26.10.2022, 13:25 14366

79 мыңнан астам адам жұмысынан айырылуына байланысты МӘСҚ-тан төлем алды

Биыл 78,2 мың азаматқа төлем алғаш рет тағайындалды.
Астана. 26 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 79,4 мың адамға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем төленді. Биыл 78,2 мың азаматқа төлем алғаш рет тағайындалды, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
 

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем қызметкер жоғалтқан табыстың 40% - на дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады", - деп хабарлады ЕХӘҚМ.

 
Жұмыстан босатылған қызметкерге төлем тағайындау үшін:
 
  • eGov.kz порталында тіркелу;
  • "Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту" бөлімінде "Жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу" қызметін таңдау;
  • онлайн қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және ЭЦҚ-мен қол қою арқылы өтінімді жіберу қажет;
  • бір күн ішінде өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығы (ХЖҚО) бос жұмыс орындарын ұсынады;
  • егер жұмыс табылмаса, 3 күн ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда қосымша ақпарат жинау үшін өтініш берушімен ХЖҚО қызметкері хабарласады).
 
Бұл қызметті онлайн режимде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.
 
Азамат жұмыссыз ретінде тіркелген соң Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-нан төлем тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісім беру үшін ұялы телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.
 
Ведомствода Мемлекет басшысының осы жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘСҚ-тен жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем мөлшері орта есеппен 13%-ға ұлғайтылатынын еске салды. Әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамытудың осы және басқа да шаралары ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында көзделген.
 
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстандағы жалақы бойынша қарыздар 1,2 миллиард теңгеден асады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны