27.01.2022, 17:38 69196

Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік жүйесін қайта құру туралы тапсырма берді

Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік жүйесін қайта құру туралы тапсырма берді
НҰР-СҰЛТАН. 27 ҚАҢТАР - Осы жылдың қаңтар айының басындағы қайғылы оқиғалардан кейін Қазақстанда ұлттық қауіпсіздіктің бүкіл жүйесі жаңғыртылатын болады. Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында тиісті тапсырмалар берді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY.
 
Президент барлық мемлекеттік органдар өткен оқиғадан сабақ алуға тиіс екенін айтты. Жаңғыртылған ұлттық қауіпсіздік жүйесі сын-қатердің кез келген қиындығына төтеп беруге дайын болуы қажет. 
 

Бұдан былай қылмыстық топтар мен террористер қалаларымызды басып алып, азаматтар мен олардың отбасыларының бейбіт өміріне қол сұғып, мемлекеттілігімізге қауіп төндірмеуі үшін шаралар қабылдауға міндеттіміз. Ұлттық қауіпсіздік жүйесін қайта құру ісінің мақсаты да осы", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Қауіпсіздік Кеңесінің басшысы қауіпсіздікке жауап беретін барлық құрылымның өз жұмыстарын өзгертуі керек екенін атап өтті. Бұл ретте, олардың өзара іс-қимылдары барынша теңгерімді болуға тиіс.
 
Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздіктің барлық бағытын нығайту жөніндегі нақты шараларды кешіктірмей жүзеге асыруға кірісуді тапсырды. 
 
Баспасөз қызметі атап өткендей, Қауіпсіздік Кеңесі отырысының барысында ұлттық қауіпсіздік жүйесін реформалауға бағытталған нақты шешімдер қабылданды.
 
Естеріңізге сала кетейік, қаңтар айының басында Қазақстанда сұйытылған мұнай газы бағасының екі есе өсуіне байланысты жаппай наразылықтар басталды. Көп ұзамай бейбіт наразылықтар тәртіпсіздіктерге, содан кейін ұйымдасқан террористік шабуылға айналды.
 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны