07.09.2021, 22:15 6037

Қазақстанда азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізу платформасы құрылды

Платформа бағаның өсу себептері мен оларды тұрақтандыру жолдарын көруге мүмкіндік беретін математикалық модельдерді құруға мүмкіндік береді.
НҰР-СҰЛТАН. 7 ҚЫРКҮЙЕК - Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын қарау бойынша Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаев азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізу платформасының пилоттық сынақтарға дайындығы туралы хабарлады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Сауда бойынша аналитикалық платформа құрылды. Оны пилоттық режимде іске қосуға дайынбыз. Платформа онлайн режимінде азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізуге және болжамды бағаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал мүдделі мемлекеттік органдардың қолданыстағы базаларымен интеграция жүргізе отырып, платформа бағаның өсу себептері мен оларды тұрақтандыру жолдарын көруге мүмкіндік беретін математикалық модельдерді құруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, сауда саласының жай-күйіне кешенді талдау жүргізу, түпкілікті тұтынушыға дейін бүкіл тізбек бойынша тауарларға баға белгілеу үрдістерін анықтау мүмкін болады", — деді Е. Қазанбаев. 

 
Ол бұл жұмыс Үкіметтің цифрлық кеңсесі аясында жүргізілетінін атап өтті. Осы платформаға әкімдіктердің ахуалдық орталықтары да қосылатын болады, бұл әрбір өңірдегі баға бойынша жағдайды жедел режимде мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
 
Сондай-ақ, Министрлік азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мәселелері бойынша салалық мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл регламентінің жобасын әзірледі, оны ҚР Үкіметінің жақын арадағы отырысында бекіту қажет.
 
Азық-түлік тауарларына мониторинг пен бағалардың неғұрлым сапалы және тиімді жүйесін жүргізу мақсатында Министрліктің мынадай институционалдық күшейтулері ұсынылды: 
 
- шекті бағалар мен сауда үстемелері мөлшерінің сақталуын бақылау; 
 
- машиналық технологияларды қолдану арқылы деректерді жинау және өңдеу; 
 
- тауарлар бойынша болжамдарды қалыптастыру; 
 
- тұрақтандыру қорларына және "айналым схемасына" қаражатты тиімді бөлу бойынша ұсынымдар беру сияқты функцияларын біріктіру қажет.
 

Сауда саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеті – кешенді сауда-логистикалық инфрақұрылым құру арқылы өндірушіден тұтынушыға дейінгі сауда-өткізу тізбегін құру болып табылады", - деп атап өтті вице-министр.

 
Ол Ұлттық тауар өткізу жүйесін құрудың бірінші кезеңі шеңберінде Қазынашылық комитетінде тіркелген, Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты жасалғанын хабарлады.
 

Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. 2022 жылғы қаңтарға дейін 2 көтерме тарату орталығын жаңғыртып тапсыру жоспарланып отыр. Қалған терме тарату орталықтарының құрылысын 2022 жылдың қаңтар айында бастап, тамыз айына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Екінші кезеңде 17 көтерме тарату орталығын салу жоспарлануда. Жеке әріптеспен бірлесіп, маркетингтік талдау жүргізілді, жер учаскелерінің 70%-ы анықталды және оларды бөлу бойынша рәсімдер басталды", - деді спикер.

 
Оның айтуынша, екінші кезең бойынша Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу 2022 жылғы сәуірде, ал пайдалануға тапсыру 2024 жылғы тамызда жоспарлануда.
 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны