25.04.2023, 13:10 35731

"Қолжетімді интернет" ұлттық жобасын іске асыруға шамамен 560 млрд теңге бөлінеді

"Қолжетімді интернет" ұлттық жобасын іске асыруға шамамен 560 млрд теңге бөлінеді
Сурет: Depositphotos
Соңғы 3 жылда байланыс операторлары бұл салаға тартылған инвестицияларды шамамен 60%-ға дейін төмендетіп жіберген

Астана. 25 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында "Қолжетімді интернет" ұлттық пилоттық жобасын іске асыру жоспарлары қаралды. Премьер-Министр ұлттық жоба қалалар мен ауылдардағы интернеттің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты көптеген мәселелерді шешуге бағытталғанын атап өтті.

Өкінішке орай, бұл салада жүйелі жұмыстарды көре алмай отырмыз. Биылғы жылдың басынан бері Үкіметке байланыс және ақпараттандыру мәселелері бойынша азаматтардан 5 мыңға жуық өтініштер мен шағымдар келіп түсті. Олардың басым бөлігі интернеттің жылдамдығы мен сапасына қатысты. Сонымен қатар елді-мекендерде, тіпті ірі қалалардың өзінде мобильді интернет жоқ немесе сапасы нашар. Мұндай шағымдар, әсіресе Алматы мен Астанада көп", - деді Әлихан Смайылов.


Оның айтуынша, мобильді интернетке қызмет көрсету байланыс операторларының міндеттемелеріне неге кірмейтіні мүлдем түсініксіз. Интернеттің сапасы мен жылдамдығын өлшейтін құралдар жоқ.

Бұл проблемаларды шешу керек. Қазіргі таңда адамдар бірінші кезекте интернеттің сапасына қарайды. Жай ғана желі тартып беретін кезеңнен өттік. Халыққа сапалы байланыс пен жылдам интернет қажет. Олар тарифтердің ақысын толығымен төлеп отыр. Сондықтан, сапалы қызметті талап етуі орынды", - деп атап өтті Премьер-Министр.


Ол соңғы 3 жылда байланыс операторлары бұл салаға тартылған инвестицияларды шамамен 60%-ға дейін төмендетіп жібергенін атап өтті. Операторларға қымбат инфрақұрылымға қаржы салғаннан гөрі, анықталған заң бұзушылықтар үшін айыппұл төлей салған тиімді.

Мұндай жағдайды түбегейлі өзгерту керек. Ұсынылып отырған ұлттық жоба дәл осы мәселелерді шешуге бағытталған. Оның негізгі мақсаты - халық пен кәсіпкерлік субъектілерін ең кемі секундына 100 Мбит болатын Интернетпен қамтамасыз ету. Талшықты-оптикалық байланыс желілерімен 3 мыңға жуық ауыл қамтылуы тиіс. Ал, 2027-ші жылға қарай республикалық маңызы бар қалалардың 75%-ы және облыс орталықтарының 60%-ы 5G технологиясымен қамтамасыз етіледі", - деді Әлихан Смайылов.


Сондай-ақ, деректерді беру деңгейі секундына 4-6 терабитке дейін болатын желілердің транзиттік мүмкіндіктерін ұлғайтуға басымдық беру қажет.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан қуатты деректер орталықтары мен трансшекаралық талшықты-оптикалық магистральдары бар Цифрлық хабқа айналуы тиіс. Ұлттық жобаның осы мақсаттарына бюджеттен 5 жыл ішінде шамамен 560 млрд теңге бөлу жоспарлануда", - деді Премьер-Министр.


Үкімет басшысы байланыс операторлары міндеттемелерінің сақталуын ескере отырып, барлық жерде байланыс сапасы мен Интернет жылдамдығының мониторингін күшейту, сондай-ақ қысқа мерзімде Ұлттық жобаны пысықтап, оны Президент Әкімшілігіне бекітуге ұсыну қажеттігін атап өтті.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны