04.05.2022, 17:59 21416

Қазақстанда инвесторлар үшін KAZNEDRA геологиялық жүйесін енгізу жоспарлануда

Еліміздің минералдық-шикізаттық базасын іздеу және толықтыру жұмыстарын үнемі жүргізіп отыру қажет.
Қазақстанда инвесторлар үшін KAZNEDRA геологиялық жүйесін енгізу жоспарлануда
Сурет: oreanda.ru
НҰР-СҰЛТАН. 4 МАМЫР - Үкіметте геология саласын дамыту және геология мен жер қойнауын пайдалану саласында ақпараттық жүйе құру перспективалары қаралды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Премьер-Министр Қазақстан көптеген пайдалы қазбалардың қоры бойынша әлемде жетекші орын алатынын, ал экономиканың өндіруші секторы ЖІӨ-нің шамамен 30%-ын қамтамасыз ететінін атап өтті.
 

Еліміздің минералдық-шикізаттық базасын іздеу және толықтыру жұмыстарын үнемі жүргізіп отыру қажет. Сол үшін де геология бұл мәселеде аса маңызды рөл атқарады. Геологияны дамыту үшін қатты пайдалы қазбаларды іздеуге жеңілдетілген лицензиялау енгізілді. Шағын геологиялық барлау компанияларына тиісті жағдай жасалды", — деді Әлихан Смайылов.

 
Премьер-Министрдің айтуынша, ел аумағын кеңінен зерттеу мен әкімшілік кедергілерді жою өндіріс саласын қарқынды дамытуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы артады. Жалпы елімізде ғылыми-институционалдық база бар. Геология саласын дамыту үшін барлық жағдай жасалып жатыр.
 
Үкімет басшысы геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы инвесторларға геологиялық мәліметтерді қолжетімді ету үшін ақпараттық жүйе құру қажеттігін атап өтті. 
 
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерімен бірлесіп, жыл соңына дейін "KAZNEDRA" платформасын әзірлеу және қолданысқа енгізу бойынша қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.
 
Сонымен қатар, Әлихан Смайыловтың айтуынша, барлау және өндіру құқығын алуға мүмкіндік беретін Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасын уақытылы жаңартып отыру қажет. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Энергетика, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерімен бірлесіп, бір ай мерзімде жер қойнауын пайдалануға болатын республиканың барлық аумағын бағдарламаға қосу тапсырылды.
 

Жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісімшарттарды ұзартуға көп уақыт кетеді, ол рәсімді жеңілдету қажет", — деді Ә. Смайылов. 

 
Үкімет басшысы экологтардың, депутаттар мен қоғамдық ұйымдардың Ақтөбе облысындағы "Көкжиде" бірегей жерасты сулары кен орнының ластануы мәселесін үнемі көтеріп келетінін атап өтті. Осы орайда Энергетика министрлігіне аталған су кен орнының аумағында жер қойнауын пайдалануды шектеу мәселесін қарастыру, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне барлық жерасты сулары бойынша мониторинг жұмыстарын күшейту тапсырылды.
 
Өз кезегінде ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Қазақстанда геология ғылымын дамыту және өңдеу саласын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық геологиялық қызмет құрылғанын хабарлады. "Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу" ұлттық жобасы аясында "Геология саласын дамыту" бағыты көзделген.
 

Қазіргі уақытта алаңдарды геологиялық жете зерттеу, геологиялық-минерагендік және терең геологиялық карталау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспарға сәйкес 2026 жылға қарай Қазақстан жерлерін зерттеу жұмыстары 680 мың шаршы шақырымға ұлғайып, жалпы көрсеткіш 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жетеді", — деп хабарлады С. Брекешев.

 
Бұған дейін қазақстандық кен орындары аукционға шығарылатыны хабарланған болатын.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны