05.10.2021, 19:03 37111

Қазақстанда каналдар мен су қоймаларын салу және жаңғырту 6,4 текше километр суды қосымша жинауды қамтамасыз етеді

9 жаңа су қоймасын салудың жалпы құны 59,4 млрд теңгені құрайды.
НҰР-СҰЛТАН. 5 ҚАЗАН - ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі каналдар мен су қоймаларын салу және реконструкциялау барысы қаралды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

2020 жылы республика бойынша су тарту 24,9 текше км құрады, оның ішінде 15 текше км су ауыл шаруашылығының мұқтаждықтарына жұмсалған. Суды тиімсіз қолдану 3 текше км құрады", - деді Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2030 жылға дейін суармалы жер көлемін 3 млн га дейін жеткізу қажет.
 

Жалпы, су қоймаларын салу және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын қолдану жыл сайын 6,4 текше км көлемінде қосымша су ресурстарын жинауды қамтамасыз етеді. Бұл шаралар "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасында да бар", — деді А. Мамин.

 
Жыл өткен сайын қажеттіліктер арта беретін болады және бұл суды тиімді пайдалануды, ең жаңа технологияларды енгізуді, саланы цифрландыруды талап етеді. Тек автоматтандырылған бөлу мен тасымалдау есебінен судың артық жұмсалуы жыл сайын 1,2 текше км-ге қысқарады.
 

Осы ретте, алдағы бес жылдық кезеңде ұзындығы 2,3 мың км болатын 120 каналды реконструкциялау мен жалпы көлемі 1,7 млрд текше м болатын 9 ірі су қоймасын салу жөнінде шаралар қабылданады. Сонымен қатар, өңірлік деңгейде жайылымдық жерлердегі гидротехникалық құрылыстарды, құдықтарды жаңғырту, жөндеу және оларға қызмет көрсету жүргізіледі", - деді Үкіметтің баспасөз қызметінде.

 
Брекешевтің ақпараты бойынша, толық реконструкциялаудың жалпы құны 205 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде жобалау-сметалық құжаттамаға 6,8 млрд теңге қажет. Сондай-ақ 34 млрд теңге мөлшерінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы бюджеттен тыс қаражат тарту жоспарлануда.
 
Ол, сондай-ақ, алдын ала есептеулерге сәйкес, 9 жаңа су қоймасын салудың жалпы құны 59,4 млрд теңгені құрайтынын айтты. Оның ішінде 11,3 млрд теңге 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджеттен қолдау тапты. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау үшін қосымша 700 млн теңге, сонымен қатар құрылыс-монтаждау жұмыстарына 2025 жылға дейін 47,4 млрд теңге қажет.
 

Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде көрші елдерге су тәуелділігін төмендетуге әкеледі: Қырғызстаннан 30%-ға дейін, Өзбекстаннан 25%-ға дейін және Ресейден 15%-ға дейін", - деп атап өтті Экология министрлігінің басшысы.

 
Бекешевтің пікірі бойынша, қосымша жалпы су жинау 6,4 текше км құрайды. Бұл болжамды су тұтынуды ескере отырып, 2025 жылға қарай 27,9 текше км су ресурстарының тапшылығын жабуға және экономика салалары үшін қолда бар су ресурстарын 31,3 текше км дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
 
Үкімет басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне бір ай мерзімде 9 су қоймасы мен 120 каналды салу мен реконструкциялаудың, сондай-ақ оларды цифрландырудың Жол картасын әзірлеуді тапсырды. 
 
Ауыл шаруашылығы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктеріне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша 2025 жылға дейінгі өңірлік жол карталарын бір ай мерзімде әзірлеу, сондай-ақ, жайылымдардағы гидротехникалық құрылыстарды, құдықтарды және скважиналарды жаңғырту бойынша шараларды қабылдау тапсырылды. 
 
Ауыл шаруашылығы министрлігіне Алматы, Түркістан және Қызылорда облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, суды көп қажет ететін дақылдар – күріш пен мақтаның егістік жерлерін кезең-кезеңімен азайту мәселесін пысықтау тапсырылды.
 
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР ЭГТРМ Қазақстанның 6 облысында жалпы көлемі 1,7 млрд текше метр болатын су қоймаларын салуды жоспарлап отыр: Ақмола - 1, Алматы - 1, Жамбыл - 3, Батыс Қазақстан - 2, Қызылорда - 1, Түркістан - 1.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны