20.10.2022, 13:36 21431

Қазақстан дәнді дақылдарын Грецияға экспорттайтын болады

Қазақстан Грецияға дәнді дақылдарды экспорттап, осы елден зәйтүн майын импорттайтын болады.
Қазақстан дәнді дақылдарын Грецияға экспорттайтын болады
Сурет: ҚР АШМ
Астана. 20 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Грецияға дәнді дақылдарды экспорттап, осы елден зәйтүн майын импорттайтын болады. Екі елдің ауыл шаруашылығы министрлері – Ербол Қарашөкеев пен Георгис Георгантас KGIR – 2022 жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел аясында тиісті құжатқа қол қойды, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
 
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы отандық бидайдың тұрақты өнімділігі мен жоғары сапалық сипаттамалары Қазақстанның астық пен ұнды әлемдік жетекші экспорттаушылардың бірі ретінде танылуына ықпал еткенін атап өтті.
 

Сондай-ақ біз ұн және жарма өнеркәсібі өнімдері, ет, өсімдік майлары, қайта өңделген және органикалық өнімдердің басқа да түрлерін жеткізуді пысықтауға дайынбыз. Осы құжатқа қол қою елдеріміздің АӨК саласындағы ынтымақтастығын дамытуға қосымша серпін береді деп сенемін", - деді Ербол Қарашөкеев.

 
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі сонымен қатар грек инвесторларына Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы шикізатын, оның ішінде ет пен сүтті, картопты, қант қызылшасын, майлы дақылдарды, жемістерді және т.б. өңдеу бойынша жобаларды іске асыруды ұсынды.
 
Сонымен қатар, қазақстандық тарап екі елдің министрліктері мен ведомстволарының мамандары мен ғалымдары арасында кадрлар даярлау және АӨК ғылыми қамтамасыз ету, оның ішінде бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу саласындағы өзара іс-қимылды жандандыруға мүдделі.
 
Өз кезегінде грек делегациясы техникалық ақпаратпен, ноу-хаумен және тәжірибемен алмасуды, сондай-ақ екі елде де оқу бағдарламаларын, семинарларды, конференцияларды ұйымдастыруды ұсынды.
 
Айта кетейік, Қазақстан мен Греция арасында сауда көрсеткіштерінің өсуі байқалады. 2022 жылдың 8 айында АӨК өнімінің тауар айналымы 2021 жылмен салыстырғанда 5,5%-ға өсіп, 3,8 млн долларды құрады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны