12.05.2021, 22:55 9459

Қазақстанда бірінші тоқсанда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 3%-ға ұлғайды

Бұл өсім негізінен мал шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 3,2%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.
НҰР-СҰЛТАН. 12 МАМЫР - ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР-ның 2021 жылғы қаңтар-сәуірдегі әлеуметтік-экономикалық өсу қорытындысы туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Биыл қаңтар-сәуір айларында жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 3%-ға ұлғайып, 831,2 млрд теңгені құрады. 
 

Бұл өсім негізінен мал шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 3,2%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Мәселен, ет өндіру көлемі тірідей салмақта 5,3%-ға, сүт 3,4%-ға өсті", — деді С. Омаров. 

 
Бұл ретте, 44,8 млрд теңгеге өсімдік шаруашылығы өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 100% құрады. Бұл көлем ауыл шаруашылығы дақылдарын жабық топырақта өсіру есебінен қамтамасыз етілді. 
 
Облыстар бөлінісінде республикалық деңгейден жоғары қарқын 4 облыста: Ақмола (114%), Қарағанды (104,5%), Павлодар (104,1%) және Жамбыл (103,1%) облыстарында байқалды. 
 
Көрсетілген кезеңде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,9%-ға өсіп, 673,6 млрд теңгені құрады. 
 
Бұл ретте, қызылша қантын өндіру көлемінің 28,9%-ға, өңделген күріштің 23,7%-ға, сары майдың 23,3%-ға, жарманың 21,7%-ға, өсімдік майының 15%-ға, ұнның 11,4%-ға, ірімшік пен сүзбенің 9,6%-ға, өңделген сүттің 3,7%-ға артқаны байқалды. 
 
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 66,1%-ға ұлғайып, 163,2 млрд теңгені, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар 37,3%-ға артып, 28,4 млрд теңгені құрады. 
 

Жалпы министрлік жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін барлық қажетті шараларды қабылдауда", — деді ауыл шаруашылығы министрі.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны