08.09.2023, 17:14 50311

ҚР Сыртқы істер министрлігінде ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық мәселелері талқыланды

ЮНЕСКО Кеңсесінің Басшысы білім, ғылым және мәдениет салаларындағы жаңа жобаларды іске асыруға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымының (ЮНЕСКО) Алматы қаласындағы Кластерлік бюросы директорының міндетін атқарушы Амир Пиричпен кездесті, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Қ. Омаров Қазақстан мен ЮНЕСКО ынтымақтастығы соңғы жылдары жаңа деңгейге шыққанын атап өтті. Осы тұрғыда ол Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барудан басталған ЮНЕСКО-ның Бас директоры О. Азуленің ү.ж. маусым айында Астанаға жасаған сапарның қорытындысын қанағаттанушылықпен атап өтті.

Қазақстандық дипломат Мемлекет басшысының "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Қазақстан халқына Жолдауында атап өтілген жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, сондай-ақ креативті индустрияны дамыту бойынша ЮНЕСКО-мен бірлескен жобаларды іске асырудың маңыздылығына назар аударды. Ол цифрлық және инклюзивті ортада педагогтардың біліктілігін арттыру жобаларын әзірлеуге, сондай-ақ су қауіпсіздігі мәселелері бойынша зерттеулер жүргізуге қосқан үлесін атап өтті.

Өз кезегінде А. Пирич ЮНЕСКО-ның Алматы Кластерлік бюросы ұйымының өңірлік көп секторлы кеңсесі ретінде қайта құрылу барысы туралы хабардар етті. Тараптар ЮНЕСКО қамқорлығымен 2-санаттағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының қызметін, сондай-ақ Ташкент маңындағы трансшекаралық су горизонты (GGRETA) жөнінде мәселелерді талқылады.

Қорытындылай келе, ЮНЕСКО Кеңсесінің Басшысы білім, ғылым және мәдениет салаларындағы жаңа жобаларды іске асыруға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны