20.03.2023, 10:09 89866

Президент Салық кодексіне енгізілген түзетулерге қол қойды

Президент Салық кодексіне енгізілген түзетулерге қол қойды
Сурет: Depositphotos
Түзетулер бөлшек салық бойынша арнайы салық режимін қалпына келтіруді көздейді

Астана. 20 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Салық кодексіне енгізілген түзетулер бөлшек салық бойынша арнайы салық режимін қалпына келтіруді, режимді 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолдануды ұсынуды көздейді.

Естеріңізге сала кетейік, бөлшек салық бойынша арнаулы салық режиміне қатысты: қызмет түрлерін қоғамдық тамақтану саласы ғана емес, Үкімет қаулысымен айқындалатын тізбесімен кеңейту; салық мөлшерлемесін 6%-дан 4%-ға дейін төмендету; мәслихаттарға мөлшерлеменің 50 пайызға, яғни 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендету құқығын беру; заңды тұлғаларға тауарларды өткізуден, жұмыстарды орындаудан және қызметтер көрсетуден түскен кірістер бойынша 8% деңгейінде мөлшерлеме белгілеу ескерілген.

Сонымен қатар, өзгерістер банктер мен МҚҰ-ның стресстік активтеріне әсер етеді.

20.03.2023, 11.20 толықтырылды

 "Атамекен" ҰКП түсіндіргендей, арнайы салық режимін жұмыскерлер саны 200 адамнан аспайтын, ал табысы күнтізбелік жылға 2,1 млрд теңгені (600 мың АЕК) құрайтын кәсіпкерлер қолдана алады. Бөлшек салық жеке тұлғаларға сатылған кезде 4% және заңды тұлғалармен мәмілелер үшін 8% мөлшерлемеде төленетін болады. Бұл ретте мәслихаттарға бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету бойынша құқық берілген, бірақ 50 пайыздан аспайды.

Сондай-ақ, бөлшек салықты қолданатын кәсіпкерлер қызметкерлердің кірісінен бірыңғай төлем төлей алады.

 "Атамекен" ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, бөлшек салықты тұрақта енгізуді енгізуді шағын және орта бизнес өкілдерінің көпшілігі күткен.

Бүгін бізбен бірге мыңдаған кәсіпкер қуанып жатыр деп ойлаймын. Өйткені олар алынған табысқа қарамастан ҚҚС бойынша есепке тұрмайды. Бөлшек салық ҚҚС шегі бойынша проблеманы шешті. ҚҚС шегіне байланысты мыңдаған кәсіпкер 20 мың АЕК-тен аспау үшін "сұр аймаққа" кетуге мәжбүр болды. Енді бөлшек салықты қолдана алатын қызмет түрлерінің тізімін жасау қалды. Ұлттық палата ретінде біз бұл тізімге мүмкіндігінше көп қызмет түрін енгізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз", - деді Райымбек Баталов.


Ұлттық палатада еске салғандай, Қазақстанда бөлшек салық COVID-19 пандемиясы кезінде уақытша қолданысқа енгізілді. Содан кейін микро және шағын бизнесті қолдау мақсатында 114 қызмет түрі бойынша 3% мөлшерлемемен бөлшек салықтың арнайы салық режимі енгізілді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны