11.03.2021, 16:49 22178

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша жол картасы әзірленді

Құжат монополияға қарсы және сауда шараларын қабылдауды, өндірісті ұлғайтуды және кәсіпорындарды қолдауды, сондай-ақ бірқатар заңнамалық өзгерістерді көздейді.
Нұр-Сұлтан. 11 наурыз. Kazakhstan Today - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының тұрақтылығын қатаң бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

2020 жылы Үкімет пен әкімдіктер азық-түлік өндіруді, сақтауды және барлық өңірлерге жеткізуді қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін қабылдады. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың шекті бағасы белгіленді, "қайтарымды схема" арқылы бағаны өсірмеу бойынша міндеттеме алған сауда желілеріне жеңілдікті қарыз беру тәжірибесі кеңейтілді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді. Қабылданған шаралар әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуін тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Алайда, биылғы қаңтардан бастап бағаның 2,6%-ға өсуі байқалады. Осыған байланысты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша жол картасы әзірленді. Құжат монополияға қарсы және сауда шараларын қабылдауды, өндірісті ұлғайтуды және кәсіпорындарды қолдауды, сондай-ақ бірқатар заңнамалық өзгерістерді көздейді. Үкімет басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша жол картасын іске асыруға кірісуді тапсырды", - деп хабарлады Премьер-Министрінің баспасөз қызметінде.

 
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне әрбір тауар позициясы бойынша баға белгілеу тізбегін егжей-тегжейлі зерделеу және нарықтың жосықсыз ірі қатысушылары арасында сөз байласуға жол бермеу үшін уақытылы монополияға қарсы шаралар қабылдау, сауда және ауыл шаруашылығы министрліктерімен, әкімдіктермен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің барлық түрлері бойынша бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге қатаң бақылау орнату тапсырылды. 
 
Сауда және интеграция министрлігіне азық-түлік бағасының өсуіне әсер ететін тауарлар мен шикізаттың экспорты мен импортына қатысты сауда шаралары бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды. Бұл ретте Ұлттық тауар өткізу жүйесін құруды, оның ішінде көтерме-тарату орталықтарын құруды, сондай-ақ сауда процестерін цифрландыруды жеделдету қажет. 
 
Ауыл шаруашылығы министрлігіне ішкі нарықты орта мерзімді перспективада азық-түлік тауарларымен толықтыру жөніндегі кешенді жоспар қабылдауды қамтамасыз ету, әкімдіктермен бірлесіп, оффтейк-келісімшарттар мен форвардтық сатып алу аясында "Азық-түлік корпорациясы" ҰК" АҚ азық-түлік тауарларының жекелеген түрлерін сатып алу мәселелерін пысықтау, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерге мемлекеттік қолдау шараларын көрсету, оның ішінде субсидиялауды, өндірушілердің қарсы міндеттемелерін белгілеуді қарастыру тапсырылды. 
 
Премьер-Министр әкімдіктерге Тұрақтандыру қорларының қызметінде форвардтық сатып алу схемасын қолдануды, "қайтарымды схемаға" қаражат бөлуді елеулі түрде ұлғайтуды, импортқа тәуелді тауарлар өндірісін ұлғайту бойынша жобаларды басым түрде іске асыруды, өте қажетті ауыл шаруашылығы дақылдарының (қарақұмық, майлы дақылдар, бақша, жем-азық дақылдары) егіс алқаптарын ұлғайтуды тапсырды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны