12.10.2022, 14:56 20181

Қазақстанның тауарлық газ ресурстары 7 миллиард текше метрден астамға артады

Қазақстанның тауарлық газ ресурстары 7 миллиард текше метрден астамға артады
Астана. 12 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов еліміздің газ саласын кешенді дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.
 
Кеңесте 2030 жылға дейін газбен қамтамасыз ету болжамы, сондай-ақ жаңа газ кен орындарын игеруді ынталандыру және тауарлық газ өндірісін ұлғайту шаралары қаралды.
 

Осылайша, бірқатар реттеушілік және фискалдық артықшылықтарды көздейтін жер қойнауын пайдалануға арналған жақсартылған модельдік келісімшарт енгізілетін болады. Бұл газ саласындағы қолданыстағы және перспективалы жобаларды іске асыруды жандандыруға, сондай-ақ тауарлық газдың ресурстық базасын кемінде 7,7 млрд м3 ұлғайтуға мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.

 
Сонымен қатар Үкімет газ сатып алудың ынталандырушы бағаларын қолдану мәселесін пысықтауда, бұл оны өндіру көлемін 1 млрд-тан 3 млрд м3 дейін қосымша арттыруды қамтамасыз етеді.
 
Премьер-Министр Энергетика министрлігі мен "QazaqGaz" ҰК" АҚ-ның елдің ресурстық базасын дамыту жөніндегі тәсілдерін мақұлдап, осы бағыттағы кешенді жұмысты күшейтуді тапсырды.
 
Сондай-ақ елдің солтүстік және шығыс аймақтарын газдандыру мәселелері талқыланды. Әлихан Смайылов ықтимал техникалық нұсқаларды егжей-тегжейлі пысықтауды және тиісті жол картасын дайындауды тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, Ranking.kz агенттігінің мәліметінше, Қазақстан табиғи газды пайдалану және тұтыну бойынша топ-50 елдің қатарына кіреді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны