24.02.2022, 17:38 13361

Тоқаев пен Смайылов Украинада болып жатқан оқиғалардың теріс әсерін азайту шараларын талқылады

Тоқаев пен Смайылов Украинада болып жатқан оқиғалардың теріс әсерін азайту шараларын талқылады
Сурет: Ақорда
НҰР-СҰЛТАН. 24 АҚПАН - Кездесу барысында Президентке еліміздің қазіргі әлеуметтік-экономикалық ахуалы жөнінде және Украинадағы оқиғаның кері әсерін төмендету үшін Ұлттық банкпен бірлесіп қабылдаған шаралар туралы баяндалды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысына халықаралық аренадағы соңғы оқиғаларға байланысты экономиканы дамытудың дағдарысқа қарсы жоспарының негізгі қырлары таныстырылды, хабарлайды Ақорда.

Президентке қаңтар оқиғасы салдарынан зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің шығынын өтеуге және қираған мемлекеттік нысандарды қайта қалпына келтіруге қатысты жұмыстар жайында мәлімет берілді.

Әлихан Смайылов кәсіпорындарға апаратын теміржолдарға ие табиғи монополиялар нысандарына белгіленген тарифті төмендету,  өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөнінде айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді субсидиялау жүйесін және кедендік әкімшілендіру ісін жетілдіру мәселелері туралы мәлімет берілді.

Сонымен қатар Премьер-Министр Маңғыстау облысын дамытудың кешенді жоспарының жүзеге асырылуы және 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылауға дайындық жұмыстары жөнінде есеп берді.

Бұған дейін хабарланғандай, президент Үкіметке халықаралық жағдайдың шиеленісуіне байланысты дағдарысқа қарсы жоспар әзірлеуді тапсырған болатын.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны