28.06.2022, 17:18 19176

Қазақстан мен Оңтүстік Корея атом энергетикасы саласында ынтымақтасатын болады

Кездесу барысында "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС мен KHNP арасында атом энергетикасын дамыту саласындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Қазақстан мен Оңтүстік Корея атом энергетикасы саласында ынтымақтасатын болады
Сурет: pixabay.com
СЕУЛ. 28 МАУСЫМ - Бүгін Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов бастаған қазақстандық делегация мен Оңтүстік Кореяның Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрлігінің өкілдері, сондай-ақ ядролық технологияларды жеткізуші – Korea Hydro & Nuclear Power (KHNP) компаниясы арасында кездесу өтті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Энергетика министрлігің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Кездесу барысында "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС мен KHNP арасында атом энергетикасын дамыту саласындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
 

Осы Меморандумға қол қою Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы атом энергиясын дамыту саласындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға ықпал ететін болады", - деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

 
Анықтама үшін:
 
Оңтүстік кореялық KHNP компаниясы Оңтүстік Кореяның 24 АЭС-іне иелік ететін және басқаратын KEPCO еншілес ұйымы болып табылады. АЭС қуаты бойынша KHNP әлемде 3-ші орында және техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеуден бастап, АЭС салу және пайдалануға беруге дейін станция конструкцияларын түрлендіру мен жетілдіру бойынша техникалық көмек көрсетеді.
 
Қазіргі уақытта KHNP Біріккен Араб Әмірліктерінде APR-1400 реакторлары бар Барак АЭС-нің 4 энергия блогын салу бойынша жобаны іске асыруда, оның екеуі 2020-2021 жылдары пайдалануға берілді.
 
Қазақстанда АЭС салу мәселесін осы жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерді. Республика билігі АЭС әлеуетті құрылысы үшін екі географиялық нүктені - Алматы облысындағы Балқаш көлінің жағасында Үлкен кентін және Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласын қарастырды. Нәтижесінде бірінші нұсқаға артықшылық берілді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны