05.03.2021, 16:39 46116

2025 жылға қарай Қазақстан тікелей шетелдік инвестициялар көлемін $30 млрд дейін жеткізуді жоспарлап отыр

Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында, сондай-ақ "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемін 2025 жылы ЖІӨ-нің 30%-ына дейін жеткізу мақсаты қойылған.
Нұр-Сұлтан. 5 наурыз. Kazakhstan Today - Инвестициялық штабтың отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында, сондай-ақ "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемін 2025 жылы ЖІӨ-нің 30%-ына дейін, тікелей шетелдік инвестициялар көлемін $30 млрд-қа дейін жеткізу мақсаты қойылғанын атап өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Осы нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін инвестицияларды таргеттелген және проактивті тарту бойынша жүйелі шаралар іске асырылатын болады. Инвестициялар тарту үшін агроөнеркәсіптік кешен, туризм, инфрақұрылым, машина жасау, фармацевтика, ТМК, мұнай химиясы, IT, білім беру және қосылған құн деңгейі жоғары басқа да салалар басым секторлар болып айқындалды", - деп хабарлады ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.

 
Инвестициялардың нысаналы көлемдерінің көрсеткіштері салалар бойынша, мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктері жылдар бойынша бөле отырып, декомпозицияланды. 
 
Премьер-Министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді 32,4 трлн теңге сомасына 1600-ден астам жобадан тұратын пул құрылғанын айтты.
 

Тікелей шетелдік инвестициялар ағынын қарқындату жөніндегі жаңа тәсілдерді іске асыру шеңберінде ҚР СІМ-нің шетелдік мекемелері үшін үш жылдық Елдік бағдарламалар әзірленіп, қабылданды. Әрбір бағдарлама белгілі бір елдің экономикасының құрылымының ерекшелігін ескере отырып, оның таргеттелетін салалары мен компанияларын көрсетеді", - деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

 
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бес жыл ішінде АӨК саласында жалпы сомасы 4,1 трлн теңгеге 400-ге жуық инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын атап өтті. Бұл 2025 жылға қарай жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 1,3 есе, ал экспортты 2 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді. 
 
Бұл ретте 2023 жылға қарай ішкі нарықты негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша отандық өніммен молықтыру қамтамасыз етілетін болады. 
 
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек биыл өңірге машина жасау, металлургия және ТМК сияқты салаларға кемінде 810 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отырғанын айтты. Жыл соңына дейін 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен 282,2 млрд теңге сомасына 14 жоба аяқталатын болады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны