27.01.2023, 12:18 40196

Қазақстанда қант қызылшасын өсіруге субсидиялар ұлғайды

Қазақстанда қант қызылшасын өсіруге субсидиялар ұлғайды
Сурет: Depositphotos
Қант қызылшасын өндіруді субсидиялау нормативі тоннасына 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайтылады

Астана. 27 қаңтар. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстанда АӨК-ті мемлекеттік қолдау тәсілдері қайта қаралды. Арнайы жұмыс тобы 9 отырыс өткізді, олардың қорытындысы бойынша қолданыстағы қағидалардың негізгі контурларын сақтай отырып, субсидиялаудың жаңа жүйесі әзірленді, деп хабарлады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Өсімдік шаруашылығындағы бағыттар мен нормативтер сақталды. Қант қызылшасын өсірудің тартымдылығын арттыру үшін оны өндіруді субсидиялау нормативі тоннасына 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайтылады", - деді ведомствода.


Мал шаруашылығында асыл тұқымды мал басын сатып алу кезінде шошқа шаруашылығын қоспағанда, барлық қолданыстағы субсидиялау нормативтері өзгеріссіз қалады. Шошқаның басы үшін өтеу нормативі құнының 50% құрайды, бірақ бұрын қолданыста болған 140 мың теңгенің орнына бір бас үшін 100 мың теңгеден аспайды.

Селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс саласында жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне байланысты бұқалар мен қошқарларды жалға беруді субсидиялау ғана жойылады.

Тауар-спецификалық субсидиялар өзгеріссіз қалады. Алайда келесілер күшін жояды:

- күркетауық еті мен суда жүзетін құстар субсидиялау, өйткені олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жатпайды;

- меншікті аналық басы жоқ кооперативтерге дистрибьюторлық орталықтар көрсеткен қолдан ұрықтандыру жөніндегі қызметтерді субсидиялау;

- асыл тұқымды мал импорты кезінде екінші деңгейлі банктегі қаржы институтының арнайы шотына субсидиялар аудару.

Жұмыртқа шаруашылығы бойынша норматив бір жұмыртқа үшін 3 теңге болып қалады. Бұл ретте 1-санаттағы жұмыртқаларды сатудың шекті бағалары әкімдіктермен жасалған меморандумдар негізінде белгіленеді.

Бұқашықтар мен тоқтыларды бордақылауға және ет комбинаттарына тапсыру бойынша субсидиялау нормативтері өзгеріссіз қалады. Алайда, малды өздерінің бордақылау алаңдарына көшіретін шаруашылықтар үшін орын ауыстыру нормасы жойылады. Жемшөпті субсидиялау бойынша субсидияларды алудың нормативтері мен критерийлері ғылыми ұйымдардың ұсынымдары негізінде әкімдіктердің қаулысымен бекітіледі", - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.


Терең өңделген өнімдерді өндіру үшін сатып алынған шикізат құнын субсидиялауда глютен және биоэтанол өндіру үшін бидай құнын субсидиялау жойылды, өйткені бұл тауарлардың әлеуметтік маңызы жоқ.

Осы ретте субсидиялар өндірілген тауарлар үшін емес, дайын өнімді өткізу фактісі бойынша төленетін болады, бұл субсидиялаудың ақпараттық жүйесіндегі электрондық шот-фактуралармен расталатын болады. Өзгерістер қаржыландыруды бөлудің барынша ашық, әділ және адал тәртібін қамтамасыз етеді", - деп атап өтті министрлікте.


Инвестициялық субсидиялаудың барлық түрлері мен бағыттары жүйеленген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын субсидиялау облыстық Құрылыс және сәулет басқармаларының қызметкерлерін салынған объектілерді қарау жөніндегі мамандар тобына қосу туралы міндетті талаппен сақталады.

Бұл ретте еріген суларды жинауға арналған жасанды су айдындарын салу үшін вагондардың құнын субсидиялау жойылады, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жоғары деңгейіне және әкімшілендірудің күрделілігіне байланысты "Бәйтерек "ҰБХ" АҚ еншілес және тәуелді компаниялары мен екінші деңгейдегі банктерді қоспағанда, аванстық түрде инвестициялық субсидиялар алу мүмкіндігі алынып тасталады. Жайылымдарды суландыру үшін ұңғымалар мен құдықтар қазу кезінде бұрғылау жөніндегі материалдар мен қызметтердің құны ғана субсидияланатын болады. Бұл ретте жабдықтың құнын субсидиялау жойылады, өйткені оның нарықтық құны өндіруші елге байланысты ондаған есе өзгеріп тұрады. Ал қызмет көрсетушілер арзан жабдықты жеткізу арқылы бюджет қаражатын заңсыз игеріп келген", - деп нақтылады АШМ.


Отандық машина жасауды дамыту үшін Қазақстанда локализациясы жоқ импорттық техниканың құнын субсидиялау нормативі 25% деңгейінде белгіленді, ал локализациясы барлар 15%-ға дейін төмендетілді.

Арнайы тұқым өсіру техникасын субсидиялау нормативтері 80%-ға дейін, қызылша және суару техникасын субсидиялау нормативтері 50%-ға дейін көтеріледі.

Бұдан басқа, субсидия алушылар үшін қарсы міндеттемелер енгізіледі. Өндірілген өнімді өткізу әкімдіктермен нарықтық бағалар бойынша жасалған меморандумдарға сәйкес (3000 АЕК-ке тең немесе одан асатын сомаға субсидия алған АӨК субъектілері үшін) СИМ-нің ақпараттық жүйесі арқылы жүргізілетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда ағымдағы жылы кемінде 18 мың га қант қызылшасы егілетін болады. Өткен жылы елдің азық-түлік нарығында қант тапшылығы және оның бағасының айтарлықтай өсуі байқалды. "Қант" дүрбелеңі басталды, нәтижесінде супермаркеттер қант сатуды бір адамға 5 келіге дейін шектеуге мәжбүр болды. Қазақстанда қант бағасы бір жылда 61%-ға өсті.

Бұған дейін Қазақстанда жемқорлық тәуекелінің жоғары болуына байланысты ауыл шаруашылығына берілетін он шақты субсидия алынып тасталатыны хабарланған болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны