24.05.2024, 20:26 38046

Алғаш рет Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға тестілеу режимінде жүктерді автокөлікпен халықаралық тасымалдау ұйымдастырылды

Алғаш рет Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға тестілеу режимінде жүктерді автокөлікпен халықаралық тасымалдау ұйымдастырылды
Ақтау қаласында Қазақстан-Қытай автотасымалдау жөніндегі бірлескен комиссиясының отырысы өтті. Осылайша ел тарихында тұңғыш рет Құрық және Баку теңіз порттары арқылы Қытай-Қазақстан-Әзірбайжан-Грузия бағыты бойынша жүктерді тестілеу режимінде автокөлікпен транзиттік тасымалдау жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметінен. Қазақстан-Қытай комиссиясының автокөлік жөніндегі отырысын өткізу шеңберінде Үрімші қаласынан шыққан салмағы 80 тоннаны құрайтын алғашқы үш қытайлық жүк көлігі транзиттік маршрут бойынша өтіп, 23 мамыр күні Ақтау қаласындағы "Құрық" портында Қытай-Қазақстан-Әзірбайжан-Грузия бағыты бойынша қозғалысты жалғастыру үшін паромға тиелді. "Өткен жылы қытайлық тараппен жүктерді автокөлікпен тасымалдау бойынша келісімге қол қою өз кезегінде сауда байланыстарын одан әрі дамыту үшін шексіз мүмкіндіктерге жол ашатын өзара тиімді ынтымақтастықтың маңызды қадамы болды. Тарихта тұңғыш рет екі елдің автокөліктері қос тарапқа да тиесілі барлық ірі сауда қаласына тікелей қатынай алады, сондай-ақ белгілі бір өңірлер арқылы транзиттік жол жүруге де мүмкіндік бар. Бүгінгі таңда Қытайдан Батыс елдеріне жүздеген миллион тонна жүк 52 күнге дейінгі аралықта теңіз арқылы, ал жүктің қалған бөлігі теміржол арқылы 22 күнге дейінгі мерзімде жеткізіледі. Ендігі кезекте бұл уақыт аралығын жүкті автокөлікпен тасымалдау арқылы 12 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік бар", - деп атап өтті ҚР Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әлі Алтай. Сонымен қатар екі мемлекеттің көлік саласына жауапты ведомстволары 2024 және 2025 жылдарға арналған рұқсат бланкілерін айырбастау мәселелерін талқылады. Жалпы 2024 жылға 120 мың бірлік рұқсат бланкісі берілген. Келесі жылы осы процесті цифрландыру және рұқсат қағаздарын электрондық бланкілерге көшіру жоспарланып отыр. Осы ретте екі тарап рұқсат бланкілері шектеусіз мөлшерде берілетіні туралы уағдаласты. Айта кетерлігі, өткен жылы жүктерді тасымалдау көлемі 1,5 есе өсіп, 1,8 млн тоннаны құрады. Осы жылдың 1-ші тоқсанында жүктерді тасымалдау көлемі 63 пайызға артып, 450,1 мың тоннаны құрады. Тасымалданатын негізгі жүктердің қатарында қағаз және қағаз целлюлозасынан жасалған бұйымдар, дайын тамақ өнімдері, ағаш және одан жасалған бұйымдар, машиналар, механизмдер мен жабдықтар және басқа да өнімдер.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны