27.08.2022, 11:24 12031

Ауыл шаруашылығы министрлігі қант импортына тәуелділікпен қалай күресетіндерін айтты

Елімізде қант саласының табысты дамуы үшін негізгі алғышарттар бар.
Ауыл шаруашылығы министрлігі қант импортына тәуелділікпен қалай күресетіндерін айтты
НҰР-СҰЛТАН. 27 ТАМЫЗ - Технологиялық жабдықтардың тозуына, зауыттардың несиелерінің көптігіне және айналым қаражатының тапшылығына, көрші елдер қолданатын баға демпингіне байланысты отандық зауыттардың жүктеме қуаттылығының төмендігі сақталуда. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек мәлімдеді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің шағын болуы, импорттық тұқым құнының жоғарлылығы, фермерлердің техникалық жарақтандырылуының төмен деңгейі және сумен қамтамасыз ету жөніндегі проблемаларға байланысты 90-жылдардан бастап қант қызылшасының егіс алқабы 85 мың гектардан 11,6 мың гектарға дейін төмендеді", - деді Тамабек қант саласын дамыту бойынша баяндама жасап.

 
Ауыл шаруашылығы вице-министрінің айтуынша, республика бойынша қантты тұтыну жылына 532 мың тоннаны, оның ішінде отандық шикізат, яғни қант қызылшасы есебінен қамтамасыз ету деңгейі 7%-ды, отандық зауыттардың құрақ қантын өңдеу есебінен 35%-ды, қант импорты есебінен 58%-ды құрайды.
 
Алайда ол елімізде қант саласының табысты дамуы үшін негізгі алғышарттар бар екенін атап өтті: суармалы жерлердің болуы, ішкі нарықтың үлкен сыйымдылығы, қажеттілікті қамтамасыз етуге қабілетті жұмыс істеп тұрған 4 зауыттың жүктеу қуатының толық пайдаланылмауы және жұмыс күшінің болуы.
 
Тамабек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 4 негізгі бөлімнен және 33 іс-шарадан тұратын Қант саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленгенін еске салды. 
 

Кешенді жоспар қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейту арқылы шикізат базасын ұлғайтуды, жаңа суармалы жерлерді іске қосуды, суарудың су үнемдеу технологияларын енгізуді, тұқым шаруашылығын дамытуды, қант қызылшасын қайта өңдеу бойынша зауыттардың қуаттылығын техникалық және технологиялық қайта жарақтандыруды, сондай-ақ жаңа инновациялық зауыт салуды көздейді", — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек.

 
ҚР Салық кодексінің 411-бабына сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін қызылша қантын өндіру кезінде ҚҚС-н 70%-ға дейін төмендету бойынша салық жеңілдіктері көзделген. 
 
Кешенді жоспарда аталған преференцияның қолданылу мерзімін ұзарту жөніндегі іс-шара, сондай-ақ тізбені құрақ қантпен толықтыру да көзделген. Бұдан басқа, қантқа бағалардың ең төменгі деңгейін (БТД) енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну тетігін жетілдіру, оның ішінде, қант қызылшасын қайта өңдеуге тапсыру кезінде субсидиялау нормативтерін және тұқымдар мен будандар бағасының өсуін ескере отырып, тұқым шаруашылығын субсидиялау нормативтерін ұлғайту мәселелері пысықталатын болады.
 

Жалпы шикізат базасын дамытуға арналған инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 495 млрд. теңгені құрайды. Материалдық-техникалық құндылықтарды субсидиялаудың қажетті көлемі 168 млрд теңгені, оның ішінде қант зауыттарының негізгі және айналым қаражатын толықтыруға қажетті субсидиялар көлемі 39,3 млрд теңгені құрайды", - деді вице-министр.

 
Оның айтуынша, кешенді жоспарды іске асыру алдағы 5 жылда отандық шикізаттан өндірілетін қант көлемін 250 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
 

Бұл ретте 2026 жылға қарай 2021 жылмен салыстырғанда импорт үлесі 58%-дан 17%-ға дейін төмендейді, отандық шикізатты қайта өңдеу есебінен қамтамасыз етілу 7%-дан 43%-ға дейін ұлғаяды", - деп сендірді Тамабек.

 
ҚР Премьер-Министрі қантпен қамтамасыз ету бойынша жағдай тұрақталғанын хабарлады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны