26.01.2026, 18:14 63061

240 млн теңгеден астам сомаға жасалған кредиттік алаяқтық ісі бойынша үкім шығарылды

Астана қаласының соты тұтынушылық және автонесиелеу саласындағы ауқымды алаяқтық схемасына қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты айыптау үкімін шығарды. Топтың ұйымдастырушысы 9 жылға бас бостандығынан айырылса, қалған қатысушылар 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына сотталды, деп хабарлайды Астана қаласының прокуратурасының баспасөз қызметінен.

Алаяқтар азаматтарға қолданыстағы тұтынушылық несиелерді "есептен шығару" қызметін ұсынған. Оның орнына жәбірленушілерге жаңа кредиттік шарттар, соның ішінде автонесиелер рәсімдеуді ұсынып, ай сайынғы төлемдерді өздері төлейміз деп уәде берген.

Бұл схеманың құрбандары әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар - табысы төмен тұлғалар мен мүмкіндігі шектеулі жандар болған. Қаржылық жағдайы қиын болғандықтан, жәбірленушілер қарыз жүктемесін жеңілдетуге үміттеніп, қаскөйлердің шарттарына келісуге мәжбүр болған.

Алайда берілген уәделер орындалмай, жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын 240 млн теңгеден асты.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды кредиттерді жедел рәсімдеу туралы ұсыныстарға сақтықпен қарауға және үшінші тұлғаларға жеке әрі қаржылық деректерін бермеуге шақырады.

Күмәнді жағдайлар туындаған кезде құқық қорғау органдарына дереу жүгіну қажет.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны