026, 09:49 2148412025 жылы қазақстандықтарға 806 млрд теңгеден астам сомада бала тууына және бала күтіміне байланысты жәрдемақылар төленді21.01.2026, 13:03 202601354 мыңнан астам адам жұмысынан айырылуына байланысты МӘСҚ-тен төлем алды21.01.2026, 10:12 136766Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентінің шақыруымен Давос қаласына жұмыс сапарымен барады
21.01.2026, 10:52 216281Қазақстанда заңды және жеке тұлғалар үшін мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі егжей-тегжейлі регламенттеледі21.01.2026, 11:19 216236Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнама жетілдірілуде21.01.2026, 09:49 2148412025 жылы қазақстандықтарға 806 млрд теңгеден астам сомада бала тууына және бала күтіміне байланысты жәрдемақылар төленді20.01.2026, 22:18 212726Шымкенттің полиция бастығы және оның орынбасары қызметінен кетті20.01.2026, 18:14 208286Тоқаев ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға лайық жәдігерлерді атады

