23.04.2021, 22:08 14686

Президент ҚР Қорғаныс министріне бірқатар тапсырма берді

Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнін мерекелеуге дайындық барысы, 2022 жылы Қазақстан әскерінің 30 жылдығын атап өтуді ұйымдастыру жұмыстары талқыланды.
НҰР-СҰЛТАН. 23 СӘУІР - Қазақстанның Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Президент – Жоғарғы Бас Қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ведомствоның биылғы жылдың бірінші тоқсанында атқарған жұмысының қорытындысы, әскердің жауынгерлік дайындығы мен тәртібі, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Кездесу барысында коронавирус індетіне қарсы күрес жағдайына ерекше көңіл бөлінді. Нұрлан Ермекбаев әскери медицинаның ПТР-зертханалармен қамтылуы жайында айтты. Министрдің сөзінше, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі зертхана іске қосылған, ал Ақтау мен Семейде мобильді кешен жұмыс істеп тұр. Офицерлер мен сарбаздарға вакцина салу жалғасуда. Бүгінде Қарулы Күштер құрамының 20 пайызына екпе егілген", - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

 
Министр Мемлекет басшысына "Алтын жебе" арнайы операциясы және "Қалқан-2021" ведомствоаралық кешенді оқу-жаттығу жиындарының нәтижелері, сондай-ақ, екінші жартыжылдыққа жоспарланған "Отпантау" стратегиялық оқу-жаттығуға дайындық жөнінде есеп берді.
 
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанның халықаралық әскери ынтымақтастық бағыттары, Қарулы Күштерді әскери техникамен жабдықтау, Қарулы Күштердің тұжырымдамасын дамыту жұмыстары туралы айтылды. Сонымен қатар Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнін мерекелеуге дайындық барысы, 2022 жылы Қазақстан әскерінің 30 жылдығын атап өтуді ұйымдастыру жұмыстары талқыланды.
 
Кездесу соңында Жоғарғы Бас Қолбасшы Қорғаныс министріне еліміздің қорғаныс қабілетін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны