23.06.2022, 16:01 16741

ҚР министрлер кабинеті Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасын қабылдады

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.
ҚР министрлер кабинеті Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасын қабылдады
Сурет: primeminister.kz
НҰР-СҰЛТАН. 23 МАУСЫМ - Қазақстан Республикасының министрлер кабинеті Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасын бекітуге дауыс берді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Тұжырымдамада көзделген негізгі нысаналы индикаторлар туралы ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов айтып берді. Құжатта 2026 жылы негізгі капиталға инвестициялар деңгейін ЖІӨ-нің 25,1%-ына дейін жеткізу және тікелей шетелдік инвестициялар көлемін $25,5 млрд-қа дейін ұлғайту көзделген.
 
Үкімет баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мемлекеттік органдарға мынадай тапсырмалар берді:
 
1. Инвестициялық саясат тұжырымдамасындағы іс-шаралардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету.
 
2. Ұлттық экономика және Сыртқы істер министрліктері орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Тұжырымдаманың жаңа нысаналы индикаторларын ыдыратуды жүргізсін.
 
3. Сыртқы істер министрлігіне ай сайын Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының төрағалық етуімен және тоқсан сайын ҚР Премьер-Министрінің төрағалық етуімен инвестициялық штаб отырыстарында инвестициялар тарту және іске асырылып жатқан жобалар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы салалық министрліктер мен әкімдіктерді тыңдау кестесін қалыптастыру тапсырылды.
 
4. Әкімдер индикаторларға қол жеткізу барысын ерекше бақылауда ұстауы және инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде проблемалық мәселелерге жедел ден қоюы қажет.
 
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров Қазақстанның шетелдік инвестициялар ағыны бойынша 46% үлесімен Орталық Азияда бұрынғысынша көш бастап тұрғанын айтты.
 
Жалпы, ол 2021 жылы Қазақстанға негізгі инвесторлар ретінде Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Ресей Федерациясы, Қытай, Бельгия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Түркия және Франция кіргенін нақтылады. 
 
Барлық негізгі салалар бойынша өсім байқалды: тау-кен өнеркәсібі – 18,3%-ға, өңдеу өнеркәсібі – 65,4%-ға, сауда – 46,7%-ға, қаржы және сақтандыру қызметі – 57,2%-ға, құрылыс – 37,8%-ға. 
 
Спикер биыл сәуір айында елімізде іске асырылып жатқан барлық инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы қалыптастырылғанын еске салды. Аталған пул тоқсан сайынғы негізде жаңартылып, министрліктер мен әкімдіктердің сайттарында жарияланды. Бүгінгі таңда пул жалпы көлемі 24,4 трлн теңгені құрайтын 765 жобадан тұрады және 112 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейді. Енгізілетін жобалардың ішінде: араб инвесторларының Нұр-Сұлтан қаласында көпфункционалды кешен салуы, Қарағанды облысында Татнефть компаниясының шиналарын шығаратын зауыт, Ақтөбе облысында 48 МВт жел электр станциясының екінші кезегін салу бойынша ENI/General Electric жобасы, баламалы электр көздері бойынша ШҚО, Алматы, Түркістан, Ақтөбе облыстарындағы 5 жобалар және т.б.
 
Қорытындылай келе, Айдаров тікелей шетелдік инвестициясының үлесі 1%-дан аз болатын агроөнеркәсіп кешеніне, көлік және логистикаға, қызмет көрсету секторына, финтех, жасыл энергетикаға, сирек жер металдарына инвестициялар тартуға назар аудару қажет екенін атап өтті.
 
Бұған дейін хабарланғандай, Тұжырымдама жобасы негізгі үш бағыт бойынша құрылымдалған жүйелі сипаттағы 45 нақты іс-шарадан тұратын іс-қимыл жоспарын қамтиды: 1. Инвестициялық экожүйені одан әрі дамыту; 2. Жеке сектордың инвестициялық белсенділігінің өсуіне жәрдемдесу; 3. Экономиканың инвестициялық әлеуетін ашу. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны