11.08.2022, 17:13 15906

Қазақстанда жылқы еті 17%-ға қымбаттады

Шілде айында жылқы етінің орташа бөлшек саудадағы бағасы бір килограмм үшін 2 900 теңгені құрады.
Қазақстанда жылқы еті 17%-ға қымбаттады
НҰР-СҰЛТАН. 11 ТАМЫЗ - 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда тірідей салмақта 125 мың тонна жылқы сойылды немесе союға сатылды, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 6,2%-ке артық.
 
Сойыс салмағы бойынша 64,6 мың тонна жылқы сойылды, деп хабарлады Energyprom.kz.
 
Жылқының басым бөлігі үш өңірде сойылды. Түркістан облысында тірідей салмақта – 14,5 мың тонна және сойыс салмағында – 7,5 мың тонна, Абай облысында сәйкесінше – 13,5 мың және 7,1 мың тонна, Ақтөбе облысында тірідей салмақта – 10,6 мың тонна және сойыс салмағында 5,5 мың тонна.
 
Осы жылдың алты айында жылқы басы өткен жылмен салыстырғанда 10,6%-ке өскен. 1 шілдедегі жағдай бойынша елімізде жалпы 4,1 миллион жылқы болды.
 
Сондай-ақ қырылған жылқы саны жылына 5,2%-ке өсіп, 2,7 мың басқа дейін жетті. Көбіне Ақмола, Қостанай және Маңғыстау облыстарында мал арам өлген.
 
Шілде айында жылқы етінің орташа бөлшек саудадағы бағасы бір килограмм үшін 2 900 теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,5%-ке жоғары.
 

Солтүстік Қазақстан облысында баға қатты қымбаттаған: бір жылда 28,8%-ке өскен. Жылқы еті қымбаттаған өңірлердің үштігіне сондай-ақ Ақтөбе облысы мен Шымкент қаласы да енді. Ең аз жылдық баға өсімі Қызылорда облысында 4,5% деңгейінде тіркелді", - деп жазды Energyprom.

 
Бір килограмм жылқы етінің ең жоғары бағасы (3,3 мың теңге) елордада тіркелсе, Қызылорда тұрғындары ең арзан (2,3 мың теңге) жылқы етін тұтынып отыр.
 
Ақпарат көзі: sputnik.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны