06.05.2022, 17:15 44911

ОСК-да Конституцияға түзетулер бойынша референдум өткізу тәртібі туралы айтылды

ОСК-да Конституцияға түзетулер бойынша референдум өткізу тәртібі туралы айтылды
Сурет: Depositphotos
НҰР-СҰЛТАН. 6 МАМЫР - Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша республикалық референдум Қазақстанда 5 маусымда өтеді. Орталық сайлау комиссиясының отырысында оны өткізудің тәртібі мен шарттары туралы айтылды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Референдумды әзірлеу мен өткізуді Ортсайлауком, сондай-ақ аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары жүзеге асырады, деп хабарлады ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров.
 
Күнтізбелік жоспарға сәйкес:
 
Аумақтық және учаскелік комиссиялардың құрамы комиссиялардың орналасқан жері мен жұмыс уақыты туралы мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдарында 2022 жылғы 15 мамырдан кешіктірілмей жариялануға тиіс (референдум тағайындалғаннан кейін он күннен кешіктірмей).
 
Референдум учаскелерінің шекаралары туралы хабарлар бұқаралық ақпарат құралдарында – 2022 жылғы 15 мамырдан кешіктірілмей жариялануға тиіс (референдум тағайындалғаннан кейін он күннен кешіктірмей).
 
Үгіт референдум тағайындалғаннан кейін басталып, дауыс берілетін күннің алдындағы күні 00:00 сағатта, яғни 2022 жылғы 4 маусымда сағат 00-00-де аяқталады (референдумның алдындағы күні және референдум өткізілетін күні үгіттеу жүргізуге тыйым салынады).
 
Республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдеріне әрбір учаске бойынша шешімімен учаске құрылған әкім қол қояды және 2022 жылғы 15 мамырдан кешіктірiлмей (дауыс беру басталғанға дейін жиырма күн бұрын) акт бойынша табыс етіледі.
 
Учаскелік референдум комиссиясы дауыс беру уақыты мен орны туралы азаматтарды 2022 жылғы 25 мамырдан кешіктірмей хабардар етеді (дауыс беру күніне кемінде он күн қалғанда).
 
Дауыс беру 5 маусымда сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін өтеді. Дауыс беру қорытындылары Орталық референдум комиссиясының отырысында шығарылады, хаттамамен ресімделеді, оған Орталық референдум комиссиясының төрағасы, төрағаның орынбасары, хатшысы мен мүшелері қол қояды және қаулымен бекітіледі.
 
Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Орталық референдум комиссиясының Төрағасы мен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің шақыруы бойынша дауыс беруді бақылауға қатыса алады. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша Орталық референдум комиссиясының жанында аккредиттеледі. Сыртқы істер министрлігі жанынан Халықаралық бақылау мәселелері жөніндегі Штаб ашылды.
 
Референдумды ұйымдастыру мен өткізу ашық әрі жариялы жүзеге асырылады.
 
Орталық референдум комиссиясының екінші отырысы 6 мамырда сағат 15.00-де өтеді.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны